Қоғам

Шетелдегі қазақ жастары орала ма?

Соңғы жылдары Қазақстаннан шетелге кетіп жатқан жастардың саны артты. Бұған не себеп? Бұл миграцияның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сипаттарына қандай баға беруге болады? Кеткен жастар елге орала ма?

Осы сынды қордаланған сұрақтарға аналитикалық тұрғыдан талдау жасап, жан-жақты сараптау күн тәртібіндегі мәселе. QadamAsia сайтының ұжымы журналистік зерттеу жүргізу мақсатында АҚШ-тағы қазақ журналисі, америкатанушы, «Болашақ» бағдарламасымен Michigan State Universityжоғарғы оқу орнының Журналистика мектебінде тәлім алып жатқан Жолдас Өрісбаевпен байланысқа шыққан болатын. 

Жолдас Өрісбаев:

Әр адам өзімен тілі, діні және салт-дәстүрі ортақ адамдармен бір қоғамда өмір сүргісі келеді. Себебі, олардың құндылықтар жүйесі бір. Ал, ондай қоғамнан кетуге негіз болатын бірнеше фактор бар. Олардың қатарына қоғамдағы экономикалық тең мүмкіндіктер мен әр азамат құқықтарының теңдігі кіреді. 

Осы екі принцип жоқ қоғамға қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнамайтыны анық. Соңсоң, адамдар Асан Қайғы іздеген құтты мекенді немесе Томас Мордың «утопиялық қоғамын» іздеп кетеді. 

Жастар неге батысқа кеткісі келеді…

Қазір Батыс Еуропа елдері мен Америка құрама штаттары Қазақстан сынды дамушы ел азаматтарына қолайлы болып отыр. Батыс өркениетінің мейнстримге айналуы және ол жақтағы өмір сүру дағдылары мен принциптерінің жаһандану үдерісі кино және музыка арқылы бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылуы басты негіздердің қатарына кіреді. Әсіресе, жастарға батыстық үлгідегі өмір сүру салты таңсық. Сондықтан, олардың шетел асып кетуге ұмтылуы жиі байқалады. 

Содан кейін, жоғарыда айтқанымдай, экономикалық мотив орта жастағы отандастарымыздың да шетел асып кетуіне түрткі болып отыр. Себебі, Батыс елдері мен Қазақстандағы табыс мөлшерінің айырмасы айтарлықтай үлкен. 

Кез келген білімді азамат Қазақстандағы жұмысына жұмсаған күші мен білімін дамыған елде қолдану арқылы әлдеқайда жоғары табыс көзіне жету мүмкіндігі бар екенін біледі. Одан бөлек, Батыс өркениетіндегі либералды-демократиялық құндылықтар мен еркін нарық принциптері әрбір адамның дамуына тек мүмкіндіктер жасайтыны да бар. 

Сол үшін де, соңғы кездері қазақ жастарының арасында АҚШ-қа және Батыс Еуропа елдеріне көшкендер мен көшкісі келетіндердің көбейгені айтарлықтай байқалады.

Шетелге кеткен Қазақстан азаматтарының мүдделерінде қайшылықтар бар ма? 

Қазақтар АҚШ-қа түрлі мақсатпен келеді. Бірі білім алу үшін келсе, тағы бірі уақытша табыс табуды қалайды. Ал, тағы бірі АҚШ азаматы атанып, жаңа құрлықта жаңа өмір бастасам дейді. Алғашқы екі мүддемен келгендер иммиграциялық мақсатты көздемейді. Демек, білім алғаннан кейін және айтарлықтай табыс көзіне жеткеннен кейін Қазақстанға қайта оралуы керек. 

Бірақ АҚШ территориясында бірнеше жыл өмір сүрген азамат мұндағы өмір салты мен табыс көзіне үйреніп, қайтқысы келмей қалады. Ал, оқумен келген азаматтар өз мамандығына Қазақстанда сұраныс жоғын немесе өзі білім алған сала бойынша АҚШ-та жылына кем дегенде 100 000 доллар таба алатынын білген соң қалуды көздейді. 

