Қоғам

Еңбекмин Тұжырымдама дайындады: Елдің зейнетақы жүйесі қалай өзгермек?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына (бұдан әрі – Тұжырымдама) өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды 2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы әзірледі.

2028 жылы Қазақстанда базалы зейнетақыны беру тоқтатылады (1998 жылы басталған). Оның орнына кепілдендірілген зейнетақы жүйесі іске қосылмақ. Жұмыс тобы осы кепілді зейнетақыны тағайындау бойынша әдістеме дайындаған екен.

Қазір мына нәрселер қарастырылып жатыр:

– ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту;

– қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту;

– зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау (қазіргі уақытта ең жоғары шектеу 33 жыл және одан жоғары өтілде 1 ЕТКД құрайды).

Жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты, 2023 жылдан бастап, жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын (ЖБМЗЖ) енгізу болып табылады.

Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен өз жұмыскерлерінің пайдасына жұмыскердің табысынан міндетті 5% зейнетақы жарнасын аударатын болады.

Сондай-ақ, ҚР Салық кодексінің шеңберінде жұмыс берушілерге жүктемені төмендету үшін енгізілетін ЖБМЗЖ шегерімге жатқызу бөлігінде жеңілдіктер берілгенін атап өту қажет.

Мұндай тәсіл халықаралық зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына сәйкес келетін зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (зейнетке шыққаннан кейін табысты алмастыру коэффициенті) салымшылардың зейнетақы жинақтарының барабар деңгейін сақтауға, сондай-ақ жақын келешекте барлық салымшылардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану (тұрғын үй сатып алуға, емделуге ақы төлеуге) құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button