Қоғам

Альфа-ұрпақ: миллениалдар тәрбиелейтін балалар қандай болады?

1991 жылы америкалық ғалымдар Нейл Хоув пен Уильям Штраус ұрпақтар теориясын жасады. Осы теорияға сәйкес, әр 15-25 жыл сайын құндылықтар жүйесі мен қоғамдағы мінез-құлқы ұқсамайтын ұрпақтар өсіп-жетіледі. Егер сіз 1980 жылдан кейін өмірге келген болсаңыз, сіз Миллениал ұрпаққа жатасыз. Сіз еркіндікті сүйесіз, өз-өзіңізді дамытуға күш саласыз, өзіңіз ләззат алатын жұмысты істеп, жақсы ақша тапқанды ұнатасыз және интернетте көп уақыт өткізіп, достарыңызбен әлеуметтік желілер арқылы сөйлескенді жақсы көресіз.

Бойыңызда мұндай қасиеттердің болуы – сіздің урбанизация дәуірінде дүниеге келіп, жоғары технологиялардың дамуы мен шексіз мүмкіндіктердің ашылуы кезеңінде өскеніңізбен байланысты. Ата-анаңыз сіздің замандастарыңызға қарап «әлемді төңкеретін ұрпақ» пайда болды деп ойлағаны белгілі. Бірақ әлем минут сайын өзгеруде. Енді сіз де өз балаңызды «әлемді төңкеретін ұрпақтан» деп ұғынасыз.

Альфа-ұрпақ деген кімдер? Неге олар сізге ұқсамайды?

Альфа-ұрпақ деп 2010 жылдан бері қарай дүниеге келген балаларды айтады. Неге дәл осы уақытта ұрпақ ауысты десеңіз, бұл уақыт – қазіргі балалардың ғаламдық цифрлануына әсер еткен IPad пен Instagram-ның  пайда болған уақыты.

Альфа-ұрпақ – әлі зерттелмей жатқан ұрпақ. Сондықтан педагогтарда «Балаларды немен қызықтыруға болады?», «Назарын қалай аудартуға болады?» деген сынды көптеген сұрақтар пайда болады. Ескі әдіс-тәсілдер бұл балаларға әсер етпейді.

Сонымен, альфа-балаларды қалай түсінуге болады?

Альфа-ұрпақ алдыңғы ұрпақтан несімен ерекше?

Болашақты жасаушылар, адамзаттың құтқарушысы, ұлы ақыл-ойдың иесі, дипломат – зерттеушілер қазіргі заманның балаларын осылай сипаттайды. Не үшін?

Альфа-ұрпақ гаджет пен интернетсіз өмірді елестете алмайды.

Ғалымдар оларды футуролог деп атайды. Қолына гаджет ұстап өмірге келгендер әлемді цифрлы технология арқылы таниды. Олар жаялықта жатып-ақ кезінде біз білген ақпараттан он есе көп ақпарат қабылдайды.

Олар үшін уақыт пен кеңістікте шекара жоқ.

Интернет арқылы басқа елде тұратын туыстарымен дәл қазіргі уақытта сөйлесе алады. Гуглдың іздеу батырмасы арқылы кез келген сұрағына дәл сол сәтте жауап таба алады.

Туған еліне ғана байланып қалмайды, барлық нәсілдерді тең қабылдайды.

Қазір біз көп саяхаттаймыз. Балаларымызды да бірге ертіп жүреміз. Олар мектеп жасында жүріп те кем дегенде 5 мемлекетке барып көреді. Сондықтан, олар жер бетінде түрлі-түсті халықтар өмір сүреді деген фактіні жеңіл қабылдайды.

Оларға туғаннан бастап жасампаздық рухы тән.

Альфалар экологиялық дағдарыс пен жаһандық климаттың өзгеруі дәуірінде дүниеге келуде. Сондықтан генетикалық тұрғыдан олар жойылу емес, жаратылыс сезімін тудырады. Олар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экономиканы қайта құру және адамзатты құтқару үшін жауапкершілік алады.

Олар өздерінің миссиясын біледі.