Иммигрант болғысы келетіндер…

Иммиграциялық мақсатта келген азаматтар келген бойда өзіне заңгер іздеп, АҚШ азаматы атанудың жолдарын қарастырады. Кейбірі саяси оппозиционер ретінде АҚШ үкіметінен саяси пана сұраса, тағы бірі АҚШ азаматымен неке құрып құжаттарын реттейді. 

Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылман екенін ескерсек, христиан дінінің өкілі ретінде де саяси пана сұрайтындар бар. Одан қалса, Қазақстанда құқығы көп тапталатын ЛГБТ өкілі ретінде де АҚШ азаматтығын алған және алуға тырысып жатқан қазақтар баршылық. 

АҚШ-тағы қарапайым еңбек мигранттарының табысы қанша?

Білім іздеп келген азаматтардың қалғысы келетіндігін кәсіби біліктілік іздеуі мен қаржы мотивінен деп түсінсек, даяшы, құрылысшы, көшіруші (мувер) сынды қара жұмысшы ретінде жалданып істеуге уақытша келетін отандастарымыз әдетте бірнеше жылдан кейін елге қайтуды жоспарлайды. Себебі, олардың отбасы Қазақстанда, әрі олардың түбегейлі АҚШ-та орнығуына әдетте құжаттарының жоқтығы мен тіл білмеуі кедергі болады. 

Кейбірі елдегі ипотекасын төлеуге немесе үйін салуға ақша табуды көздесе, тағы бірі жеке бизнесін ашуға қаржы жинауды жоспарлайды. Бірақ, АҚШ-тағы қарапайым жұмысшының табысы айына 3000-6000 доллар аралығында екенін ескерсек, уақытша келген азаматтар бірнеше жылдан кейін қайтқылары келмей қалады. 

Өйткені, мұндай табыс Қазақстанда жоқ және табыс болмаса, елдегі өмірі қиындайтынын біліп қорқады. Сондықтан да, құжатсыз 10 жылға дейін АҚШ территориясында қалып қойғандар бар. Кейбір отандастарымыз отбасымен жылдар бойы қауыша алмай, тоқырауға ұшырап жүр. 

Қазақтар көбінде АҚШ-тың қай қалаларында шоғырланған

Әдетте АҚШ-тағы Нью-Йорк, Чикаго және Лос-Анджелес сынды алып қалалар құжатсыз жүрген иммигранттарға қолайлы. 

Қазақтар ең көп шоғырланған қала Нью-Йорк қаласы болса керек. Себебі, бұл қалада кейде көшеде серуендеп жүріп, қазақ тілінде сөйлеп келе жатқан азаматтарды кезіктіріп қалуыңыз мүмкін. Сосын аталмыш қаланың бизнес секторы да иммигранттардың еңбегіне тәуелді. Неге десеңіз, құжатсыз азаматтар әдетте америкалықтарға қарағанда аз ақшаға жұмыс істейді және олар табысынан, яғни жұмысынан айырылып қалмау үшін бар күшін салып еңбектенуге дайын тұрады. 

Саяси тұрғыдан Нью-Йорк көбіне либералдық көзқарастағы азаматтардың қаласы болғандықтан, табыс көзін іздеген иммигранттарға түсіністікпен қарайды. Сондықтан, Нью-Йорк қаласындағы иммиграция полициясы да заңсыз жүрген иммигранттарды ұстап, депортация жасамайды. 

Қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамп елді иммигранттардан тазартуды алға тартқанымен, оның мүддесі Нью-Йорк әкімдігі тарапынан мақұлданбады. Себебі, мұндағы жергілікті билік пен федералды үкімет арасында автономды биліктің күші бар.

Жастардың шетелге кетуге деген құлшыныстарын мәселе деп қарастырған дұрыс па, әлде, бұл әлемдік тенденция ретінде қарастырылатын қалыпты жағдай ма?

