«Қағаз үй» сериалының бесінші маусымы шығады
«Қағаз үй» испан телехикаясының жанкүйерлері жаңа маусымды асыға күтіп жүргені мәлім. Бұл бесінші маусым танымал телехикаяның ең соңғы шығарылымы болмақ. Ал әзірше сериалдың актерлері түсірілім барысындағы фотолармен жарыса бөлісуде. Бұл тамаша жаңалық көрерменді одан сайын ынтықтырып қойды.
Продюсер Алекс Пинаның бұл жобасының әлемдік деңгейге көтеріліп, көпшіліктің көңілінен шығуының бірнеше себептері бар. Соның ішіндегі ең басты себеп – актерлердің өз кейіпкерлерін шынайы сомдауларында. «Қағаз үйдегі» әр кейіпкер ерекше мінез-құлықтарымен, әрекеттерімен және тартымдылықтарымен көрерменді баурап алғаны сонша, бір кейіпкердің қаза болып, актердің кадрдан кетуі трагедиямен тең болғаны рас.
Көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерген кейіпкердің бірі – Урсула Корберо ойнаған Токио атты қыз. Актриса Токио рөлінде жанкүйерлерімен қайта қауышатынын білдіріп, Instagram парақшасына фотосын жүктеді. Фотодан кезекті тонауға әзір тұрған бес қаруы сай Токионың қайсар мінезді образын көруге болады.
Сериалдың жұлдызы: ««Қағаз үйдің» бесінші маусымы сіздерді естен тандырады» деп жазған.
Соңғы маусымның көрсетілімі нақты қай күні болатыны туралы әлі ақпарат жоқ, бірақ көрермен күздің соңына қарай шығатынын болжап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Қағаз үй» телехикаясы қарақшылар тобының Испаниядағы ақша басып шығаратын мекемені тонау әрекеті туралы баяндайды. Сюжет тонау кезінде орын алатын қызықты оқиғаларға құрылған. Осы оқиғаның басында қарақшылар тобын құрып, тонау стратегиясын құрастыратын Профессор тұр.