Қазақ журналистикасы жеңді, қазақ киносы қашан жеңеді?
Қазақ журналистикасы кімді жеңді? Қазақ киносы кімді жеңбекші? Әлде, бұл салалардың жауы бар ма еді?
Жауы деуге келмес, бірақ бәсекелесі бар. Әбден тамыр жайған, өскен, өркендеген бәсекелес. Бұл майданда қазақ әдебиеті ертерек жеңіске жетті. Иә, Олжас Сүлейменов сынды алыптар да көсе-көлденең тұра алмады.
Олжас Сүлейменов қазақ әдебиетіне бәсекелес пе еді? Жоқ, Олжас Сүлейменов қазақ әдебиетінде есімі ерекше аталатын тұлғалардың бірі. Алайда, ол қазақтілді әдебиетке бәсекелес болды. Біз осыны айтып отырмыз.
Себебі, қазақ әдебиеті дегеніміз – қазақтілді әдебиет емес пе?! Бұл жерде француз әдебиеті француз тілінде, жапон әдебиеті жапон тілінде жасалды деген мысал келтіру артық болар.
Біздіңше, қазақ әдебиеті қазақтілді әдебиет екені айтпаса да түсінікті. Сол секілді қазақ журналистикасы қазақтілді журналистика, ал қазақ киносы қазақтілді кино болу керек емес пе?!
Қазақ журналистикасы қалай жеңіске жетті?
Байқасаңыздар, жоғарыдағы сөйлем жаңылтпашқа ұқсайды. «Қазақ әдебиеті қазақтілді әдебиет екені айтпаса да түсінікті». Бұлай болатын себебі, мұндай тіркестің өзі қате. Біз парадокстар елінде өмір сүріп жатқан сияқтымыз.
Иә, қазақ әдебиеті ертерек жеңіске жетті. Қазақ ән өнері де тізгінді қолдан бермей ұстап қалды. Бұл қазақ әнінің эстрадаға жылдам ауысып үлгергенімен байланысты болса керек.
Біз дәстүрлі әндер мен эстрадалық әндерді салыстырудан аулақпыз. Тек халық шетелдік эстраданың тыңдарманына айналып бара жатқан кезде композиторларымыздың қазақтілді эстрада қалыптастырып үлгергенін тілге тиек етіп отырмыз.
Енді қазақ журналистикасына келейік. Бұл майдандағы күрес әлдеқайда тартысты болды. Орыстілді қазақ журналистикасынан озу үшін қазақтілді қазақ журналистикасында бірнеше буын алмасу керек еді.
Орыстілді қазақ журналистикасы несімен мықты болды?
Орыстілділер келтірген аргументтер сенімді болып көрінетін. Экономикалық талдаулар, салалық аналитика, биліктегі қателіктер солардың аузымен айтылып, солардың қолымен жазылса күмән келтіруге болмайтындай еді.
Қызығы, халық қана емес, билік те солардың сөзін құлаққа ілетін. Ал, қазір қазақтілді журналистика сауатты журналистикаға айналған.
Қазақтілді журналистер бұрыннан сойып айта алатын. Бірақ, қазір түрлі аналитикалық талдаулар, философиялық, әлеуметтік тақырыптар қазақ тілінде интеллектуалдық деңгейде жазылатын дәрежеге жетті.
Қазір қазақтілді журналистер азаматтық қоғамның жаршысына айналды. Бұрын бұл міндетті орыстілділер атқаратын еді. Иә, азаматтық қоғамның принциптеріне адал қызмет етіп жүрген журналистердің саны көп емес. Бірақ, олардың үні халықтың құлағына жетіп жатыр. Жүрегіне орнығып жатыр.
Яғни, қазақ тілі демократиялық құндылықтардың орнығуына, азаматтық қоғам құруға еңбек сіңіруде. Қазақ журналистикасы жеңді ме? Жеңді. Қазақтілді журналистер жеңді!
Біз өз тілімізде құқықтарымызды талап етуді үйреніп келеміз. Біз өз тілімізде түрлі салада жетістікке жете алатын болдық. Бұған қазақтілді қазақ журналистикасының сіңірген еңбегі орасан.
