«Бұл жұмбақ күйінше қалсын»: 2020 жылдың ең қорқынышты құпиялары
2020 жыл, шынымен де, жұмбақ әрі қорқынышты жыл боп шықты. Әр елдің тұрғындарын былтыр түрлі құпия ашылулар мен жаңалықтар таң қалдырды. Біреулер күтпеген жерден өз үйлерінен құпия бөлмелер тауып алды, ал екіншілері адам сенгісіз коллекциялар жинайтын боп шықты, басқалары жұмбақ сәлемдемелер алып жатқанда, тағы бірі мистикалық монолиттер пайда болғанын айтып елді дүрліктірді. Өткен жылдың таңғажайып құбылыстары туралы Qadam.Asia баяндап береді.
Пандора жәшігі
Былтырғы жылы көктемнің соңын ала АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатында тұратын алты жасар Нокс Брюэр полициялық тергеуге бастамашы болды. Бала YouTube платформасынан магнитті балық аулау туралы видео көрген екен. Содан көлге барады.
Анасы Кэтрин: «Карантинде баламыздың іші пысқан соң, өзін қызықтырған дүниеге рұқсат беруді дұрыс деп шештік. Ол тіпті қандай тастардың магниттік қасиеттері бар – соның бәрін зерттеді», – дейді.
Кенет Брюэрдің магнитіне ауыр бірдеңе жабысады. Өтіп бара жатқан бір кісі жас балықшыға көмектесіп, әлгі ауыр затты жағаға шығарысады. Көл түбінен табылған зат темір сейф болып шыққан. Ішінде зергерлік бұйымдар, дәптер және чек кітапшасы бар екен.
«Біз сейфті аштық. Табылған нәрсені құзырлы органдарға жеткізіп, осы құпияны тергеу керектігін айттық. Ноксқа осындай жағдайда не істеу керектігін көрсетудің керемет мүмкіндігі болды», – дейді әкесі Джонатан.
Брюэрлер жанұясы құпия сейфті полицияға берген. Бұл сейф осыдан сегіз жыл бұрын ұрланған көрші үйде тұратын әйелдің сейфі боп шыққан. «Ол әйел, ең алдымен, Нокстың алдында тізерлеп отырып, құнды дүниесін тауып бергеніне алғыс жаудырды. Баламыз болашақта полиция болғысы келеді. Оған осы жолғы тергеумен айналысу қатты ұнады», – дейді Джонатан.
Нью-Йорк штатына қарасты Барре қаласында тағы бір құпия сейф табылған. Оны 13 тамызда Кирк Матес атты фермер тауып алған. Сейфтің есігінде «Егер аша алсаң, ішіндегінің бәрі сенікі» деген жазба жазылған екен. Құпия сейфті ашқысы келгендер көп болды. Полицияға оларды қуғындауға тура келді. Ал Матес 250 келілік сейфті жасырып қойған. Кейін қалалық музейге экспонат ретінде өткізілуі мүмкін.
«Интуициям бұл құпияны құпия күйінше қалдырған жөн деген белгі беріп тұр. Егер мұны ашсақ, шоу да аяқталады. Қазіргідей вирус пен саясатқа алаңдап отырған халық проблемаларын ұмытып, сейфтің ішіндегі жұмбақты шешуге тырысуда», – дейді Кирк Матес.
Есіксіз бөлмелер
6 шілдеде екі қабатты үйдің иесі шатырда жасырынған құпия бөлме тауып алғанын жеткізді. Анонимді түрде хабарлаған үй иесі мекен-жайын айтпауды жөн санаған. Бірақ осыған дейін үйінде құпия бөлме барын білмегенін мойындады.
Оның айтуынша, құпия бөлме жеке пәтер секілді екен. Ішінде ваннасы, терезесі бар және қабырғасы гүлді түсқағазбен қапталған көрінеді. Алғашында бұл үйдің бірінші қабаты дүкен, ал жоғарғы қабатында дүкен иелері тұрған. Бір жылдары бұл ғимарат шіркеуге де айналған екен.
