Қоғам

Ең үздік студенттік ұйымға – 10 жыл

2020 жыл «Волонтерлер жылы» болып бекітілгенін білеміз. Осы жылды қорытындылай келе, Қазақстан университеттерінің арасында ең үздік ұйым атанған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Көмек» Қоғамдық Қорының президент қызметін атқарушы еріктісі Бағдат Әмзебекұлымен сұқбат құрған едік.

Биыл волонтерлер жылында «Көмек» ұйымы қандай жоспарларды іске асырды?

Барлығымыз білетіндей, биыл президентіміздің жарлығы бойынша «Волонтерлер жылы» болып бекітілді. Шынында да жаһандық пандемия кезінде халыққа барынша көмектескен жандар осы волонтерлер болды.

Жыл басында «Көмек» Қоғамдық Қоры әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтой қарсаңында «Қайырымды қоғам» челленджіне қатысып, макулатура жинау жұмыстарын жүргізді. Одан түскен қаражат жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалды.

«7 kindness week» жобасы бойынша, «Көмек» еріктілері Даун ауруымен ауыратын балалар интернатына барып, ойыншықтар тарту етті.

ҚазҰУ қалашығында «Өмірің өз қолыңда» жобасы бойынша маска тарату жұмыстарын жүргізді.

Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушылары қажетті мектеп құралдарымен қамтамасыз етілді.

«Көмек» ҚҚ еріктілері болып Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйіне сыйлықтар апарып, өлең айтып, би билеп, балалардың көңіл күйін көтеріп қайтқан болатынбыз.

Осы карантин басталған уақытта «Көмек» ҚҚ бастауымен, 58 отбасыға 1 айға жеткілікті азық-түлік жеткізілді.

Одан кейін Мақтаарал ауданында су тасқынының әсерінен біршама жандар үйлерінен айырылған болатын. Осы жағдайды естіп, «Көмек» ҚҚ және ҚазҰУ жастары болып 400 000 мың теңгеге гуманитарлық көмек көрсеттік. Ол көмекті «Көмек» еріктілері болып мән-жайды біліп, өзіміз барып табыстаған болатынбыз.

«Жылы жүрекпен болашаққа» жобасы аясында, Атырау қаласындағы балалар үйіне тәттілер мен сыйлықтар апарып, қуантып, керемет көңіл күй сыйлап қайттық. Осы жобаның жалғасы ретінде Аягөз қаласындағы балалар үйінде (96 бала) концерттік бағдарлама қойып, өзіміздің сыйлықтарымызды табыстаған болатынбыз.

«Көмек» ҚҚ еріктілері апта сайын Алматы қаласындағы «Береке» пансионатының балаларына барып, апта сайынғы сабақтарына көмектесіп және олармен ойындар ойнап қайтамыз.

«Көмек» ҚҚ ұйымдастыруымен «Үміт нұрын жалғайық» жобасы аясында жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді.

Осы аптада «Көмек» ҚҚ, ҚазҰУ жастары және мейірімді жандардың көмегімен «Нұр» балалар үйінде және «Береке» пансионатында жаңа жылдық кеш ұйымдастырылды. Ол жерде сыйлықтарға 6 телефон, 9 самокат, гигиеналық заттар, аяқ-киімдер және киім-кешектер тарту етілді.

Көмектің 10 жылдығына арнап 100 отбасына көмек көрсеттіңіздер. 100 отбасын қанша уақытта қамтып үлгердіңіздер?

Биыл біз үшін маңызды жыл. Себебі «Көмек» ҚҚ-на 10 жыл толып отыр. Осы 10 жылдықта бәріміз ақылдаса келе, 100 отбасыға көмек көрсетуді шештік. Бірақ нақты 111 отбасы 1 айлық азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ол жерде Қазақстанның әр түкпіріндегі отбасылар бар. Шамамен, бұл жоба 1 ай көлемінде болып өтті.

Көмекке мұқтаж жанұяларды қалай іздейсіздер?

Көмектесер кезде еріктілерден жағдайы төмен отбасыларға сұрастыру жұмыстарын жүргіземіз. Еріктілер өз аймағындағы осындай көмекке мұқтаж жандар туралы толық ақпарат берген соң, біз көмек көрсетеміз. Кейде ондай жандар әлеуметтік желі арқылы да бізбен байланысып жатады.

Еліміздің қай аймағында көмекке мұқтаж жандар көбірек екен?

Оны нақты айта алмаймыз. Біз көбінесе Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша жұмыс жасаймыз.

«Көмек» ұйымында қанша волонтер жұмыс істейді?

Қазіргі таңда «Көмек» Қоғамдық Қорында 500-ге жуық волонтер жұмыс жасайды.

Биыл Қазақстан университеттерінің арасында ең үздік ұйым атандыңыздар. Алдағы уақытқа қандай жоспарлар құрып отырсыздар?

Үлкен рақмет! Алдағы уақытта «Көмек» ҚҚ алға қойып отырған біршама жоспарлар бар. Егер карантин аяқталып жатса, көптеген дүниелерді іске асырсақ деп отырмыз.

Сіз үшін «Көмек» деген не? Ұйымның ұстанатын принциптері бар ма?

Мен үшін «Көмек» – отбасы. Оны әрдайым айтам. Атауы ұйым болғанымен, барлығымыз жақын араласамыз. Принциптері:

1.Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студент жастарының әлеуметтік жауапкершілігін, бір-біріне көмектесуін және қолдауын дамыту.

2.Студент жастарға патриотизм, көшбасшылық қасиет, экологиялық, эстетикалық, этикалық және еңбек тәрбиесінің негізін ендіру.

3.Моральдық және физикалық көмек көрсету.

4.Балалардың аурумен күресу деңгейін жоғарылату.

5.Жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға педагогикалық (репетиторлық) көмек көрсету.

Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button