Қоғам

Соңғы бір аптада әлемнің ең бай адамы екі рет ауысты

Бәріміз білетіндей, 2017 жылдан бері әлемнің ең бай адамы Джефф Безос болатын. Ол «әлемдегі ең бай адам» титулын бірнеше жыл бойы іскерлігінің, өнімді еңбектенуінің арқасында қорғап келді.

Ал, 2021 жылдың басында Teslaның негізін қалаушы Илон Маск әлемдегі ең бай адамға айналды.

Илон Маск Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безосты басып озып, бүкіл жұртшылықтың назарын өзіне қаратқан болатын.

BBC News агенттігінің хабарлауынша, 7 қаңтар күні Тесла акцияларының бағасы көтеріліп, Илон Маск әлемдегі ең бай адамға айналған.

Тесла электромобилінің нарықтық құны 700 миллиард долларды құрайды. Тесла қазір Toyota, Hyundai, Volkswagen, General Motors және Ford автокөліктеріне қарағанда қымбат әрі үлкен сұранысқа ие.

Бұл өзгерістердің орын алуында АҚШ саясаты айтарлықтай рөл атқарғанын да жоққа шығара алмаймыз. Wedbush Securities сарапшысы Даниэль Ивестің айтуынша, Демократиялық Сенат жасыл энергия мен электромобиль өндірісіне қолдау көрсетуді жалғастырады. Осы қолдаудың арқасында өндірушілер салықтық жеңілдіктерге ие болады. Бұл Tesla және басқа да электромобиль өндірушілеріне өте тиімді.

Алайда, арада бірнеше күн өткеннен кейін Илон Маск «әлемдегі ең бай адам» титулынан айырылып қалды.

Сөйтіп, жұртшылықтың назарын тағы бір рет өзіне қаратты.

Forbes Real-Time рейтингіне сәйкес, американдық биржалардағы сауда-саттық аяқталғаннан кейін Илон Масктың байлығы 176,2 миллиард долларға бағаланған. Бір тәулік ішінде оның байлығы 13,5 миллиардқа немесе 7,1%-ға азайды.

Рейтингтің бірінші орнына тағы да Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос келді. Оның байлығы 182,2 миллиард долларға бағаланады. Бір жыл ішінде оның байлығы 3,6 миллиард долларға немесе 1,96%-ға төмендеді.

Джефф Безос басқаратын Amazon – АҚШ-тың Вашингтон штатында орналасқан электрондық саудамен айналысатын халықаралық деңгейдегі компания. Ол әлемнің ең ірі онлайн бөлшектеп сату компаниясы болып табылады.

Пандемия жағдайына байланысты орын алған локдаун кезінде Amazon-ның онлайн-қызметіне деген сұраныс бірнеше есеге артқан. Алайда, Безос өз бизнесінің 4%-ын бұрынғы әйелі Маккензи Скотқа берген еді. Бұл оның «әлемдегі ең бай адам» титулынан түсіп қалуына себеп болды. Сондай-ақ, нарықтық реттеу қаупі Amazon акцияларының қымбаттауына кедергі келтіретінін де атап айтқан жөн.

Дегенмен, арада бірнеше күн өтісімен, Безос өзінің үйреншікті титулына қол жеткізді.

Қазір Джефф Безос ғарышты игеруге қаржы құйып жатыр.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button