Қоғам

Оңтүстік Кореядағы қазақтар еңбек визасын қашан алады?

QadamAsia сайтының ұжымы журналистік зерттеу жүргізу мақсатында америкатанушы журналист Жолдас Өрісбаевпен «Шетелдегі қазақ жастары орала ма?» деген тақырыпта эксклюзивтік сұқбат ұйымдастырған болатын. 

Онда АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарының түрлі проблемалары аналитикалық тұрғыдан талданады. Осы жолы Оңтүстік Кореядағы қазақтардың өмірін зерттеуді мақсат тұттық. 

Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтарының тұрмыс-тіршілігі, олардың нәпақасын қалай тауып жатқандығы және бөтен елдегі күнделікті өмірі қалай деген сұрақтар көптен айтылып жүр. 

Шындығында, бұл баршамызды алаңдатқан мәселе. Өйткені, Корей жұртына кетіп жатқандардың ішінде орта жастағылармен қатар, балиғат жасынан енді ғана асқан қыз-жігіттер де өте көп. Ол жаққа қалай баруға болатынын, қандай тиімді жұмыстар бар екенін сұрап хабарласатын замандастарымыздың да қатары мол. 

Біз бірнеше жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатқан Сайрангүл Даханмен байланысқа шықтық. Айта кетерлігі, Сайрангүл Қазақстандағы белгілі жас ақындардың бірі.

Не үшін Қазақстан азаматтарының көбі Оңтүстік Кореяға кетіп жатыр?

Оңтүстік Кореяға келгеніме екі жарым жылдай болды. Шындығында, мен дипломсыз емеспін. Журналистика факультетінің түлегімін.

Диплом алғасын газетте яки сайтта жұмыс істеуге болатын еді. Бастапқыда журналист ретінде жұмыс та істегенмін. Бірақ, жалақысы өте аз. Оның үстіне, шетелге шыққым келді. Шетелде білім алуды, дамыған елдердің практикасынан өтуді қаладым. Сол арманның жетегінде Оңтүстік Кореяға келген болатынмын. 

Мұнда келген қазақ жастарының барлығының дерлік басындағы жағдай менікіне ұқсас. Негізгі мақсат жақсы табыс табу, дамыған елден практикадан өту. 

Жастардан бөлек осында келіп жұмыс істеп жүрген 50 жасқа дейінгі аға-әпкелеріміз де жетерлік. Кейбірі өзі келген, кейбірі күйеуі мен әйелі бірге келген. Олар пайызы жоғары кредиттерін жапқанша, баспаналы болуға жететін қаражат жинағанша осында жұмыс істеп, бірнеше жылдан кейін елге оралып жатады. 

Қараңыз, мен Қазақстанда орта есеппен айына 80 мың теңге жалақы алатын болсам, пәтерге, тамаққа, киімге, күнделікті жүріп-тұруыма жұмсалатын шығыныма осы ақша жете ме? Мен сонда қашан баспаналы болам? Пайызбен үй алу үшін де депозитке бәленбай жыл ақша салуым керек. Мұны мен қандай қаржының есебінен жүзеге асырамын? 

Осында жүрген жас отбасылармен әңгімелесіп тұрамын. Ерлі- зайыптылардың екеуінің Қазақстандағы табысын қосқанда пәтерақыға, балабақшаға, азық-түлікке ғана жетеді. Олар Қазақстанда он бес-он сегіз жыл дегенде, балалары есейіп кеткен уақытта үй ала алуы мүмкін. Түсініп тұрсыз ба, он бес-он сегіз жыл! 

Ал, мұнда үй алатын қаржыны екі-үш жылда жинап алуға болады.

Оңтүстік Кореяда қай тілдер сұранысқа ие?

Өз басым келгеніме мүлде өкінбеймін. Шекара асып, Сеулге келгенімізде біраз қиындықтар болғаны рас. Тіл білмеудің салдарынан дұрыс жұмысқа да тұра алмадық. Жарты жылдай қиналдық. Талмай ізденудің арқасында кәріс тілін үйреніп, жақсы жұмысқа орналастым.

