Қоғам

Мұхтар Тайжан жер комиссиясына ұсыныстар айтты

Ауыл маңындағы жерлер халыққа қайтарылуы керек. Шетел азаматтарымен қоса Қазақстан азаматтарына да жер сатылмауы тиіс. Мұндай ұсынысты қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан жер комиссиясының отырысында айтты.

Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан отырыс барысында ауыл шаруашылық жерін сату және жалға беруге байланысты бірнеше ұсыныс айтты.

Алғашқы ұсынысы – шетел азаматтарымен қоса Қазақстан азаматтарына да жерді сатуға тыйым салу жайлы ұсынысы.

«Халық жердің ешкімге сатылмауын қалайды. Біз Қазақстан Республикасының азаматтарына да ауылш шаруашылық жерлерін бермеуіміз керек. Елдегі жер көлемінің 80%-ы – ауыл шаруашылық жерлері«, – деді Тайжан.

Екіншісі ұсынысы –  жер кадастрын ашық деп жариялау. Яғни, жердің кімнің иелігінде екені жөнінде ашық тізім дайындалып, әкімдік сайттарында ілініп жариялануы керек.

«Кей қарсыластарым мұндай ашық тізім жеке мәлімет жөніндегі заңға қайшы дегенді алға тартады. Ол дұрыс емес. Өйткені ауыл шаруашылық жерлері түгел мемлеттік меншікке жатады. Сондықтан бұл жеке мәлімет туралы заңға қайшы емес«, – деді ол.

Жерді жалға алғандардың ашық тізімін жариялау жайлы ұсынысты Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев та айтты. Оның ойынша, жерді пайдаланушы заңды тұлғалардың құрылтайшыларының кім екенін халық білуі шарт.

Ең үлкен мәселе – бұл ауыл маңындағы жерлердің жекеменшікке өтіп кетуі. Қазақстан халқының жартысы ауылда тұрады.

«Кез келген ауылға барсаңыз, жер жоғын көресіз. Жайылым, шабындық, егістік жетпейді. Халықтың емес, латифундисттердің қолында. Үкімет бұл қателікті жөндеуі керек. Ауыл маңындағы жерлерді үзілді-кесілді беруге тыйым салу қажет. Әрі жекеменшікке өтіп кеткен жерді ауыл меншігіне қайтарып, қоғамдық жер деп танылсын«, – дейді ол.

Қоғам белсендісі жер комиссиясына аттанар алдында Алматы облысының Ақсу ауданында 500 тұрғыннан қол жинап әкелген. Мұнда ауыл тұрғындарды жерсіз қалған айтып, мемлекет басшысына мәлімдеме жасаған екен.

«Мұндай ауылдар көп. Елордадан 20 шақырым жерде Максимовка деген ауыл бар. Ол да жерсіз отыр. Көкшетаудың маңайында жерсіз отырған Ұялы, Костомаров деген ауылдар бар«, – дейді Тайжан.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button