Менің ойымша, бұл елдегі ең басты мәселелердің бірі. Себебі, Қазақстанның әрбір азаматы оның адами капиталы болып саналады. Ал, адам капиталына жалпы тұрғыдан назар салсақ, ол елдің дамуының негізгі діңгегі. 

Жекелей қарасақ, жастардың шетелге көшу тренді – елімізде әділ қызмет ететін кейінгі көшбасшыларымыздың, ғалымдар мен білікті мамандарымыздың қатары сирейтінін білдіреді. Мысалы, қазақтың кейінгі Қанышы, кейінгі Әлкейі немесе Асқары (Жұмаділдаев) қазір Силиконды алқапта Google немесе Tesla компаниясында өз мүмкіндіктерін дамытып жатқан болуы бек мүмкін. 

Қазақстаннан өзге мемлекеттер шетелге кеткен азаматтарын қайтару үшін қандай бағдарламалар жасауда?

Мұның әлемдік тенденция екені де рас. Бірақ қол қусырып отыруға әсте болмайды. 

2018 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев АҚШ-қа алғашқы ресми сапары барысында Нью-Йорк қаласында тұратын өзбектермен кездескені жайлы білдім. Сол жылы мен де Нью-Йоркта болатынмын. Сонда Мирзиеев америкалық өзбектердің арасындағы білімді әрі тәжірибелі азаматтарға арнайы ұсыныс айтып, елге қызмет етуге шақырған екен. 

Ал, Қытай, Тайвань және Малайзия сынды елдерде шетелге кеткен қандастарын елге қайтып, қызмет етуге шақыратын арнайы мамандар жұмыс істейді. 

Әрине, олар патриотизмді алға тартып үгіттемейді. Керісінше, сол маманға өз елінде жағдай жасап, өзі қалаған жалақысын беруге дейін ұсыныс білдіреді. Соңғы жылдары АҚШ-та жасанды интеллект саласында еңбек етіп жүрген қытай текті азаматтардың біршама бөлігі Қытайға қайтып кетіп жатқаны жайлы деректер шыға бастады. Мұны Қытай билігінің білімді азаматтары үшін таласының нәтижесі деп түсінуге болады.  

Жастарды қалай ұстап қалуға болады? 

КСРО билігі кезінде шетелге шығу мүмкіндігі жоқтың қасы болды. Сосын коммунистік пропаганда кесірінен совет халқы шетелдегі өмір жайлы да дұрыс әрі ашық ақпарат ала алмады. Ал, қазір көшіп-қонуға кеңес кезеңіндегідей тоталитарлық шектеу жоқ. 

Одан қалса, интернеттің көмегімен шетелдегі өмір жайлы кез келген мәліметті алу мүмкіндігі мен ақпарат алмасу еркіндігі бар. Содан кейін де, біздің жастар екі жақтағы өмір сүру деңгейі мен табыс көзін салыстыра отырып, шешім қабылдайды. Өкінішке қарай, мұндай таңдау алдында Қазақстан Батыс өркениетіндегі елдермен бәсекелесе алмайды. 

Жастардың елден біржола көшпеуіне ұлттық идеология мен бар қазаққа ортақ құндылықтар жүйесі негіз болуы мүмкін. Бірақ ол жеткіліксіз екені рас. 

Қазақстанның экономикалық көрсеткіші Батыс елдерімен бәсекелесе алмаса да, демократиялық құндылықтарды дамытса, яғни, адам құқықтарының тапталуына жол берілмесе және халықтың Үкіметке сенімін арттырса, жастардың өз болашағын өз туған жерімен байланыстыруына негіз бола алады. 

Үкіметке сенімнің артуы деп халыққа қызметтің ашық әрі әділ ұйымдастырылуын айтып отырмын. Ол үшін Қазақстандағы қазіргі атқарушы билік трансформациялық өзгеріс жасауы тиіс. Өйтпесе, жастардың ағыны жалғаса бермек…

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button