Қоғам

Бүкіл әлем қытай тілінде сөйлеуі мүмкін бе?

Қазір халықаралық дәрежеде қытай тілінің ықпалы артып келеді. Алайда, қытай тілі ағылшын тілін алмастыра ала ма? Мұндай жорамал жасауымыздың себебі неде? Бұған қандай факторлар кедергі болуы мүмкін? Жалпы, қытай тілін үйренуді бастау керек пе?

«Qadam.asia» қытай тілі әлемді жаулай ала ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Бір ғана халықаралық тіл болуына деген қажеттілік туындағанына 400 жылдай уақыт болды. XVI-XVII ғасырларда бұл міндетті испан тілі атқарды. Содан кейін, XVIII ғасырдың басында француз тілі әлемдік тіл ретінде сахнаға шықты. Ал ХХ ғасырдың соңынан бастап ағылшын тілі ең ықпалды тілге айналды.

Қазір БАҚ-та аспанасты елінің экономикалық және саяси салмағының артуына байланысты қытай тілі халықаралық қатынас тіліне айналуы мүмкін деген пікірлер көп айтылып жүр.

Жақын арада қытай тілі ағылшын тілін халықаралық деңгейдегі жетекші позициядан ығыстырып, бүкіл әлемді иероглифтерді үйренуге мәжбүрлеуі мүмкін деген де болжамдар жоқ емес. Қытай тілі мұндай ықпалға ие бола ала ма?

Халықаралық тіл дегеніміз не?

Кез келген тіл халықаралық статусқа ие болу үшін белгілі бір сипаттамаларға жауап бере алуы керек.

Мәселен:

  • Көптеген адамдар бұл тілді өздерінің ана тілі деп санаса;
  • Ол тіл ана тілі емес болса да сол тілді еркін меңгеріп, екінші тіл ретінде сөйлейтін адамдардың саны өте көп болса;
  • Бұл тіл көптеген елдерде, бірнеше құрлықта және әртүрлі мәдени ортада үлкен ықпалға ие болған жағдайда;
  • Көптеген елдерде бұл тіл мектепте шет тілі ретінде оқытылса;
  • Бұл тіл ресми тіл ретінде халықаралық ұйымдарда, халықаралық конференцияларда және ірі халықаралық фирмаларда қолданылса.

Қазір аталмыш сипаттамаларға толық жауап бере алатын тіл – ағылшын тілі. Алайда, Қытай экономикасы мен саясатының әлем бойынша ықпалының артуы қытай тілінің осы статусқа ие болуына жағдай жасауда.

Илон Маск қытай тілі халықаралық тілге айналатынын болжап отыр

Қазіргі кезде Қытай әлем экономикасының локомотиві болып табылады. Аспанасты елі соңғы 40 жылдағы экономикалық өсу бойынша әлемдік көшбасшы бола отырып, сатып алу қабілеттілігі бойынша бірінші, номиналды ЖІӨ бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орын алады.

Зерттеушілер алдағы 10-15 жылда Қытай АҚШ-ты артта қалдырып, әлемдегі экономикасы ең озық елге айналады деп болжап отыр. Атақты кәсіпкер Илон Маск та осындай пікір айтады.

Қытай тілінің таралу аумағы негізінен Қытайдың өзін және тек Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияны қамтиды. Бұл қытай тілінің халықаралық статусқа ие болуына басты кедергілердің бірі.

Мысалы, қазіргі уақытта қытай тіліне қарағанда ағылшын тілінде сөйлейтін адам аз. Шамамен 379 миллион. Бірақ ағылшын тілі Канада (француз тілімен қатар), АҚШ, Австралия, Ұлыбритания және Азия, Африка және Океания елдерінің бірқатар бөлігінде ресми тіл болып саналады.

Француз тілі де солай, әлем бойынша 77 миллионға жуық адам французша біледі. Сондай-ақ, бұл тіл 5 континенттегі 29 елде ресми тіл болып табылады.

Қытай тілінің таралуына «хуацяо» – яғни тарихи отанынан тыс өмір сүретін қытайлықтар көп үлес қосуда. Әлемде шамамен 45 миллион хуацяо бар, олар негізінен Америкада, Еуропада және Оңтүстік-Шығыс Азияда тұрады. Бірақ, олардың 20-30 миллиондайы Оңтүстік-Шығыс Азияда өмір сүретінін ескерсек, қытай тілінің әлемді жаулау қаупі аз екенін байқаймыз.

Конфуций институттары – қытай тілін насихаттайтын саяси орталықтар

Жоғарыда қытай тілінің таралым аумағына қатысты мәселені айттық.  Сондықтан, ҚХР-дың Білім министрлігі жанындағы қытай тілін шетелде тарату жөніндегі мемлекеттік канцелярия шетелдік синологиялық орталықтармен бірлесіп Конфуций институттарының ғаламдық желілерін құруда.

Қазір әлемнің 162 елінде 550 Конфуций институты және 1172 Конфуций мектептері мен сыныптары бар. 2018 жылы осы орталықтарға жүгінген студенттер саны 1,87 млн ​​адамды құрады. 2021 жылы Конфуций институттарының санын 1000-на асыру жоспарланып отыр.

Қытай тілін оқитындардың көптігіне қарамастан, Қытайдың өзінде 400 миллионға жуық қытайлықтар ағылшын тілін үйреніп жатқандығына назар аударғанымыз жөн. Бұл ағылшын тілін ана тілім деп санайтын адамдардан да көп .

Қытай тілінің қандай кемшіліктері бар?

Қытай тілінің әлемдік тілге айналуына кедергі болатын тағы бір себеп – оның күрделілігі. Типологиялық классификациясы бойынша қытай оқшауланған тіл болып табылады.

Қызығы, қытай тілі Гиннестің рекордтар кітабына ең қиын тіл ретінде енген.

Иероглифтер – қытай тілін үйренудегі ең қиын фактор. Тіптен, бір иероглифті жаттауға бір күн қажет болуы мүмкін. Ал қытай тілінде бір-бірімен жиі шатастырылатын өте ұқсас иероглифтер көптеп кездеседі.

Тағы бір күрделі жайт, Қытайда бірыңғай қытай тілі жоқ. Бірақ осы күнге дейін қолданыстан шықпаған әртүрлі диалектілер көп. Қазірдің өзінде қытайлықтардың көпшілігі сөйлейтін 10-ға жуық негізгі диалектілер бар.

Осыны ескерген Қытай билігі Пекин диалектісі негізінде құрылған бәріне ортақ ресми тіл қалыптастырған. Ол путунхуа немесе «мандарин» деп аталады. Сингапур мен Тайваньда да мандаринше сөйлейді.

Саяси-экономикалық факторлар қытай тілінің халықаралық тілге айналуы мүмкін екенін болжағанмен, қытайлардың өзі тілдерін модернизациялай алмағанының салдарын көріп отыр.

Ал, сіз қытай тілін үйренуді бастадыңыз ба?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button