Мәдениет

Қадыр Мырза Әлі анасының құлпытасына не деп жазған?

Бүгін көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің туған күні. Данышпан ақын көзі тірі болғанда биыл 86 жасқа келген болар еді. Ол 2011 жылы 24 қаңтар күні өмірден озды.

Оның 76 жас жасаған өмірінде 70-тен астам кітап шығарғанын ойласаң, шығармашылыққа бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен қайталанбас талант екеніне көз жеткізесің. Өмірінің соңындағы оншақты жылда 2 томдық афоризмдер, 20 томдық шығармалар, 11 томдық аудармалар дайындап кетіпті.

Оған көзі тірісінде ҚР Мемлекеттік сыйлығынан басқа, қазір жойылып кеткен Қазақстанның халық жазушысы атағы да, қазір берілмей кеткен «Тарлан» сыйлығы да бұйырыпты.

«Qadam.asia» Қадыр Мырза Әлінің туған күніне орай, анасы қайтқанда құлпытасына жазған өлеңінің тарихын баяндап береді.

Қадырдың анасы қазақ па?

Қадыр Ғинаятұлы 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Алматыға елуінші жылдардың ортасына қарай оқуға түсу үшін келеді де, ҚазМУ-ді бітірген соң осында қызмет істеп тұрақтап қалады.

Естеліктерге зер салсақ, ол заманда қалаға келген қазақтың азаматтары қадау-қадау, жалғыз-жалғыз. Отбасымен қопарыла көшіп келу деген сирек. Ақынның анасы елде қалып қояды. Ал, Қадырдың өзі әйелімен бірге Алматыда өмір сүрген.

Қадырдай ұлды өмірге әкелген анамыздың есімі Мағыраш екен. Мағыраш анамыз туралы Қадырдың немересі Сырым былай дейді. Мағыраш анамызға Сырым шөбере болып келеді.

Сырым әжесі Салтанаттан (Қадырдың әйелі) төмендегідей мәліметті анықтап сұрап берді.

Мағыраш анамыз да Жымпитыда 1914 жылы дүниеге келіпті. Қай ай, қай күні туғаны белгісіз. Құжатында да көрсетілмеген, соған қарағанда өзі де білмеген болуы керек. Қадырдай арысты туған Мағыраш анамыз 83 жас жасапты. Қадыр ақын анасын сол Жымпитыдағы қорымға өз қолымен қойған.

Қадыр Мырза Әлінің түйдей құрдас досы Оразақын Асқар бір әңгімесінде Мағыраш анамыз туралы айтады.

Анамыздың ұлты қандай, Алматыға неге көшіп келмеген, қартайғанда кім бағып-қаққан?

«Мағыраш апамыз қазақ емеспін деп айтқан жоқ, – дейді Оразақын Асқар. – Алматыға келіп-кетіп тұрды. Ол кісі келгенде қонаққа шақырысып тұрдық. Қадыр маған шешемнің әкелгені деп, бір қара қойдың басын мұжытты. Шешесі туралы «нағашыларымызға барып келдік» деп бөлектеп айтып отырғанын білем. Қарашай-шеркеш дегендер қазақпен етене араласып кеткен ғой. Қазақтың талай мықты жігіттері солардан әйел алған. Алматыға көшіп келмесе, бақилық болғандардың жатқан жерін тастап кете алмаған шығар. Менің білуімде, дәстүрді берік ұстанған жады мықты кемпір болатын. Сол жақта Қадырға берілген үйде, Қадырдың үлкен баласының, яғни немересінің қолында тұрды деп естігем».

Қадырдың анасының құлпытасына жазған өлеңі

Кейде ақындарды аңыздың кейіпкерлеріндей көретініміз бар. Шындығында, олар да адам баласы, олар да пенде. Біздің басымызды қатырған тіршілік түйткілдері олардың да басын қатырған.

Анасының құлпытасының басына жазылған төмендегідей өлең шумағы жүрегіңді шым еткізетіні содан да болуы керек. Осы бір ғана шумақ бір адамның тұтас ғұмырының суретіндей болып тұр.

Бала боп қызық көрмеген,

Баладан қызық көрмеген,

Байдан да қызық көрмеген,

Қайдан да қызық көрмеген,

Бұл жерде жатыр кейуана.

«Мұндай жыр қандай көкіректен шығады?» деп еріксіз таңырқайды екенсің. Бұл жолдардың ар жағында терең философиялық дүниетаным жатыр. Бір кезде Қадыр ойдың, ақылдың ақыны деген де сөз шыққан. Бір қызығы, «ойдың, ақылдың ақыны» деген сөз «аса керемет емес» дегендей естілген. Ал, осы анасының құлпытасына жазылған шумақта сезім мен эмоцияның тұтас галереясы көрініс тауып тұрған жоқ па?!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button