Қоғам

Әлемдегі ең жас 9 саясаткер

Кеше ғана 25 жастағы алматылық Мәди Ахметов Мәжілістің ең жас депутаты боп тағайындалды. Басқа елдерде мұндай тәжірибелер де жеткілікті екен. Ендеше әлемдегі ең жас саясаткерлермен танысып қойыңыз.

Себастьян Курц, 33 жаста (Австрия)

Себастьян Курц – Австрия үкіметі тарихындағы ең жас канцлер және алғашқы басшылығы кезінде әлемдегі ең жас үкімет басшысы болды. 2020 жылы 7 қаңтардан бастап осы уақытқа дейін екінші рет әлемдегі ең жас канцлер боп есептеледі.

Мари Блэк, 25 жаста (Ұлыбритания)

2015 жылы небәрі 20 жасында Мари Блэк Қауымдар палатасының ең жас мүшесі болды. Бойжеткен 2014 жылы Шотландия ұлттық партиясына қосылып, Шотландияның тәуелсіздігі туралы референдумды дайындауға қатысты.

Джордон Стил-Джон, 26 жаста (Австралия)

Ол 2017 жылы сайланған Австралия парламентінің ең жас мүшесі. Саясаткер мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау ісімен белсенді айналысады және тіпті осы үшін 2019 жылдың наурыз айында марапатталған болатын.

Лука Сантолини, 35 жаста (Сан-Марино)

Лука Сантолини 27 жасында Сан-Марино Бас Кеңесінің мүшесі болды. 2018 жылдың қазан айынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Мирко Томассонимен бірге капитан-регент лауазымын бөлісті.

Александрия Окасио-Кортес, 30 жаста (АҚШ)

Ол АҚШ Конгресіне сайланған ең жас әйел. Александрия Демократиялық партияның сол қанатына кіреді және Американың Демократиялық Социалистері ұйымының белсендісі боп табылады.

Луиджи Ди Майо, 33 жаста (Италия)

Кәсіпкер және саясаткер Ди Майо 2018 жылдың маусым айынан бастап Италияның Экономикалық даму, еңбек және әлеуметтік саясат министрі, Италия премьер-министрінің орынбасары (2018—2019), Сыртқы істер министрі (2019) қызметтерін атқарған, «Бес жұлдыз қозғалысы» мүшелігінде болған.

Тайфани Дегуа, 28 жаста (Франция)

Тайфани – Францияның қазіргі президенті Эммануэль Макрон құрған «Алға, Республика!» әлеуметтік-либералды саяси партиясының мүшесі. 2017 жылдың маусым айында ол Францияның Ұлттық Ассамблеясына мүшелікке қабылданды.

Сайед Саддик, 28 жаста (Малайзия)

2018 жылдың мамырында Сайед Малайзия парламентіне кіріп, шілде айында Жастар ісі және спорт министрі боп тағайындалды.

Эбба Германсон, 24 жаста (Швеция)

2018 жылдан бері Эбба Швеция үкіметінің ең жас мүшесі боп саналады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button