Стивен Хокингтің 4 ескертуі
Стивен Хокинг осыған дейін өзінің адамзат тіршілігіне қатысты айтқан әр түрлі тұжырымдарымен бізді үрейлендіріп келді. «Адамзат өз қабірін өз қолымен қазып жатыр және өз тіршілігін әр түрлі жолмен аяқтауы мүмкін» деген пікірі осыған дәлел. Ғылым мен техниканың қарыштап дамуы жаңа жетістіктерге жетелегенімен, адамзатты ерте құрдымға кетіруі де мүмкін. Ғалымның пікірінше, Жер ғаламшарында әр жылы апат ықтималдығы өте төмен болуы мүмкін және уақыт өте келе ол көрсеткіш артып, мыңдаған немесе бірнеше ондаған мыңжылдықтардан кейін іс жүзінде сөзсіз жүзеге асады.
Осыған дейін де Стивен Хокинг адамзаттың өзі жасаған жаңалығы соңында өзін құрдымға кетіретінін айтып, көптеген ескертулер жасаған. Ол болашақта адамзатқа төнетін негізгі 4 қауіп туралы да ескертті.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Ағылшын ғалымы жасанды интеллект жасау әрекеттері адамзаттың өз өміріне қауіп төндіреді деп санайды. Себебі, жасанды интеллект болашақта өзімізді жетілдірудің басты көрсеткіші болғанымен, адамнан асып түсетін және оларды алмастыратын тіршіліктің жаңа түріне айналуы мүмкін.
Осындай жағдай орын алмауы үшін адамзат логикалық ойлауды негіз етіп, ғылыммен көп айналысуы керек.
Қазіргі таңда жасанды интеллект жасаудан елдер арасында бәсекелестік артып келеді. Америкалық бизнесмен Илон Маск айтқандай, ол үшінші дүниежүзілік соғысқа себеп болуы ықтимал. Профессор Стивен Хокинг жасанды интеллекттен сақтандырған жалғыз адам емес. Мысалы, Голливуд киноларында да жасанды интеллект зұлым күш ретінде жиі бейнеленеді. Сондай фильмдер: «Ғарыш Одиссеясы», «Блейд жүгірушісі», «Соғыс ойындары», «Терминатор», т.б.
ЯДРОЛЫҚ СОҒЫС
Алғашқы атом бомбаларын сынаған уақыттан бастап ядролық қарудың күші айтарлықтай артқан еді. Егер біз өзіміз жасаған ақылды машиналармен жойылып кетпесек, оны да өзіміз жасай алатын қауқарымыз бар.
«Мен түзегім келетін адамзаттың басты кемшіліктерінің бірі – агрессия», – дейді профессор Стивен Хокинг. Адамзат үшін мұның артықшылығы болды, агрессия азық-түлік алуға, территорияны қалпына келтіруге көмектесті. Бірақ бұл бүгін бәріміздің өмірімізге қауіп төндіруде.
Заманауи жаппай қырып-жоятын қарулар жер бетіндегі барлық тіршілікті бірнеше рет жойып жіберуге қабілетті. Сондай-ақ олардың көбеюі бүкіл адамзат үшін жаһандық проблемаға айналды. Үлкен ядролық соғыс – өркениеттің аяқталуымен, тіптен адамзат тіршілігінің тоқтауымен пара-пар құбылыс.
ГЕНДІК-ИНЖЕНЕРЛІК ВИРУСТАР
Стивен Хокинг қауіпті вирустардың көбеюі де біз үшін үлкен апат деп ескерткен болатын. Ядролық қару, өзінің зор күшімен адамзаттың өзін-өзі жоюына әсер ететін жалғыз ең қорқынышты қару болмауы мүмкін. Себебі, адам өзі жасап шығарған вирустардан өзі зардап шегіп, ақыры өліп тынары анық.
Бұл жерде ескеретін мынадай жайт бар. Ядролық қаруды құру үшін ірі кәсіпорындар керек, ал гендік инженерияны шағын зертханада да жасауға болады.
Ғалым бір сұхбатында осы жайтқа қатысты «Әр зертхананы қадағалай алмайсыз. Сондықтан біз кездейсоқ болсын, қасақана болсын өзімізді жойып жіберетін вирус жасай аламыз. Егер біз ғарышқа дер кезінде көшпесек, адамзат келесі мыңжылдықта аман қалады деп ойламаймын. Біздің ғаламшарымызда өте көп апаттар болып, тіршілікті жойып жіберуі мүмкін», – деп пікір білдірген болатын.
Сондай-ақ Голливудта бұл тақырыпта бірнеше фильмдер түсірілді. Оның ішінде «12 маймыл», «Мен аңызбын», «Маймылдар планетасының өсуі» және «Зұлым вирус» фильмдерінің басты идеясы да осы вирустардың қауіп-қатері туралы болды.
ҒАЛАМДЫҚ ЖЫЛЫНУ
«Егер ғаламдық жылыну бақылауға алынбаса, Жер Венераның кейпіне түседі және онда өмір сүру мүмкін емес», – дейді ғалым.
Біз үшін ең ауыр зардаптардың бірі – қазба отындарының жануынан, атмосферадағы көмірқышқыл газының көбеюінен туындаған ғаламдық жылыну. Мұндағы басты қауіп – температураның көтерілуі. Бұл мәселе Леонардо Ди Каприо ойнайтын «Он бірінші сағат» деректі фильмінде айқын көрсетілген. Осы ретте құрғақшылық пен ормандардың азаюы да ауадағы көмірқышқыл газының аз мөлшерде сіңуіне әкелеліп соқтыратын негізгі мәселелердің бірі.
Сонымен қатар, Арктика мен Антарктиканың еріп жатқан мұзы күн сәулесінің ғарышқа шағылысқан деңгейінің төмендеуіне әсер етеді. Бұл температураның одан әрі жоғарылауына итермелейтін фактор.
Стивен Хокинг «Біз ғаламдық жылыну процесі бір сәтте тоқтайтынын білмейміз. Бірақ ең төменгі жағдайдың өзінде Жер беті температурасы 250 градусқа жететін жағдайда тірі қалмайтынымыз анық» деп жаһандық жылынудың салдары адамзатты ақырзаманға алып келетінін баса айтты. Климаттың өзгеруі, яғни ғаламдық жылыну ядролық соғыстан да алапат қауіп.
Материалды дайындаған: Толғанай