Қоғам

«Алматы жастарынан» кейін үй бағасы 30%-ға өсті, 2021 жылы тағы 30%-ға қымбаттауы мүмкін

Қыркүйектің 1-і мен 15-і аралығында «Алматы жастарының» үшінші кезеңіне өтініштер қабылданды. Үшінші қабылдау кезеңі бойынша 1 908 адамнан өтініш түскен. Нақты қанша адам тізімге енетіні әзірге белгісіз. 

Жеңілдетілген ипотека берілген сайын үйдің бағасы шарықтап өсіп кете береді. Неліктен бұлай? Бұл тұрғындарды одан сайын тығырыққа тіреп жатқан жоқ па?

Жылжымайтын мүлік нарығымен жұмыс істейтін мекемелер бұл өсімді мойындай ма? Үй бағасы өскен сайын риэлторлық компаниялардың қызмет ақысы да жоғарылаған жоқ па? 

Қалтай Байқожаев:

«Etagi Almaty» жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері:

«Тек қана «Алматы жастары» емес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен қандай бағдарлама шығады, сол кезде бірден үйдің бағасы қымбаттайды. Мәселен, биылғы 2020 жылдың ақпан-наурыз айларында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Әскери баспана»бағдарламасын іске қосты. Сол кезде де үй бағасы қымбаттады. 

«Әскери баспана» бағдарламасына қатысатын әрбір үміткерге несиеге өтініш беру үшін 2 ай уақыт берілді. Бюджеттен бөлінген 60 миллиард теңгенің өзіне тиесілі бөлігін алу үшін әскерилер бір уақытта жаппай өтініш бергендіктен, үй бағасы 10%-ға қымбаттады. 

Одан кейін наурыздың басынан мамырдың ортасына дейін «Алматы жастары» бағдарламасының бірінші кезеңі іске қосылды. Бүгінге дейін бағдарламаның үш кезеңі өтті. Осы аралықта үйдің бағасы қайтадан өсіп кетті. Мысалы, Алатау ауданындағы Зерделі, Саялы шағын аудандарында бір бөлмелі пәтердің бағасы 10-11 млн теңге болатын. Қазір 13 млн теңгеден кем емес. «Алматы жастары» үй бағасын 20%-ға өсіріп жіберді». 

Еске сала кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасына 35 жасқа дейінгі кез келген алматылық тұрғын қатысып, пәтер сатып алу үшін жеңілдетілген несие алу құқығына ие болған еді. 

«Алматы жастарының» бірінші кезеңі 2 наурыз бен 16 мамыр аралығында өтті. Бірінші қабылдау кезеңінде 3 220 адамнан өтініш түскен. Соның ішінде 1 153 адам жолдама алған.

Ал, екінші қабылдау кезеңі 22 маусым мен 6 шілде аралығында өтіп, 5 471 адам өтініш қалдырған. Жолдама алғандарың саны 589 адам.

«Карантин кезінде үй бағасы төмендеді»

Қалтай Байқожаев:

«Etagi Almaty» жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері:

«Тағы бір айтатын нәрсе, карантиннің алдында доллар бағамының жоғарылауы да үйдің қымбаттауына себеп болған еді. Ал, пандемия жағдайына байланысты енгізілген карантин кезінде жылжымайтын мүлік саласында жұмыс тоқтап қалды. Адамдардың үй алатындай жағдайы болмады. Сол кезде бір айдай бағаның төмендеуі байқалды. «Алматы жастары» басталған кезде баға қайтадан көтеріліп кетті. 

Біз бағаны үнемі бақылап отырамыз. Соңғы бір аптада үй бағасы тағы да көтеріле бастады. Бұл «Алматы жастарының» үшінші кезеңі жарияланғанына байланысты. Үй бағасы жыл басынан бері 20%-ға көтерілсе, қазір тағы 10%-ға жоғарылады». 

Жылжымайтын мүлік мамандарының қызметақысы өсті ме?

Қалтай Байқожаев:

«Etagi Almaty» жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері:

«Жылжымайтын мүлік мамандарының қызметақысы «Алматы жастарына» байланысты өсті деу жаңсақ пікір. Біз тек қана ипотекамен жұмыс жасамаймыз. Үйді өз ақшаларына сатып алатын клиенттерге де қызмет көрсетеміз. 

Қала берді, Халық банктің, Сбербанктің, Центркредит банктің баспанаға байланысты бағдарламалары бар. Біз солармен де жұмыс жасаймыз. 

Әрбір компанияның ішкі жарғысы болады. Біздің қызмет бағасының өсуі тек қана ішкі жарғыдағы өзгерістерге байланысты. Риэлторлық қызмет комиссиясының өсуі үй бағасының қымбаттауына байланысты емес». 

2021 жылы үй бағасы тағы қымбаттай ма?

2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымының бір бөлігін ала алады. Бұл туралы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мәлімдеді.

Яғни, салымшылар тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу және жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаларын алуға құқылы. Алдын ала есеп бойынша олардың саны 721 000 адам. Бұл дегеніміз, Зейнетақы қорынан шамамен 1,5 триллион теңге салымшыларға аударылады деген сөз. Долларға шақсақ,  3,5 миллиард доллар көлеміндегі қаржы. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жиналған ақшаның бір бөлігін алуға мүмкіндігі бар азаматтардың 80%-ы тұрғын үй мәселесін шешуге кіріседі деген болжам жасады. 

Енді есептеп көрейік. Егер бір бөлмелі пәтердің құны орташа есеппен 14 миллион болатын болса, 1,4 триллион теңгеге 100 мың тұрғын үй алуға болады екен. Бұл үй бағасының одан сайын қымбаттауына себеп болмай ма? 

Қалтай Байқожаев:

«Etagi Almaty» жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері:

«Зейнетақы қорындағы ақшасын көп адамдар ала алмайтынын да ұмытпауымыз керек. Зейнетақы қорындағы ақшасы «Жеткілікті шекке» жетпейтін адамдар есепшотындағы қаржысын ала алмайды. Мәселен, мен 27 жастамын. Маған 2 млн 267 мың теңгеден артық ақша жиналғанда ғана ала аламын. Менің зейнетақы қорымда көп болса 2 миллион теңгежиналған болса керек. 

Менің жасымдағы көп жастардың зейнетақы қорындағы ақшасы «жектілікті шекке» жетпейді. Дегенмен, сұраныс көбейген сайын үйдің бағасы қымбаттай береді. Демек, 2021 жылдың басында үй бағасы тағы да қымбаттауы әбден мүмкін. 

Одан бөлек жылжымайтын мүлікпен айналысатын компаниялардың есебі бойынша, ешқандай бағдарлама болмаса да үй бағасы жыл сайын 10%-ға өсіп отырады. 2019 жылы үлкен көлемдегі бағдарлама болмады. Бірақ, бәрібір үй бағасы 10-15%-ға өскенін байқаймыз. «Алматы жастары» бағдарламасы 2017-2018 жылдары да  жұмыс жасаған болатын. Бұл сол кездегі бағаның өсуіне әсер етті. 

Ал, биыл жыл басынан бері үйдің бағасы 30%-ға дейін көтерілді. Бұның себептері, біріншіден, доллар бағамының жоғарылауы, екіншіден, «Алматы жастары» бағдарламасының іске қосылуы».

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button