Оңтүстік Кореяда негізгі тіл кәріс тілі. Қосымша, ағылшын, қытай, жапон, орыс тілдерін білетін болсаңыз жоғары жалақы алуға мүмкіндігіңіз мол. Өйткені, көп тіл білетін адамдарға жұмыс та көп. Кәріс, ағылшын, орыс тілін білетіндігінің арқасында түрлі салада жоғары жалақыға жұмыс істеп жатқан қазақ жастары жетерлік.

Кәрістер қазақтар туралы не ойлайды?

Мұнда келген отандастарымыз екі-үш ай көлемінде кәріс тілін үйренеді. Еңбектенген адамға осы азғантай уақыт жаңа тіл үйренуге толықтай жетеді. Тіл білсе табысы жоғары жұмысқа орналасу түкте қиын емес.

Оның үстіне, кәріс жұртының санасында Қазақстан азаматтары жұмысты жақсы жасайды, адал, мейірімді, ақкөңіл деген түсінік қалыптасқан. Расында, біздің қазақтар көмекке дайын тұрады, мәмілелі, жан-жақты сауатты екені байқалады. Сосын да олар бізді құшақ жая қарсы алып, көмектесуге дайын тұрады.

Оңтүстүк Кореяға келу арқылы көптеген достар таптым, көзқарасым өзгерді, алдыңғы қатарлы елдердің жастары қалай өмір сүретінін, өмір сүру қағидаттарын, құндылықтарын таныдым. 

Оңтүстік Кореядағы қазақтар қандай жұмыстармен айналысады…

Бұл жақта тек қана Қазақстан азаматтары емес, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Вьетнам, Малайзия, сондай-ақ, Африка елдерінен келіп жұмыс істейтін адамдар өте көп. Тіпті, АҚШ-тан, Жапониядан келетіндер де баршылық.

Олар қандай жұмыстар істейді? Шетел азаматтарына ірі өндіріс орындарында, косметика, сусын, техника зауыттарында, түрлі фабрикаларда, Samsung, Hyundai секілді алып компанияларда да жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар, сауда желілерінде, тамақтану орындарында, қонақ үйлерде де жұмыскерлерге сұраныс жоғары.

Ең бастысы, Оңтүстік Корея азаматтары немен айналысса, сіз де солармен тең құқылы жұмыстармен айналыса аласыз. Жалақы жұмыстың ауырлығына, еңбегіңізге қарай төленеді. Сіз мұнда еңбегіңізді сатасыз. Соған сай ақша аласыз және табысыңыз Қазақстанмен салыстырғанда бірнеше есеге жоғары.

Ол жақтағы қазақтар арзан жұмыс күшіне жата ма?

Біздің отандық БАҚ-та кеткен жастар ол жақта қаңғырып қалады екен, барған соң жалдамалы өзбектің күйін кешеді екен деген қауесеттер көп таралып жатады. Бірақ, мен бұған келіспес едім. Көзіммен көріп, орталарында жүргеннен кейін бұның өтірік екенін күйініп айтып отырмын. 

Біздің қазақтар Оңтүстік Кореяға барып, жалдамалы жұмысшы ретінде қара жұмыспен айналысады деген жаңсақ түсінік. Әрине, 54 миллионнан асатын халқы бар Оңтүстік Корея барлығына креслоларын сайлап қоймағаны түсінікті. Ондағы кәрістердің де барлығы креслода отырған жоқ. 

Шетелдегі қазақтар қор болып жүр деген пікірді қою керек. Оңтүстік Корея азаматтары қандай жалақы алады, біз де сондай жалақы аламыз. Мұнда арзан жұмыс күші деген түсінік жоқ. Олар қандай жұмыс режимінде жұмыс істейді, бізде сол жұмыс режимінде жұмыс істейміз. Сол жағынан дұрыс түсінік қалыптасса екен деген базынам бар.

