Қоғам

7-20-25 бағдарламасы қашан жабылады?

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасына деген сұраныстың артуына байланысты жоспарлаған уақытынан ерте аяқталуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылдың соңына дейін бітеді деген болжам бар. Бұл жайлы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты.

Ұлттық банк қазір екі ипотекалық бағдарламаның операторы болып отыр. Оның бірі – «7-20-25» болса, екіншісі – «Баспана Хит».

«7-20-25 бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге бөлінген. Алғашқы жылы бұл бағдарламамен 3 289 азамат ипотека алса, 2019 жылы – 8 723 адам, 2020 жылы – 10 207 адам ипотека алған. Осы жылдың 5 айының өзінде 5 656 адам займ алып үлгерді. Осы күнге дейін 333 млрд теңгесі игерілді», – дейді  Берік Шолпанқұлов.

Ал «Баспана Хит» бағдарламасына 600 млрд теңге бөлінген екен. Оның 520 млрд теңгесі игеріліп болды.

«Бірақ бұл бағдарламаның бір артықшылығы бар. Бұрын займ алғандардың есебінен бағдарлама қайта қаржыландырылуы мүмкін. Сондықтан сома 675 млрд теңгеге жетеді деген жорамал бар. Соның есебінен Баспана Хит осы жылдың соңына дейін жалғасуы мүмкін», – дейді бас банкирдің орынбасары.

Оның айтуынша, елде үй алуға арналған басқа да қолжетімді бағдарламалар бар. Мәселен, баспана кезегінде тұрған азаматтарға үй беру үшін ашылған «Нұрлы жер», аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы», әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған «Шаңырақ» бағдарламалары бар. Бұдан бөлек, «Әскери баспана», «Ұмай», «Жас отбасы» сынды бағдарламалар да барын айта кету керек.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button