Бала мен ата-анаға қатысты әр елдің ақылға сыймайтын заңдары
Қазіргі таңда ұсынылып отырған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы халық арасында қызу талқыға салынып жатыр. Біздің менталитетіміз бен әлеуметтік жағдайымызға сай келмейтін «шағым түссе, баласын тартып алу», «әр балаға үйден 15 шаршы метр бөлу», «баланың рұқсатымен ғана сүндеттеу» секілді заңдар онсызда проблемасы көп қазақты одан сайын тығырыққа тірейтін түрі бар. Мұндай заң ақылға сыймаған соң, күлкілі де көрінеді, жылағың да келеді. Qadam.Asia басқа мемлекеттерде жүзеге асып жатқан ата–ана мен балаға қатысты қызықты әрі біртүрлі заңдармен таныстыруға бел буды.
АҚШ
Лос-Анджелесте екі нәрестені бір ваннада жуындыруға тыйым салынған. Мұны АҚШ билігі балалардың көзіне көпіршік түсіп кетуден сақтандыру мақсатында жасап отыр екен.
Ал Калифорнияда баланың көлшіктен секіріп ойнауына анасы кедергі болмау керек. Әйтпесе, жауапкершілікке тартылады.
Небраска штатында тұратын ата-аналарға тіпті қиын. Әсіресе жексенбі күні таңертең шіркеуге барғанда балалары ықылық ататын болса, ата–анасының басы бәлеге қалуы мүмкін.
Батыс Вирджинияда балалардың сабақтан қалуына рұқсат беретін заң бар. Ол жақта сабаққа барғысы келмеген оқушы біздегідей өтірік ауырып, анықтама қағаз сатып алып әуре болмайды. Тек мектепке шығар алдында пияз жесе болғаны. Мұнда аузыңнан пияздың иісі шығып тұрса, мектепке кіргізбейді. Негізінен оқушылардың өздері де пияз жегенді аса ұнатпаса керек, өйткені жергілікті пияздың иісі тым өткір болады екен.
АҚШ-та ересек балаларға қатысты заңдар да бар. Мысалы Уичито қаласында әкесі жасөспірім қызының жігітін мылтықпен қорқытса, жауапқа тартылады. Бірақ Американың басқа штаттарында тұратын әкелерге бұл заң ұнамауы мүмкін.
Еуропа, Канада және оңтүстік жарты шар
Францияда балалардың психикасы қорғалғаны соншалықты, бұл елде адамға ұқсамайтын қуыршақтарды сатуға тыйым салынады. Ата-аналарға дүкендерден құбыжықтардың, өзгеғаламшарлықтардың немесе фольклорлық кейіпкерлердің бейнесі бар қуыршақтарды табу өте қиын. Дәл осындай мақсатта, Англияда 10 жасқа дейінгі балалар жалаңаш манекендерге қарамауы керек.
Швецияны балаларды ата-аналарының ұрып–соғуынан құтқарған алғашқы ел десе де болады. Мұндай заң елде 1979 жылы қабылданған. Бірнеше жылдан соң балаларды физикалық жазалауға тыйым салатын заң 24 мемлекетте қабылданды. Бұл заңның енгізілуі балалар өлімінің төмендеуіне алып келді және балаларға қатысты зорлық-зомбылықты барынша азайтты.
АҚШ-та, керісінше, мектептегі физикалық жаза федералды конституцияны бұзбайды деп санайды. Сондықтан, мұғалімдер тәртіп бұзған баланы жазалаудан қорықпайды. Ал Канадада 2 жастан 12 жасқа дейінгі балаларды белдікпен ұруға болады екен.
Канаданың Саскачеван провинциясында балаларға бауы шешілген аяқ киіммен көшеде жүруге тиым салынған. Бұл шалынып құлап кетуден сақтандырады. Дәл осы себеппен, 2004 жылдан бері Канаданың барлық территориясында енді тәй-тәй басқан балаларға арналған жүрмелі арбаны қолдануға тиым салынған. Мұндай заңды қабылдамас бұрын 12 жыл бойы зерттеу жүргізген, нәтижесі бойынша 1935 бала осындай арбалардан құлап, жарақат алған екен.
Әр елде балалардың қауіпсіздігіне байланысты қабылданатын заңдар әртүрлі әрі ақылға сыймайтын заңдар да көп. Мәселен, Жаңа Зеландияда көлікті оталдырмас бұрын, астына бала тығылып отырмағандығына көз жеткізіп алу міндеттеледі.
Ал Австралияда балаларға темекі шегуге рұқсат етілген көрінеді.