Қоғам

Алматыда азық-түлік бағасы арзан әлеуметтік дүкендер ашылды

Азық-түліктің қымбатшылығын күнде сезініп жүрміз. Осы қымбатшылықтан құтылудың жолы бар ма? Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халықпен онлайн форматтағы есептік кездесуінде қала тұрғындары азық-түлік бағасына қатысты сұрақтар қойды.

Өз кезегінде қала әкімі «Қаланың басты міндеттерінің бірі – шаһардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру» екенін айтты.  Алматыда сұранысы жоғары азық-түлік түрлерінің (қарақұмық жармасы, кеспе түрлері, күнбағыс майы, күріш жармасы, қант, айран, май, сүт, сүзбе, тауық еті, әлеуметтік нан) бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылданғаны туралы да сөз болды.

«Өткен жылы біз бюджеттен 7 млрд теңге бөліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын құрдық. Алматыда сауда нысандарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бекітілген тізбесінің 19 түрінің 18 түрінің құны сараланды. Қазақстан бойынша ең төменгі баға бізде. Егер біз бұл жұмысты жүргізбегенде, баға одан әрі шарықтаған болар еді», – деді әкім.

Ол жұмыртқа бағасына қатысты қойылған сұраққа Алматыда ғана емес жалпы Қазақстанда, тіпті БАҚ мәліметтері бойынша Ресейде де жұмыртқа бағасының өсіп кеткенін айтты. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағалардың маусымдық өсуі, өйткені құс азығы, дәнді және майлы дақылдардың қымбаттаған әрі бірқатар құс фабрикаларында өнім төмендеген.

Алматының 6 ірі азық-түлік базарында әлеуметтік дүкендер ашылды

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніміз – барлық қажетті саналатын отандық өнім түрлеріне халықтың еркін қолжетімділігін қалыптастыру, импортқа тәуелділіктен арылу мен баға тұрақтылығын сақтау деген сөз.

Азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз болғанда, біз көбінесе отандық өнімдер көлемінің халықтың тұтыну сұранысын қанағаттандыруы тұрғысынан қараймыз да, оның шешуші көрсеткіші – халықтың сол өнімдерге экономикалық тұрғыдан қол жеткізу мүмкіндігін, яғни, олардың бағасының халықтың табысына сәйкес болуын ескере бермейміз.

Осыған сәйкес, Алматының 6 ірі азық-түлік базарында әлеуметтік дүкендер ашылды.

Қаланың 6 ірі азық-түлік базарында ашылған бұл әлеуметтік дүкендерде – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері белгіленген бағамен сатылатын болады.

Әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік бағасы нарықтағы орташа деңгейден 20-30% төмен.

Базарлардың мекен-жайлары:

– Көкбазар, Жібек Жолы 53;

– Тастақ, Төлеби, 266;

– Алматы-1, Шолохов көшесі 2ү/1;

– Таусамалы, Таусамалы-1;

– Жаңа Ақбұлақ, Розыбакиев көшесі 33/1;

– Сарыарқа, 4 ықш., 27 б.

Бағалардың өзгеруін қаланың азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі www.almatyazyk.kz веб-сайтынан бақылауға болады.

2021 жылдың 16 ақпанынан 2021 жылдың 2 наурыз аралығына белгіленген бағалар:

1) Картоп – 150 тг;

2) Сәбіз – 145 тг;

3) Пияз – 85 тг;

4) Қырыққабат – 75 тг;

5) Қант – 249 тг;

6) Қарақұмық жармасы – 349 тг;

7) Күнбағыс майы (№1 Майзауыты) – 655 тг;

Күнбағыс майы (Майское) – 573 тг;

8) Күріш жармасы (Лидер, Камолино) – 275 тг;

9) Өлшемді кеспе түрлері – 199 тг;

10) Бірінші сұрыпты бидай ұны (Ақсарай 2 кг) – 409 тг.

«Qadam.asia» өткен жылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты көлемді зерттеу жүргізген болатын.

Ол мақалада қымбатшылықтың орын алу себептері, азық-түлік бағасына мемлекеттік бақылау жүргізу тетіктері, қымбатшылықтан құтылудың жолдары баяндалады.

Оқи отырыңыз:

Азық-түлік бағасы неліктен қымбаттай береді?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button