Қазақта рок-музыка бар ма?
Рок-музыка деген не өзі? Әлемдік музыканың барлығы дерлік әртүрлі ұлттық әуендердің синтезінен туындағаны белгілі. Біз сөз еткелі отырған музыканың «рок» жанры да әртүрлі әуендердің синтезінен құралған.
Жеке жанр ретінде рок-музыка «рок-н-роллдан» бастау алады. Ал рок-н-ролл жанры өз кезегінде «ритм-н-блюз» бен «кантридің» қосындысынан шыққан.
Ритм-н-блюз – афроамерикалықтардың шектелген құқықтарын қайтарып берді
Ритм-н-блюз – АҚШ-тағы афроамерикалықтардың би әуені. Өткен ғасырдың 30-жылдары пайда болған бұл музыка қара нәсілділердің АҚШ-тағы алғашқы дыбыс жазу студияларын ашуымен басталды.
Олар ендігі жерде ақ нәсілділермен заң жүзінде тең бола тұра, тек қара жұмыстың айналасында қалғысы келмеді. Қалаларға қарай ағылған қара нәсілділер клубтарда халықтың көңілін көтеру үшін ән айта бастады. Бірақ та, халықтың барынша көңілін көтеріп, орнынан тұрғызып, өздері секілді билетіп жіберу үшін қарапайым аспаптардың, әсіресе, гитараның дыбысы жеткіліксіз еді.
Міне, осы тұста электрогитаралар клубтардағы алғашқы орындаушылардың қолдарына ілігіп, дәстүрлі мелодия мен лирикалық блюзға қарағанда өзінің жылдамдығымен және агрессивтілігімен ерекшеленетін ритм-н-блюз жанры дүниеге келді. Бүкіл америкалық клубтар мен би кештерінде осы жанрдағы әндер орындалғанымен де, телеарналар мен радиоларда насихаттала қоймады. Өйткені, бұл не дегенмен де қара нәсілділердің әуені болатын.
Рок-н-ролл – адамдардың соғыстан кейінгі қасіретін ұмыттырды
Ал, 1954 жылы Билл Хейли атақты «Rock Around The Clock» синглын жазып, ол 1955 жылғы 29 маусымда алғаш радиодан берілген күн – рок-н-роллдың негізгі туған күні саналады. Бұл жанр афроамерикалық ритм-н-блюз бен ақ нәсілділердің кантри музыкасының синтезінен туған жеңіл, биге өте икемді музыка болды. Атауының өзі «тербел және домала»деген мағына береді.
Кез келген халық өміріндегі оқиға адамдардың санасында өз ізін қалдырмай қоймайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемде тыныштық орнап, халық мамыражай күй кешіп жатты. Нәзік сезімдер, романтикалық көңіл күй алға шықты. Бірақ, соғыс біткенше осы сәтті аңсаған халық бірсыдырғы өмірден бәрібір шаршай бастады.
Шындығында бұл адам көңілінің тұрлаусыздығынан емес еді. Жақында ғана адамзат басынан өткен ауыр қасіретті ұмытуға деген талпыныс болатын. Соғыстан кейін адамдар идеялардан шаршады, оларға ритм, жылдамдық қажет болды. Міне, рок-н-ролл осы тұсқа дөп келген еді.
Рок-музыка – жәй ғана әуен емес, философиялық ырғақ
Соғыстан кейінгі жылдары рок-н-роллға әлем тербеліп жатты, билеп жатты. Бүкіл Америка, Еуропа толқу үстінде және үлкен ізденіс үстінде еді. 1957 жылы америкалық гитарист Линк Рэй тұңғыш рет өзінің «Rumble» композициясында гитарадағы «фузза» әсерін қолданды. Міне, рок-музыканы рок-н-роллдан бөліп алып шыққан алғашқы элемент осы болатын. Ендігі жерде «тербел және дөңгеле» мағынасындағы жанр атауының «дөңгеле» сөзі түсіп, «рок» жанры пайда болды. Яғни, тек «тербеліс».
Рок-музыка – музыкалық топтың орындауында айтылатын ән. Ол топ, негізінен, вокалистен, гитарада (электрогитара) және бас гитарада ойнаушыдан, барабаншы мен кей кездерде клавиштік аспапта ойнаушыдан тұрады.
Музыканың бұл жанрының басты ерекшеліктерінің бірі – өзгеріссіз ырғақ. Әрине, өте қиын иірімді рок әндер баршылық. Сонда да, оның түп негізінде тұрақты ырғақ жатады. Рок-музыканың тағы бір және ең басты ерекшелігі – рок-ансамбльдегі басты аспап электрогитара екенін атап өтуіміз керек.
Ең қызығы, ол тек музыкалық жанр ретінде қалып қойған жоқ. Өзінің дүниеге келуімен бірге көптеген субмәдениеттерді өмірге алып келді. Әрбір субмәдениеттің өзіне ғана тән рок-музыкасы бар. Яғни, рок – әлемдік мәдениетте төңкеріс жасады. Белгілі бір деңгейде еркіндік сыйлады. Ішкі ойды ашық айтуға тәрбиеледі.
