Қоғам

Баспана Хит пен 7-20-25 жабылды. Қандай бағдарламалар қалды?

Осы жылы мамыр айында танымал қос тұрғын үй бағдарламасының – «Баспана Хит» пен «7-20-25» – жабылатыны белгілі болды. Бұлар нарықтағы ең тиімді бағдарламалар еді.  Мәселен, «Баспана Хиттің» арқасында 55 мың адам пәтер алған. 7-20-25-тің де көлемі осыған жақын.

Баспана нарығы – Қазақстанда қызып тұрған нағыз үлкен нарық. Әлі бірнеше жыл трендтен түсе қоймасы анық. Өйткені әлемде, жалпы Қазақстанда жаппай урбанизация құбылысы етек алып, ауылды жердің тұрғындары қалаға ауып жатыр. Ал Қазақстан халқының 55 пайызы ауыл тұрғындары деп есептесек, мұның әлі талай үлесі қалаға артылып келері анық. Оларға баспанаға керегі айтпаса да түсінікті.

Сонымен, қазіргі таңда елде қандай тұрғын үй бағдарламалары қалды, соларға бір көз жүгіртіп өтейік.

Баспана Хит

Иә, Баспана Хит жабылады дегенімен, әлі жалғасып жатыр. Жылдың соңына дейін созылады деген болжам бар. Бірақ бұл бағдарламамен ипотека беріп жатқан банктердің көбі өтініш қабылдауды тоқтатты. Тек Bank RBK ғана қалды. JusanBank, Forte мен АТФ банктер өтініш қабылдауды тоқтатты ма әлде жоқ па – әзірше белгісіз. АТФБанк пен Jysanbank негізінен осы банк арқылы еңбекақы алатындарға басымдық беріп отыр.

Сондықтан аталмыш банктерге барып, «Баспана Хитке» бөлінген қаржының лимитіне үлгеріп қалуға болады.

Бағдарлама шарты:

– Займ пайызы – 10.75 %-дан басталады (әр банкте әрқалай).

– Бастапқы жарна – 20%

– Несие мерзімі – 15 жыл

– Берілетін сома – басты қалаларда 35 млн теңге, аймақтық қалаларда – 25 млн теңге.

 7-20-25

Бұл да жабылудың алдында тұр. Болжам бойынша 2022 жылдың соңына дейін жалғасуы мүмкін. Тек жаңа салынған (бірінші нарық) үйлерге беріледі.

Шарты

– Азаматтың атында үй болмауы тиіс

– Ресми табысы болуы керек (жетпеген жағдайда қосалқы адам тартуға болады)

– Несие пайызы – 7%

– Бастапқы жарна – 20%

– Несие мерзімі – 25 жылға дейін

– Берілетін сома – Елорда, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қаласының тұрғындарына 25 млн теңге, Қарағандыға – 20 млн, қалған аймақтарға – 15 млн теңге.

– Несие беретін банктер – Bank RBK, Еуразия банк, АТФБанк, Jysanbank, Fortebank, Халық Банк, ЦентрКредит банкі және Сбербанк.

Ұмай

Азаматшаларға арналған бағдарлама. Ипотека шарттары бойынша қарыз алушы кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан азаматшасы болуы керек. Оның отбасылық айлық табысы 320 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Тұрғын үй таңдауда шектеу қойылмайды, ипотеканы жаңа пәтерлерге де, екінші нарықтағы пәтерлерге де, оның ішінде үлестік келісім бойынша да, жөндеу мақсатында да рәсімдеуге болады.

Шарты

Бастапқы жарна – 15-ден 50%-ға дейін

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12% (ЖТСМ – 12,2%-дан), кейіннен 5%-ға дейін төмендеуімен (ЖТСМ 5,2%-дан)

Несие мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін

Берілетін сома – 30 млн теңгеге дейін

Орда

Қазақстан тұрғын үй компаниясы ұсынып отырған бағдарлама. Бірінші және екінші нарықтағы үйлерге алуға болады.