Ендігі жерде қазақтілді қазақ журналистикасы деген ұғым түбегейлі жойылатынын болжауға болады. Тек қазақ журналистикасы деген ұғым ғана қалмақ.
Алайда, еліміздегі кейбір БАҚ-да әлі де орыс тілі үстемдік құрып келеді. Бұл сұранысқа да байланысты. Яғни, кейбір сайттардың орыс тіліндегі қызметі кеңінен сұранысқа ие деген сөз. Ал, қазақ тіліндегі қызметі енді-енді аяққа тұрып келеді.
Дегенмен, қазақ тіліне деген сұраныстың артуына қарап, аз жылдың ішінде барлық ақпарат құралдары қазақ тіліне көбірек басымдық беретінін болжай аламыз.
Ұлттық кино қай тілде жасалады?
Әлі күнге орысша сөйлеп келе жатқан сала – қазақ киносы. Иә, Қазақстаннан шығатын фильмдердің дені қазақ тілінде. Алайда, жаны қазақ па?
Кейіпкерлер қазақша сөйлейді демесеңіз, кино туындылардың тұла бойынан өзге мәдениеттің лебі есіп тұрады. Мәселе кино жасаушылардың қазақы дүниетаныммен таныс емес екендігінде. Қазіргі қазақ киносын жасап жүргендер қазақтың жанын қаншалықты түсінеді?
Қазақтың ұлттық ойлау жүйесін, руханиятын, әдебиетін қаншалықты зерттеді? Отандық фильмдердің кейіпкерлері негізінен қарапайым халық – қазақтілді орта. Ал, орыстілді киногерлер қазақтілді ортаның жан-дүниесін, сезімдерін, тұрмыс-салтын қайдан біледі? Олардың ортасына кіріп, қопара зерттеу үшін солардың тілін білуі керек емес пе?
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылған кезде қазақ киносының жаңа кезеңі басталатындай қуандық. Көптеген үміткерлер іріктеу кезеңінен өту үшін питчингке қатысты. Ал, келіп түскен жобаларды іріктейтін Сараптама кеңесінің құрамы негізінен орыстілділер.
Иә, сіз қате оқыған жоқсыз, түгелге жуық орыстілділер. Үміткердің ұлттық кино мәртебесіне ұсынып жатқан жобасын қазақ тілінде қорғауға мүмкіндігі бар ма?
Құжат жүзінде бар. Ал, іс жүзінде олай емес. Алдыңызда мүлде қазақша түсінбейтін адамдар отырса, сіз кімге сөйлейсіз? Ұлттық кино – барлық жағынан ұлттық сипатқа ие болуы керек емес пе? Ұлттық мәдениет дегеніміз – сол ұлттың тілінде жасалмай ма?
Қазір Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы алдағы питчинг үшін құжаттар қабылдауда. Көктемде іріктеу кезеңі өтеді. Киногерлер тағы да Сараптама кеңесінің алдына шығады. Тек Сараптама кеңесінің құрамын жаңарту керек екені бірінші кезектегі мәселелердің бірі болуы тиіс. Ұлттық кино мәртебесіне ұсынылатын жобаны мемлекеттік тілде сөйлейтін, ұлттың жанын түсінетін мамандар сарапқа салып, іріктеуі ләзім.
Осылайша, қазақтілді киногерлерге жол ашылады. Осындай қадамдарға бара алсақ, бірте-бірте қазақтың жанын түсінетін режиссерлердің, сценаристердің, қоюшы суретшілердің, операторлардың мектебі қалыптасады.
Әйтеуір, бір кезең туып кинематографиямыз қазақ қоғамының жүрек қағысын, сана-түйсігін түсіне алатын ұлттық сипатқа толықтай ауысатынына кәміл сенеміз. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ең басты мақсаты да осы емес пе?
Иә, қазақ киносының жеңісі алыс емес. Бірақ, жақын да емес сияқты ма, қалай?
«Qadam.asia»