Зейнетақы аннуитеті дегеніміз не?
Сіз зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аудара аласыз. Бұл ер адамдарға 55 жастан, әйел адамдарға 51 жастан бастап зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Сақтандыру компаниясы сізді өміріңіздің соңына дейін зейнетақымен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Осы қаржылық тетік «зейнетақы аннуитеті» деп аталады.
Зейнетақы аннуитеті жинақтаудың ең аз сомасы – ерлер үшін 9,6 миллион теңге және әйелдер үшін 13,4 миллион теңге болғанда ғана жасалады.
Ескерте кететін жайт, 1 қаңтардан бастап ерлердің зейнетке шығу жасы 63 жасты, ал әйелдердікі 59,5 жасты құрайды. Мұнымен салыстырғанда ертерек зейнетақы алу тиімді болып көрінуі мүмкін.
Әйтсе де, зейнетақы аннуитетіне жүгінудің кемшіліктері де бар. Мұндай сақтандыру компаниялары төлем мөлшерін «өте жоғары өмір сүру жасына» сүйене отырып есептейді. Олардың есептеулеріне сәйкес орташа өмір сүру ұзақтығы 100 жылдан асады. Демек, адам қайтыс болғаннан кейін қалған қаржы сақтандыру компаниясына аударылады. Сондай-ақ, сақтандыру компаниясында қалған ақшаңызды мұраға қалдыра алмайсыз.
Зейнетақы қорындағы өзімізге тиесілі ақшаны қалай аламыз?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны қандай жағдайда ала алатынымызға тоқталған болатынбыз. Білетініміздей, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, денсаулығымызға байланысты емделу үшін және жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беру үшін салымның белгілі бөлігін ала аламыз.
Осы орайда, зейнетақы қорындағы өзімізге тиесілі ақшаны қалай ала алатынымызға келейік.
- Тұрғын үй жағдайын жақсарту дегенді қалай түсінеміз? Яғни, сіз зейнетақы жинағының бір бөлігін алу арқылы:
- жаңадан салынған я пайдалануда болған үй немесе жер телімін сатып ала аласыз;
- ипотекалық қарызыңызды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге мүмкіндігіңіз бар;
- Өзіңізге жаңадан тұрғын үй салуыңызға болады.
Сондай-ақ, зейнетақы қорындағы қаржыңыздың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқарту үшін алған кезде уәкілетті оператордың қызметін пайдалана аласыз. Бұл жағдайда уәкілетті оператор қызметін «Тұрғын үй жинақтаушы банкі» атқарады.
Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу бар, осы қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды.
- Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін емделу мақсатында жұмсаудың шарттары мынадай:
- облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы денсаулық сақтау басқармаларының жанынан арнайы комиссия құрылады;
- сіз өзіңіз тұратын мекен-жай бойынша арнайы құрылған комиссияға зейнетақы қорынан алған қаражат есебінен емделу үшін өтініш қалдырасыз;
- комиссия сіздің медициналық көмекке зәру екеніңізді растауы қажет;
- медициналық көмекке зәру екеніңізді растайтын комиссия қорытындысын алғаннан кейін, емделетін клиниканы таңдайсыз;
- ең соңында Үкімет белгілеген уәкілетті операторға (оны өтініш беру барысында хабарлайтын болады) «зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану» туралы өтініш тапсырасыз.
- Зейнетақы жинағының бір бөлігін жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына берудің шарттары мынадай:
- зейнетақы жинағынан алған қаржыңызды басқаруға беру үшін, ең әуелі, жеке қаржы компанияларының бірін таңдайсыз:
- сосын, қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаныңыз жайлы ақпаратпен бөлісіп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш қалдырасыз;
- әрі қарай сіздің жұмысыңыз уәкілетті орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тапсырылады;
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сіздің өтінішіңіз негізінде зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын айқындайтын болады.
Зейнетақы қорындағы қаржыны туысыңыздың қажетіне де жұмсай аласыз
Тағы бір ескеретін жағдай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын қаржыңызды жақындарыңыз үшін жұмсауға мүмкіндігіңіз бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың өзі хабарлады.
Қаржы жұмсауға болатын туыстар санатына ата-анаңыз, балаларыңыз, жұбайыңыз, аға-әпкелеріңіз, іні-қарындастарыңыз (сіңілі), т.б. кіреді.
Зейнетақы қорынан алынған ақшаны туыстардың қажетіне қандай мақсатта жұмсауға болады?
Ақшаны туыстар үшін жұмсаудың шарты өзің үшін жұмсау шартымен бірдей. Яғни, туыстар үшін де баспана жағдайын жақсартуға, емдеуге немесе өзге қаржы компанияларына салу мақсатында пайдалана аласыз.