Қоғам

Аралар жойылса, адамзат 4 жыл ғана өмір сүретінін білдіңіз бе?

«Адам оттегінсіз үш минут, сусыз үш күн, ал араларсыз төрт жыл ғана өмір сүре алады» – деген Альберт Эйнштейннің пайғамбарлық сөзі қалыпты. Бірақ бұл болжамды Эйнштейн жасамағаны жөнінде де көп айтылып келеді. Мәселе онда емес…

Шын мәнінде, аралар Жер бетінен жоғалып кетсе не болмақ?

Қорқынышты сандар…

Эйнштейнге тиесілі деген бұл тұжырымдама алғаш рет 1941 жылы «Canadian Bee Journal» басылымында жарық көрген. Бұдан түйетініміз, аралардың жойылып кетуі адамзат үшін жанартаудың атқылауы, Үлкен адронды коллайдердің жарылуы немесе төбемізге метеориттің құлауы сынды үлкен ғаламдық апат болатынын білдіреді.

Британдық ғалымдар қазіргі кездегі аралар санының азаю тенденциясы дәл осы қарқынмен жалғасатын болса, 2035 жылға қарай жәндіктердің бұл түрі Жер бетінен мүлдем жойылып кетеді, ал 4 жылдан кейін адамзатқа да жойылу қаупі төнеді деген қорытындыға келіпті.

Nature ғылыми журналы 2014 жылдың қысында оңтүстік елдердегі аралар популяциясы 5% -ға, орталық Еуропада 10-15% -ға, ал солтүстікте 20% -ға азайды деп хабарлаған болатын. Одан бері қанша жыл өтсе де, аралардың тағдыры әлі де алаңдатып отыр.

Не себепті жойылып жатыр?

Ғалымдар аралардың азаюына әсер етіп жатқан бірнеше факторларды атап көрсетуде:

  • ғаламдық жылынудың әсерінен үлкен жылдамдықпен көбейіп жатқан экзотикалық паразиттер;
  • ауыл шаруашылығында және тамақ өндірісінде жиі қолданылатын пестицидтер мен басқа да химиялық заттар;
  • генетикалық түрлендірілген дақылдар;
  • климаттың өзгеруі;
  • ормандарды жою, ағаштарды бұтау;
  • ара өсіру практикасында антибиотиктерді қолдану;
  • электромагниттік сәулеленулердің әсері.

Дүниежүзілік араларды қорғау қоры ауыл шаруашылығында зиянкестермен күресу үшін пестицидтер мен улы химикаттардың қарқынды қолданылуын бал араларының өлімінің негізгі себебі ретінде анықтап отыр.  Егіннің өнімді шығуы үшін жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл әлемдегі аралар популяциясына зиян келтіреді екен. Ара тозаңдандыратын алқаптарға шашылған у омартаның өнімділігін төмендетіп қана қоймай, араның жүйке жүйесін де зақымдайды. Қазіргі кезде Еуропаның көптеген дамыған елдері пестицидтердің жекелеген түрлеріне тыйым салған.

Аралардың жойылуы экожүйеге қалай әсер етеді?

Дәл осы аралар өсімдіктердің тозаңдануының 80-90% -ын жүзеге асырады (аралардың бір үйірі тәулігіне екі миллион гүлді тозаңдандыруы мүмкін!). Сонымен бірге, бұл еңбекшіл жәндіктер адамдарға баға жетпес қызмет көрсетіп, ауылшаруашылық өндірісінің өсуіне ықпал етеді.

Егер аралар жойылып кетсе, онда өсімдіктер өз бетінше тозаңдана алмайды да, олардың жаппай солуына, өлуіне әкеп соқтырады. Ешбір өнім жеміс бермейді. Олай болса, өсімдіктерді қорек ететін жануарлар да жойылады. Жыл өткен сайын егін тез құлдырайды, ал саудада астықтың бағасы шарықтайды да, адамзат аштыққа ұшырайды. Осылайша, аралардың жаппай қырылуы бүкіл әлем үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button