Рок-музыканың жанрлық түрлері туралы
Оның ең атақты жанрлық түрлері ретінде хард-рок, поп-рок, фолк-рок, панк-рок, психоделикалық рок, хеви-металл, электроник-рок сияқты тармақтарын айтуға болады.
Хард-рок. Хард деген сөздің тікелей аудармасы «ауыр» деген мағына береді. Яғни, ауыр рок. Мұнда, жоғарыда айтып өткен ырғақ секциясы (ритм секция) өте үлкен жұмыс атқарады. Барабан, бас және ырғақ гитаралары барынша жылдам әрі қатты ойналады.
Поп-рок. Поп-музыка сияқты жеңіл және көпшілік аудиторияға арналған музыка.
Фолк-рок. Заманауи рок-музыка мен халықтық музыканың синтезінен шыққан жанр.
Панк-рок. Кәсібиліктен алыс болғанымен, өте айқын музыка. Әуені қарапайым, тіпті жұпыны болып келеді.
Психоделикалық рок. Ауыр, стандартсыз музыка. Көптеген әсерлердің орынды-орынсыз тықпалануымен адам психологиясына ауыр әсер ететін музыка.
Хеви-металл. Өте қатты орындалатын, музыкалық стандарттарға бағынбайтын металды музыка. Одан адам жанына гармония табу қиын.
Электроник-рок. Бұл электронды аспаптардың сүйемелдеуімен орындалатын рок-музыка. Оның пайда болуына синтезатордың дүниеге келуі тікелей ісер етті.
Қазақтың алғашқы рок-музыкасы
Бүкіл әлемді тербетіп, тіпті, Кеңес өкіметінің құлауына белгілі бір деңгейде ықпалын тигізген рок-музыка қазақ даласын айналып өтті ме деген сұрақ туындайды.
Кеңес өкіметінің құлауына әсер еткен деуіміздің себебі бар. Рок-музыкада ой еркіндігі, сөз бостандығы, күрделі философиялық ойлар көптеп ұшырасады. Бұл жанрдың стилистикасы өзі осындай күрделі тақырыптарға сұранып тұрады. Өз дәуірінде «модаға» айналған рок-музыканы кеңестік идеология уысында ұстай алмады. Рок жастардың ең сүйікті музыкасына айналды. Ал, бұл жас ұрпақтың санасына ерік бостандығы идеясын сіңіріп жатқан еді.
Сонымен, қазақ даласына оралайық. 1970 жылдары Ресейде ұлттық рок-музыка дамып жатқан тұста, 1967 жылы біздің елде алғашқы ансамбль «Дос-Мұқасан» құрылды. Әрине, олар эстрадалық поп-музыканың өкілдері болатын.
Бірақ, «Дос-Мұқасан» ансамблінің орныдауындағы бүкіл әндердің ішінен екі композицияны ерекше бөліп алып қарауға болады.
- Т.Мұхамеджановтың «Арал» әні;
- Авторы белгісіз «Бетбақдала» композициясы.
«Арал» әні.
Бұл әнде барабан мен электроклавиштік аспап бірінші орынға шығып, бүгінгі америкалық «Линкин парк» рок-музыкалық тобының әндерін еске түсіреді. Әннің стилистикасы хард-рок немесе электроник-рокқа ұқсайды. «Арал» әні композитордың рок-музыкаға деген қызығушылығынан дүниеге келген. Себебі, 1980-1982 жылдары композитор Төлеген Мұхамеджанов Мәскеуде оқиды. Ол кезде рок-музыка Ресейде үлкен қарқынмен дамып жатқан болатын. Одан бөлек, шығармашылық ізденісте жүрген автор 1980 жылы «Жерұйық» рок-операсының алғашқы нұсқасын жазып шыққан.
«Бетбақдала» композициясы.
Ресейдің тәуелсіз мәдени-қоғамдық COLTA.RU порталының рейтингі бойынша, «Бетбақдала» композициясы Кеңес өкіметіндегі «психоделикалық рок» жанрының ең озық үлгісі ретінде мойындалған. Осы композиция жазылған пластинка кеңестік кезеңдегі ең көп ізделетін және қымбат пластинкалардың қатарында болғаны да осы порталда ашып жазылған.
Бірақ, композиция «психоделикалық рок» болып есептелгенімен, оның астарында қазақтың күйі жатқанын ұмытпауымыз керек. Мүмкін, психоделикалық фолк-рок деп атауға болатын шығар. Қалай болғанда да, біздің далада да өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында рок-музыканың элементтері, тіпті, рок жанрындағы жекелеген композициялар болды.
Ал, қазақтың бүгінгі рок-музыкасы туралы не білесіз?