Қоғам

Баспана бағасының қымбаттауына әкелген негізгі себеп

Баспана бағасының қымбаттауына негізгіден екі себеп әсер етуде. Бірі – құрылыс материалдарының қымбаттауы болса, екіншісі – елде өндірілген құрылыс материалдарының шетелге көптеп экспортталуы.

Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, қазақстандағы тұрғын үй бағасының қымбаттауының негізгі себебі – құрылыс материалдарының қымбаттауы.

Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың басынан бері жаңа үйлердің бағасы 5,5 пайызға қымбаттаса, екінші нарықтағы үй бағасы 12 пайызға дейін қымбаттап кеткен. Бірақ қазір баға біршама тұрақтады. Өйткені зейнетақы қорынан шешілген қаржының көбін халық жұмсап үлгерді және тұрғын үй нарығына құйылған зейнетақы қаржысы да таусылды.

Осы зейнетақының арқасында былтырға қарағанда жарты жылдың ішінде сатылған баспананың саны 2,5 есе көбейген. Нақтырақ айтсақ, биыл 175 мың үй сатып алу жөніндегі келісім жасалған.

Ведомства басшысы Серік Жұманғариннің айтуынша, құрылыс салуға кететін шығынның жартысы, яғни, 49 пайызы – құрылыс материалдар екен. Демек, құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй бағасына әсер етеді.

 «Құрылыс материалдарының бағасына үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Сонда байқалғаны арматура бағасының тым шарықтап кеткені. Яғни, екі есе қымбаттаған. Елде өтіндірілген арматураның көп бөлігі шетелге экспортталып жатыр. Ал арматурадан бас тартқан құрылысшылар үйді кірпішпен сала бастады. Ал бұл кірпіштің қымбаттауына әкелді», – деп түсіндірді Жұманғарин.

Жұманғариннің айтуынша, арматураның неге бұлай қымбаттап кеткенін білу үшін әлі тексеріс керек. Өйткені металлқұрылымдарды шығарумен айналысатын отандық Арселор Миттал компаниясы тексерістен қашып отыр.

Өзбекстан мен Қытай

Виктор Микрюковтың айтуынша, елде өндірілген құрылыс материалдары негізінен Өзбекстан мен Қытайға сатылып жатыр. Бұл екі елде құрылыс қарқынды жүруде. Әрі құрылыс материалдарын да қымбаттау бағаға сатып алып жатыр.

«Құрылыс материалдары әсіресе биыл қымбаттап кетті. Өйткені Қытайда құрылыс артты. Арматура, цемент, газоблок, минплитаны жаппай сатып алуда», – дейді Микрюков.

Мәселен, жақында елорданың құрылысшы компанияларына елдегі ең ірі құрылыс материалын шығарушы компаниядан келесі айда бетонның 30 пайызға, темір-бетонның 10 пайызға қымбаттайтынын айтып, ескерту жіберген.

«Ал тұрғын үй қымбаттауына әкелген қосымша себептерге келсек, онды зейнетақы төлемінің нарыққа шығуын айтуға болады. Бірақ ол екінші нарықтағы үйдің қымбаттауына ғана себеп болды», – дейді ол.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button