Қазан айында TikTok қолданушысы бірнеше ай бұрын көшіп келген үйден қорқынышты құпия бөлме тауып алғанын айтады. Ол бір шкафтың артында кеңістік барын байқаған. Әйел мұны бірден видеоға түсіріп, желі қолданушыларының талқылауына салуды жөн көріпті.
Тар бөлме ескі монеталар, ойыншықтар, картиналар секілді ұсақ-түйекке толып қалған екен. Желі қолданушыларын қаттырақ үрейлендіргені – құпия бөлмедегі шашылып жатқан қуыршақтардың көптігі.
Қытайдан келген жұмбақ сәлемдемелер
Жазда АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания тұрғындарын Қытайдан келген жұмбақ сәлемдемелер үрейлендірді. Сәлемдеме қораптарында белгісіз өсімдіктің тұқымдары салыныпты. Бірақ сыртында ойыншықтар, әшекей бұйымдар деп өтірік жазылған.
Бір Флорида штатының өзінде мұндай біртүрлі сәлемдемелер 600-дей адамға келген. Бір америкалық азамат бір аптада 3 рет осындай сәлемдеме алған. Мұндай жағдай АҚШ-тың 12 штатында орын алды. Ұлыбританияда 100-ден аса адамға жіберілген және Жаңа Зеландия мен Португалия тұрғындары да белгісіз өсімдіктің тұқымдарын алған боп шықты.
Осы мәселеге қатысты АҚШ пен Ұлыбритания бірігіп тергеу істерін жүргізу барысында АҚШ ауылшаруашылық министрлігі тұқымдардың орамжапырақ, қыша, жалбыз, лаванда секілді улы емес өсімдіктердің тұқымдары екенін анықтады. Департаменттің өкілі Осама эль-Лиссидің айтуынша, мұндай сәлемдемелерді жіберудің мақсаты – зиянды шабуыл емес, қытайлық интернет-дүкен сатушыларының алаяқтық әрекеті.
Адам сүйектері мен тістерінен коллекция жинау
Қыркүйек айында белгілі британдық хирург Дерек МакМинн туралы қорқынышты шындық ашылды. Ол бұған дейін саясаткерлерді, спортшыларды, басқа да атақты адамдарды емдеп келген танымал хирург болатын. Дерек МакМинн адам сүйектерін жасырын түрде жинап жүрген боп шықты.
Хирургтың жұмыс кеңсесінен және зәулім үйінен 5 мыңнан астам адам сүйегі табылды. Ол бұл коллекциясын 1990 жылдардан бастаған. Бұл идеясын науқастардың келісімінсіз іске асырған. МакМинннің біртүрлі хоббиі туралы әріптестері де білген, тіпті оған көмектескендері де бар.
Аурухана басшылығына сүйектер коллекциясын жинайтынын МакМиннің өзі хабарлапты. Оның айтуынша, зейнетке шыққан соң да осы сүйектер арқылы зерттеулерін жалғастырғысы келеді екен. Хирургтың органдарды сақтауға арналған ресми лицензиясы болмағандықтан, Ұлыбританиядағы адам тіндері туралы заңды бұзды деп күдікке ілініп отыр.
Бұдан да қорқынышты коллекция жинаушы Reddit платформасын қолданатын бір әйелдің күйеуі боп шықты. Ол әйел күйеуге шыққан соң, күйеуінің бір жұмбақ дорбаны үнемі жанында ұстап жүретінін байқаған. Дорбаның ішіндегі дүние қайтыс болған туыстарының тістері боп шыққан. Мұндай тістер салынған дорбалар басқа да отбасы мүшелерінде бар екен.
Әйел өзі келін боп түскен отбасындағы адамдар бір туысы қайтыс болса, соның тістерін өзара бөлісіп алатынын білгенде қатты қорыққан. Бірнеше ұрпақтан бері осындай түсініксіз дәстүрді ұстанып келе жатқан әулеттің мұндай әрекеті кімді де болсын шошытатыны анық. Күйеуі оған «Сенің тістеріңді де осылай сақтаймыз» депті. Әйелі мұндай ритуалға қатысқысы келмейтінін айтқанда, ол «Балаларыңа өзіңнен кейін ешқандай естелік қалдырғың келмей ме?» деп ашуланыпты.
Reddit желісінде бұл оқиға кәдімгідей талқыға түскен болатын.