Оңтүстік Кореядағы отандастарымыздың елге оралғысы келе ме?

Шыны керек, осында келіп жұмыс жасап жатқандардың көбінің Қазақстанға қазір қайтқысы жоқ. Себебі, Оңтүстік Корея әлемдегі ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Халқы заңға бағынады. Біреуді біреу қорлағанын, жалақысын төлемей қойғанын көзіміз шалмапты. Шетел азаматтарының жалақысын жеп немесе әлімжеттік көрсетіп намысына тигенін көрген емеспін. 

Мұндағы халықтың санасы дамыған. Қандай елдің азаматы болсын, тілді білсін, білмесін, бай ма, кедей ме, қоғамдағы дәрежесіне қарамай адамды қадірлеу бар. Ең бастысы, адам мүддесін аяққа таптау атымен жоқ. Адамдардың бір-біріне деген сенімі берік орнаған елден кімнің кеткісі келеді?!

Қазақстандағы адам құқықтары жайлы…

Әрине, еліңді сағынасың. Туған жерге ештеңе жетпейді. Бірақ, әлеуметтік желіден Қазақстанда қандай жағдай орын алып жатқанын көріп отырмыз. Неге біз дамыған елдердегідей жеке тұлғаның қауіпсіздігіне қылау түсірмейтін қоғам құра алмаймыз? Біреудің құқығына, меншігіне қол сұқпайтын елге айнала алмаймыз? 

Түн ортасында жалғыз жүруден де қауіптенбейсіз. Себебі, сізге ешкімнің тиіспейтінін білесіз. Осындай жағдайларды көргеннен кейін, Қазақстанда да қауіпсіздігіңе ешкім қол сұқпайтын қоғам орнайтын уақыттың қашан келетіні туралы ойлайсың. Мұндағы шетелдік азаматтардың, оның ішінде Қазақстан азаматтарының да өз елдеріне қайтуға асықпайтынының бір себебі осы болса керек деп ойлаймын.

Оңтүстік Кореядағы қазақтардың табысы қанша?

Мұнда келіп жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарының жас ерекшелігі 22 жас пен 47 жас аралығы. Қазақтардың Оңтүстік Кореяға көптеп кетіп жатқанын көрген жұрт «ол жақтағы қазақтардың табысы қанша?» деген сұрақты жиі қояды. 

Тіл білмейтін, зауыттарда, тамақтану орындарында жұмыс істейтін адамдардың орташа айлық табысы 1500 доллар. Мұнда жұмысқа қабілеттілігіңізге қарай 1200 доллардан 2000 долларға дейін ақша таба аласыз. Құрылыс саласында істейтін адамдар айына 1 млн. теңгеге дейін табады. Оңтүстік Корея азаматтары мен шетелдік азаматтардың айлық табысы бірдей. Өз азаматтарына көбірек жалақы беру деген түсінік қалыптаспаған. Барлық адам еңбегіне қарай айлық алады.

Аудармашыларға сұраныс көп…

Аударма саласында жүрген азаматтар күніне 8 сағаттан жұмыс істей отырып, айына 700-800 мың теңге көлемінде табыс табады. Оның сыртында қосымша сағаттарда (12 сағат) жұмыс істейтін болсаңыз, табысыңыз тағы да ұлғаяды. 8 сағаттық бір күндік жұмыс үшін орта есеппен 19 мыңнан 22 мың теңгеге дейін, 12 сағатқа 28 мыңнан 34 мың теңгеге дейін жазылады. 

Сенбі-жексенбі күндері қосымша алма, өрік теру сынды оңай жұмыстармен айналысып 15-20 мың теңге көлемінде табыс таба аласыз. 

Айта кетейік, мұнда пәтерақы салыстырмалы түрде қымбаттау. Электрге, газге төлеу, тамақтану шығындары бізбен салыстырғанда қымбат.