Альфалар өздерінің бұл әлемге не үшін келгенін және не қалайтындарын жақсы біледі. Сол үшін сіз оларға өз құндылықтарыңыз бен пікірлеріңізді таңып қоя алмайсыз.

Зорлық-зомбылық пен қысымға төзе алмайды.

Альфа-балалар үшін таңдау еркіндігі және өз пікірін құрметтеу өте маңызды. Сондықтан оларға қысым көрсету, мәжбүрлеу арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайсыз.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Альфа-балалардың негізгі ерекшеліктерін атап өтейік:

Жарқын, шығармашылыққа бейім, шешім қабылдай алатын, қалыптасқан тұлға;

Оларда сыни ойлау қабілеті жақсы дамыған. Олар білім алғанды жақсы көреді, бірақ соған қызығу керек;

Табанды, мақсаты айқын, еркіндіксүйгіш;

Ойларын ашық айтады, диалогқа ашық.

Балаңыз сізден несімен ерекшеленетінін түсінген шығарсыз. Енді мұндай бірегей балаларды потенциалын бұзбай қалай тәрбиелеу керектігін айтайық.

Альфа ұрпағының балаларын қалай тәрбиелейміз?

Сіз бұған дейін де баланы ұруға болмайтынын бірнеше рет естіген шығарсыз. Бірақ арасында оқтау жеп өскен сіздің замандастарыңыз үшін бұл нәрсе ақылға сыймайтындай көрінетіні анық. «Бір рет таяқ жейді, жылайды да, қояды» деп ойлайтынымыз тағы бар.

Бірақ сіздің балаңыз басқа заманның баласы. Оны ата-анаңыз сізді тәрбиелегендей тәрбиелей алмайсыз.

Альфа-баланы тәрбиелеу кезінде ұстануға тиіс негізгі 3 принцип:

Ынтымақтастық және теңдік

Күнделікті кез-келген жағдайды алыңыз. Мәселен, сіз балаңызға «қолыңды жу» деп айтасыз. Бала орнынан қозғалмайды. Сіз тағы да бірнеше рет қолын жууын талап етесіз, тіпті дауысыңызды қаттырақ шығаруыңыз да мүмкін. Бала неге тыңдамайды? Өйткені, сіз не үшін қол жуу керектігін түсіндірмейсіз. «Даладан келгенде қолды жуу керек. Өйткені қолыңа түрлі микробтар жұғып қалады да, одан ауырып қалуың мүмкін. Сенің ауырғың келе ме?» – осылай түсіндірсеңіз, ол да үлкен кісі секілді өзіне жауапкершілік алады. Ауырғысы келмейтінін түсінеді.

Адалдық, шынайылық

Екінші принципті ұстану да соншалықты қиын емес. Жай ғана шынайы болыңыз. Альфа-баланы алдап-сулаймын деген ойдан бас тартқан жөн. Өйткені олар фальшті бірден сезеді. Екінші рет сеніміне кіруіңіз қиын болуы мүмкін.

Көп әңгімелесу

Баламен тең дәрежеде сөйлесіңіз. Олардың ойдан шығарған әңгімесін, сөзшеңдігін қабылдай біліңіз. Альфа-балалармен үнемі сөйлескенде олар әлемді және өздерін жақсырақ тани бастайды әрі өмірден не қалайтындарын ерте түсінеді.

Балаңыздан «Өскенде кім боласың?» деп сұрамаңыз. Зерттеушілердің болжамынша, 10 жылдан кейін қазіргі заманауи мамандықтардың 70% жоғалады. Олардың орнына жаңа мамандықтар пайда болады, бірақ дәл қандай мамандықтар екені әлі белгісіз.

Альфа-балалардың болашағында жоғары білім дипломы да өз құндылығын жояды. Онлайн режимде алатын білім мен дағдылар ең басты орынға шығады.

Сондықтан балаңызға «Сен кім болғың келсе де, мен сені қолдаймын және бұл сенің қолыңнан келеді. Сені дәл осы қалпыңда жақсы көрем және болашақта қандай адам боп қалыптассаң да жақсы көретін боламын» деген сөздерді жиі айтыңыз. Бұл сөздердің бала үшін қаншалықты ұлы күшке ие екенін түсіндірудің қажеті жоқ шығар.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button