Таныссыз жұмыс табуға бола ма?
«Тамыр-таныссыз жұмысқа кіру мүмкін емес». Бұл біздің қоғамымызда қалыптасып кеткен стереотип пе әлде түйіні шешілмей жатқан күрделі мәселе ме? Біз бұған жауап табу үшін бір әлеуметтанушы, бір блогер, бір мұғалім және бір жұмыссыз жүрген адамға сауалнама жолдадық.
- «Танысы жоқтың – шансы жоқ» дегенге келісесіз бе? «Жұмыс жоқ» деген жай сылтау ма, әлде әлеуметтік проблема ма?
- Жастар жұмысты көп ауыстырады. Оның себебі неде?
Сексенбайқызы Назерке, блогер:
1.«Жұмыс жоқ» деген сылтау емес, мұның тереңінде үлкен әлеуметтік теңсіздік те, мәселе де бар. Соның бірі – еліміздегі қазақы ортадан шыққан білімді жастардың көбісінің жұмыссыздық тауқыметін тартуы. Себебі, мемлекеттік бос жұмыс орындарының өзінде орыс тіліне шорқақ, бірақ білімі мен біліктілігі жеткілікті жастарды жұмысқа қабылдамайды. Біздің елде түсініксіз сондай жүйе қалыптасқан. Сондықтан, таныс арқылы жұмысқа кірудің де «шансы» бар.
Өз қабілетіне сенімді жастар «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» атты мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа кіріп, сол жерде қалуға тырысады. Одан бөлек, «Самұрық-Қазына» Қорының «Жас Самұрық» атты жобасы да жоғары оқу орнында оқитын жастардың тәжірибе жинап, кейін ресми түрде жұмысқа қалуына мүмкіндік береді. Оған ешқандай таныстың қажеті жоқ.
Қалаға жұмыс іздеп келгендердің көбі, алдымен, желілік маркетингтердің құрығына түседі. Қалтасындағы соңғы тиынына дейін сыпырып алып, жұмыссыз қалдыратын желілік маркетингтердің де, кадрлық агенттіктердің де заңсыздықтарын еш дәлелдей алмаймыз.
2. Бірінші себебі, бір жұмыс орнында 2 жылдан артық уақыт жұмыс істегенде біліктілігі көтерілмесе, кез келген адамның жұмысқа деген қызығушылығы жоғалады. Сондықтан, басқа жұмысқа ауысады. Екіншісі, оқыған мамандығы арқылы жұмыс таба алмау. Бізде мектеп бітіргенде баланың қалаған мамандығына түсуге не отбасының жағдайы көтермейді, не әке-шешесінің айтқанынан шыға алмай, солар таңдаған мамандықты оқып шығады да, кейін жұмысқа еш қызығушылығы болмайды. Жұмыс істемейін десе алған дипломы босқа күйіп кетеді. Сонымен, өмір бойы өз ортасын таппай, амалсыздан ілініп-салынып жұмыс істейді. Бір жерде тұрақты жұмыс істемеудің себебі сол. Одан қалды, диплом алғаннан кейін, тәжірибе болмаса да көп ақша табудың жолын ойлап, дипломды сандықтың түбіне тастайды да қара жұмысқа кетеді. Бірде көшеде жүк тасушы жап-жас қазақтың баласынан «қандай оқу бітірдің?» деп сұрағанымда, «бакалавр, универ, экономист» деп жауап берді. «Диплом бойынша жұмыс істемедің бе?» десем, «Менде таныс жоқ. Жұмысқа кіруге беретін ақшам да жоқ» деп жауап берді. Осындай ұғыммен қаншама дипломы бар жастардың өмірі қара жұмыспен өлшенуде. Бұл жерде қоғаммен дұрыс жұмыс атқара білмейтін әкімшіліктің де, жұмыспен қамту орталықтарының да жауапсыздығы бар.
Утебаева Ақерке, әлеуметтанушы:
1.Бұл тұжырыммен келісе алмаймын. Себебі қазір іздеген адамға жұмыс таныссыз да табылады. Бастысы, нарықтық экономиканың еңбек сұранысына сай келе алатын маман болу. Сондықтан, жастарға білім алумен шектелмей, әртүрлі курстарды оқып, түрлі біліктілікті меңгере білу маңызды. Қазір әлем тез дамып жатыр. Еңбек сұранысында үлкен өзгерістер бар. Сол сұранысқа сай маман болуға тырысу керек. Ол үшін мамандық таңдауда қателеспеу қажет. Мамандық таңдауда қателеспеу үшін мектеп бітіруші түлектерге мамандықтар жайлы ақпараттар мектеп қабырғасында жүргенде түсіндірілуі тиіс. Мамандықтар туралы толық ақпарат білмегендіктен, бітірушілер гранты көп жерге түскісі келеді. Ал ол мамандық 4 жыл бакалаврды меңгеріп шыққанда сұранысқа ие мамандық болмай қалса ше?