Шетелге кеткен жастардың көбі жоғары білімді…

Оңтүстік Кореяға кеткендер негізінен жоғары білімі жоқ, елде жүріп те ештеме жарытпаған адамдар деген әңгімелер жетіп жатады. Бұл қате пікір.   Мәселен, мұндағы мен танитын қазақтардың барлығы дерлік кәріс, ағылшын, жапон тілдерін еркін меңгерген, оқыған азаматтар. Шетелдегі жастардың көбісі Қазақстанның Ұлттық университеттерінің түлектері. Қазақстаннан келіп өз мамандығы бойынша жетістікке жеткен ІТ, банк, медицина салаларының мамандары, заңгерлер, саясаттанушылар, бизнесмендер көптеп ұшырасады.

«Нелегалдар» ауырып қалса емделе ала ма?

Нелегал өмір сүріп жатқандықтан, ауырып қалсаңыздар қалай емделесіздер деген де сұрақ көп қойылады. Мұндағы жеке меншік емханаларда емделуге толықтай мүмкіндігіңіз бар. Тиісті ақысын төлеп, түрлі прафилактикалық ем-дом ала аласыз. Нелегал болғандықтан ем ала алмайсыз деген әңгіме жоқ. Бірақ, заңсыз жүргендіктен бағасы кәдімгідей жоғары.

Қазақстан еңбек визасын қашан жолға қояды…

Қазақстан билігіне өкпеміз қара қазандай екенін жасырмаймыз. Өйткені, Қазақстан азаматтарына бұл жақта жұмыс істеу үшін арнаулы еңбек визасы тағайындалмаған. Сондықтан, отандастарымыз бір айлық туристік визамен келіп, бірнеше жылға заңсыз қалып жұмыс жасауға мәжбүр. Соның салдарынан «нелегал», яғни заңсыз жұмыс жасап жүрген азаматтар санатына жатады. 

Шындығында, мұнда жұмыс жасап жатқан отандастарымыздың барлығы тапқан табысын Қазақстанға жөнелтіп жатыр. Өйткені, елде қалған отбасысының кредитін жабады, баспана алу үшін ақша жинайды. Оңтүстік Кореядағы азаматтарымыздың есебінен Қазақстанның ішкі нарығына миллиардтап қаражат құйылуда. 

Корей жұртындағы қазақ жастарының виза алу арманы іске асатын болса,  екі ел арасындағы мəдени әрі экономикалық қарым-қатынастың дамуына үлкенүлес қосареді. Еңбек визасы шешілсе мұндағы Қазақстан азаматтары жеке бизнес ашуға мүмкіндік алады. Көршілес қырғыз бен өзбек ағайындардың еңбек визасын алып, заңды түрде жұмыс жасауы керемет нəтижелер көрсетуде. 

Шетелдегі жастар елге орала ма?

«Неге сатқын болдыңдар! Шетелде жалданып жұмыс істеп не абырой табасыңдар?! Қазақстанның, халқыңның беделін түсіріп жүрсіңдер» – деген пікірлердің бар екенін білеміз. Енді ойлаңызшы, Қазақстанда жүріп 70-80 мыңға бола жастық шағыңды жоғалтқанша, екі-үш жыл шетелде тәжірибе жинап, білім алу, қомақты табыс табу пайдалы емес пе?! 

Кейбір кісілер маған әлеуметтік желі арқылы: «Сол жаққа неге толықтай көшіп алмайсың? Отбасыңды көшіріп әкетпейсің бе? Біздің елде болашақ қалмады», – деп те жазып жатады. Жоқ, олай емес. Шетелде білім алып жатқан, кәсібін дөңгелетіп жүрген кез келген Қазақстан азаматынан «Осында толықтай қоныс тебер ме едің?» деп сұрасаңыз, «жоқ» деп жауап беретініне сенімдімін. Себебі, қайда жүрсең де туған еліңе жетер жер жоқ. Шетелде жүрген ешбір қазақ баласы елін сатпайды. 

Шетелде жүрген қазақ азаматтары міндетті түрде елге оралады. Сөйтіп, жинаған тәжірибелерін отандық экономиканы көтеруге жұмсайды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button