Мәдениет

Қасым хан туралы фильмнің түсірілімі басталды

Көптен күткен Қасым хан туралы фильмнің түсірілім жұмыстары басталды. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының Жаркент ауданында жүргізілуде.

Авторлар тарихи көркем фильмге «Ұлы дала таңы» деген атау беріпті. Әуелден белгілі болғандай, картинаның режиссері Ақан Сатаев. Кинотуындыны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсіреді.

Тарихи фильмде Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының мемлекеттілігінің өркендеп, қазіргі Қазақстан шекарасын қалыптастырғаны, ішкі-сыртқы саясаттағы тұтастықты нығайтқаны баяндалады.

«Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмінің режиссері қазір «Қазақфильм» киностудиясының басшысы екенін білеміз. Осыдан  бірнеше күн алдын, яғни 23 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақфильм» басшысын қабылдаған болатын.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздің киноиндустриядағы тәжірибеңіз мол, елге еңбегіңізбен танылдыңыз. Түрлі кинофестивальдерге қатысып жүрсіз. «Анаға апарар жол», «Томирис» және басқа да туындыларыңызды көрермен жылы қабылдады. Қазір Сізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деп алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік тілеген еді.

Енді міне, Қасым хан туралы фильмнің түсірілім жұмыстары басталып та кетті.

Қасым хан тұсында халық саны 1 млн-ға жеткен

Қасым хан 1445 жылы туып, 1521 жылы өмірден озған. Денесі Сарайшықта жерленеді. Ал Қазақ хандығын 1511-1521 жылдары басқарған.

Қасым ханның билігі тұсында ноғайлардың бір бөлігі қазақтарға қосылып, шекара Еділге дейін ұзарады. Оның хандық кезеңінде қазақ атты әскерінің саны 300 мың, халқының саны 1 млн-ға жетеді. Шекара батыста – Еділге, оңтүстікте Ташкентке дейінгі жерлерді қамтыды. Қасым хан тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң қалыптастырушы ретінде қалды.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button