Еңбек нарығын реттеуші механизмдер дұрыс жұмыс атқармай жатыр. Қазір статистикаға зер салсаңыз, жоғары білімді мамандардың арасында жұмыссыздық дендеп бара жатқанын көресіз. Тек дипломдағы білімге сенбей, түрлі қысқа мерзімдік курстарға қатысып, еңбек нарығына араласқан дұрыс деп ойлаймын.
2.Менің ойымша, мұның бірден бір себебі, ең алдымен, жастардың жалақыға мән беретіндігі. Нақты жұмыс орнында білімі немесе біліктілігі жетпеу, еңбек шарттарының дұрыс орындалмауы да себеп бола алады. Жастардың мобильді болғаны дұрыс. Бірақ оны біздің қоғам жұмысқа тұрақсыз деп қабылдамауы мүмкін. Қазір жалақыдан медициналық сақтандыру жүйісіне де төлеу керек. Жастарға дұрыс әлеуметтік төлемдер жасалуы тиіс. Тұрғын үй пробламаларын шешуге арналған бағдарламалардың шарттарын жеңілдету керек. Сонда бір жерде тұрақты жұмыс істейтін болады.
Болат Назерке, мұғалім:
1.Бала кезімнен бір уақытта әртүрлі дүниелерге қызығып, апам айқандай, он екі жерден бір түртіп жүретінмін. Соның да әсері болар, мұғалім, газет тілшісі, радио жүргізушісі, журналист, аудармашы бола аласың дегеннен кейін филологияны таңдадым. Дәл қазір балаларды жан-жақты әрі ерте дамытуға арналған мектепте тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс атқарамын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Әрине, өз мамандығыма алыстау жұмыс. Бірақ оқуымды бітіргеннен кейін мамандық бойынша 3 жыл жұмыс істедім. Оның бірінші жылында Алматы қаласында екі мектепте, 2 жыл Семей қаласында колледжде оқытушы болдым. Мамандығым бойынша алғаш жұмысқа кіргенде, айлық ақым 20 мың болатынын ескертсе де, бірден келістім. Себебі, дипломың болса да, таныс пен ақшасыз мемлекеттік мекемелерде жұмыс табу біздің елде мүмкін емес деп жүргендер өте көп болды. Тіпті ата-анам да оқу бітіре сала «анаған айтайық, мынаған хабарласайық» деумен болды. Ал менің басты мақсатым еңбек жолымды таза бастау еді, оған жеттім. Адам өз қолынан келген дүние басқаға да оңай деп ойлайды. Мүмкін кейбір жастарға табаныңнан тозып жұмыс іздеу, аз жалақыға қарамастан тәуекелге барудан қарағанда, көкеңе алғысыңды айтып жылы орынға отыру әлдеқайда дұрыс шешім шығар.
2.Жұмысты жиі ауыстыратын жастардың қатарында мен де бармын. Адамның күш-қуаты мен жігерін жылдар уатып жіберетін сияқты. Уақыт пен қуат барда неге көп нәрсені біліп қалмасқа, үйреніп алмасқа? Өз басым жұмысты тәжірибе жинап, жан-жақты болу үшін ауыстырамын. Қатты қызықтырып бара жатқан салада еден жуушы болсам да, сол салаға жақындап ішкі күйін бір көріп шықсам деймін. Ал, жастыққа бәрі де жарасады.
Кенжебеков Жарас, жұмыссыз:
1.Негізгі бітірген мамандығым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мамандығым бойынша 6 жылдай жұмыс істедім. 6 жылда 3 мектеп ауыстырдым. «Жұмыс жоқ» деген мен үшін сылтау емес. Шынымен де таныссыз жұмыс табу мүмкін емес. Дәл менің мамандығым бойынша. Өйткені, дене шынықтыру мұғалімі ештеңесімен ерекшеленбейді, оқыған әр маманның қолынан келетін іс. Менің де өзгелерден ерекшелігім жоқ, сондықтан, танысы барларды жұмысқа алады да, мен көлеңкеде қалып кетем. Өзім де солай бірнеше мектепке таныс арқылы кіргем. Тұрақтамаған себебім, жалақының аздығы. Бір отбасын асырау керек болған соң, мұғалімнің жалақысы жеткіліксіз болды. Өйткені сағаттарымды да ақшасы барлар тартып алатын. Қазір мұғалімдікті қойып, жеке кәсіппен айналысуға ниет етіп жүрмін.
2. Мен өзім жұмысты көп ауыстырғанды ұнатпайтынмын. Бірақ солай көп ауыстыруға тура келді. Оның негізгі себебі, бәріміз де жалақыны жақсы төлейтін жерде жұмыс істегіміз келеді, сондықтан. Одан кейін басшылықпен арада болатын мәселелер де жұмысты ауыстыруға итермелейді. Жұмысты көп ауыстырудың пайдасы да, зияны да бар. Пайдасы – жаңа орта табасың, таныстарың көбейеді. Зияны – мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін болсаң, ешқашан көтерілмейсің.