Шарты

– Бастапқы жарна – 30%

– Жылдық мөлшерлемесі – 12.8 %-дан басталады

– Несие мерзімі – 20 жыл

– Берілетін сома – 65 млн теңге

– Несие беретін банктер – Jysanbank, ЦентрКредит банкі және Kassa Nova bank.

Шаңырақ немесе 5-20-20

Бұрынғы «Нұрлы жер» бағдарламасының жалғасы. Әкімдікте үй кезегінде тұрған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға беріледі.

Шарты

– Бастапқы жарна – 10%

– Жылдық пайызы – 5%

– Несие мерзімі – 20 жыл

– Берілетін сома – Алматы мен Елордада 18 млн теңге, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды облысынан 15 млн теңге, басқа аймақтарда – 12 млн теңге

Бақытты отбасы немесе 2-10-20

Аз қамтылған отбасыларға арналған. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналарға да алуға болады.

Шарты:

– Бастапқы жарна – 10%

– Жылдық пайызы – 2%

– Несие мерзімі – 18 жыл

– Берілетін сома – Алматы мен Елорда, Шымкент, Атырау, Ақтау – 15 млн теңге, басқа аймақтарда – 10 млн теңге (пәтер не жер үй алуға болады)

Жас отбасы

Отбасы банкінің бағдарламасы. Жас отбасы банктен есепшот ашып, кем дегенде 1 жыл депозит жинауы тиіс. Бағалау көрсеткіші 5 балдан артық болуы керек. Әрі отбасының неке құрғанына 3 жылдан асуы керек.

Шарты

– Жылдық пайызы – 6%

– Несие мерзімі – 6-9 жыл

– Бастапқы жарна – 50%

– Берілетін сома – 90 млн теңге

Әскери баспана

Әскери қызметшілерге берілетін баспана бағдарламасы.

Шарты

– Бастапқы жарна – 15-50% арасы

– Жылдық пайызы – 3,5-8% аралығы (бастапқы жарнаға байланысты)

– Несие мерзімі – 25 жыл

Аралық заем үшін шарт бөлектеу.

– Алғашқы жарна – 50%.

– Жылдық пайыз – 6%

– Сомасы – 90 млн теңге.

– Несие мерзімі – 25 жыл

Отбасы банкі

Отбасы банкі берген несие – тұрғын үй нарығының 60 пайызын құрайтын көрінеді. Бұл банк беретін несиені жеңілдетілген баспана бағдарламасымен салыстыруға келмейді. Алайда депозит жинаған азаматқа берер бірнеше артықшылығы бар.

Аталмыш банктің беретін несиесінің шарты келесідей:

– Бастапқы жарна – 50%

– Жылдық пайызы – 3,6 бен 7,4% (салымшының жинағы мен бағалау көрсеткішіне байланысты)

– Үйдің салынғанына 60 жылдан аспауы тиіс

Басқа банктер

Аталмыш бағдарламалардан бөлек, қазақстан банктері де жеке ипотека берумен айналысады. Олардың шарттары әртүрлі.

Мәселен, Халық банк жылдық 14 пайызбен 30 жылға ипотека берсе, Сбербанк 14,6 пайызбен 20 жылға несие беруге әзір. Еуразиялық банк жылдық 13 пайызбен 20 жылға, ЦентрКредит банкі 16,5 пайызбен 15 жылға несие береді.

Ал Bank RBK-нікі 19 пайызбен 10 жылға берсе, Qazaq банк осы пайызбен 15 жылға беруге дайын.

ForteBank 15 жылға 21,5 пайызбен, Цеснабанк 20,5 пайызбен 10 жылға береді.

Кейбірінен алғашқы жарнасыз пәтер алуға болады. Бірақ пайызы біршама ұлғаюы мүмкін. Кейбірі 30-31 пайызға дейін жетеді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button