Қоғам

Білім министрлігі ауыл мектептерін жабдықтау үшін сырттан қарыз алған

Елдің білім министрлігі ауыл мектептерін мультимедиалық құралдармен жабдықтау және қашықтан білім беруді сапалы ету мақсатында Дүниежүзілік банктен $67 мың доллар немесе 33 млрд теңге қарыз алған екен. Мұны мәжіліс депутаты Мәди Елубаев білім министріне сұрақ қою кезінде айтты.

Депутаттың айтуынша, сырттан алынған қарыздың басым бөлігі әлі игерілмеген.

«Қарыз 5 жылға жоспарлап алынған. Оның 4 жылы өтіп кетті. Қарыздың набары 3 пайызы, яғни, 936 млн теңгесі ғана игерілген. Соған қарамастан, былтыр білім министрлігі үкімет резервінен аталмыш қарыздың 16 млрд теңгесін жабу үшін қаржы сұрап отыр. Сұралған қаржының мақсаты – ауыл мектептерін компьютерлік техникамен жабдықтау. Министр мырза, ауыл мектептерін компьютермен қамту мен сыртқы қарызды жабу үшін үкіметтен қаржы сұраудың арасында қандай байланыс бар?», – деп сұрақ қойды мәжіліс отырысында Мәди Елубаев.

Ал бұған жауап берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сыртқы қарызды дер кезінде жаппасақ, пайызы өсіп кететінін айтты.

«Дүниежүзілік банктен ауыл мектебін мультимедиамен қамтамасыз ету, мұғалімдерді оқыту, курс өткізу үшін қарыз алғанымыз рас. Біз алдыңғы жылы бюджет қаржысына 100 мың ноутбук емес, 455 мың компьютер сатып алдық. Сондықтан біз банкпен келісе отырып, қашықтан оқытуға қажет техниканың бәрін сатып алғанымызға байланысты қарызды қайтару туралы шешім қабылдап, осындай өтінішпен келіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, сыртқы қарыз болғандықтан, оның пайызы бар, басқа мәселелері де бар», – деп түсіндірді министр.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button