Мәдениет

Қазақтың тамақтану мен дастарханға отыру мәдениеті

Қазіргі диетологтар мен тағамтанушы мамандар қазақтың ас ішу мен дастарханға отыру мәдениетінің денсаулыққа өте пайдалы екенін жиі айта бастады.

Мәселен, танымал нутрициолог Майгүл Қайнарбаеваның айтуынша, асты дұрыс ішпеудің кесірінен қазір халықтың 80-90 пайызы созылмалы ауруға шалдығуда. Дұрыс тамақтанудан бұрын тамақты дұрыс отырып ішудің де маңызы зор.

 «Сондықтан қазақ халқының ежелден қалыптасқан дастархан мәдениетін жаңғартуымыз керек. Халқымыз дастархан басында отырарда бүкіл ісін жинастырып, бүкіл жанұясымен, әулетімен келіп ас ішуге отырады. Қария тамақ бастамай, жанұяның өзге мүшелері асқа қол салмайды. Әрі қариясы дастарханнан тұрмай, басқасы да тұрмайды. Бұл не үшін керек? Бұл ас-ауқатты асықпай, сіңдіріп ішуге көмектеседі. Адамның ас қорытуы ауыздан емес, мидан басталады. Адам алдымен бүкіл назарын тамақтануға қойып, ден салуы тиіс. Асығып ішкен ас «ас болмайды». Адам миы тойғанын 20 минуттан кейін ғана сезеді. Ал асығып ішкен астан, тойған-тоймағанымызды сезбей қаламыз. Ауру, міне, осыдан шығады», – деп түсіндірді Майгүл Қайнарбаева.

Соған байланысты қазақ халқының дастарханға отыру, ас ішудің қалыптасқан мәдениеті мен дәстүрін жинастырып ұсынуды жөн көрдік.

– Қазақ таңғы асын ішпей шаруаға аттанбайды. Жоқ дегенде, бір үзім нан жеп кету керек. Қазақтардың «Айып етпеңіз, асығыспын, наннан ғана ауыз тиейін», «Тым құрыса наннан ауыз тиіңіз!» деп жататыны осыдан. Қазіргі уақытта нанның орнына жеміс, кәмпит ұсынып жатады.

– Қолын жумай дастархан басына отырмайды. Қонақтарға тамақ берердің алдына және тамақ соңында үй иесі келгендердің қолына құманмен жылы су құйып, қолын шаюына көмектеседі. Қолды шайған кезде әрбір саусақты жуу керек.

– Дастархан басына отырғандарды ішіп-жеуге зорламау керек. Бұл жараспайды. Әр адам өзіне ұнаған дәмнен жеп, тәбетіне қарай ас ішеді. Бірақ ас ұсыну – жақсы қасиет.

– Дастархан басында отырған адамның санын санауға болмайды. Жаман ырым деседі.

Тамақ жеуге кірісерде «Бісміллә» айтып дұға оқып, бата беріп барып бастайды. Ең алдымен бір жапырақ нанды үзіп жеп барып, асты бастайды.

– Тамақты үш саусағымен алып жейді және табақты өз алдыңнан ғана жеу керек.

Шайды ыстық күйде де, суық күйде де ішпейді. Бұл асқазанға зиян.

– Тамақты аз-аздап, мұқият шайнап, асықпай жейді.

– Ыстық тамақты не шайды суыту үшін үрлеуге болмайды. Сүтті де үрлеп ішпейді. Тамақтың ырысы қашады деседі.

–  Тамақ ішіп отырып қақалып қалған жанға «Май қап!» деп, арқасынан қағады.

– Үстел басындағы тамақты, айталық, қолдан пісірілген нанды басқа бір нәрсемен салыстырып, жамандауға болмайды («Масқара, мына нан не деген қатты, піспей қалыпты ғой, т.б.).

– Тамаққа тойған болсаңыз, «тойдым», «қарным тоқ» деп айтуға болмайды. «Рақмет, қанағат» деген жөн.

– Нанды не тамақты тауысып ішпей, қалдырып кету – жаман ырым. Тамақты соңына дейін ішкен жөн. Бұл – берекені білдіреді.

– Дастарханды, асты аттауға болмайды. Бұл – асты сыйламаудың белгісі.

– Тамақ тұрған үстелге қарай жөтелуге, түшкіруге болмайды. Бұл – мәдениетсіздік.

– Дастарханға отырғандардың бәрі тамақ жеп болмай, үлкендер бата бермей, үстелден тұрып кетуге болмайды.

– Жеміс-жидек пен көкөністі жер алдында жақсылап жуу керек. Бұл жұқпалы аурулардан сақтану үшін керек.

– Егер түскі ас болып немесе қарның ашып, көшеде, көлікте, базарда тамақ ішетін болсаң – өзгелердің назарын аудармай тамақтану қажет.

– Сүт құйылған ыдыстың бетін ашып тастап кетуге болмайды. Сүтке микроб түсіп кетуі мүмкін. Не ашып кетуі мүмкін. – Нанды жерге тастауға, лақтыруға болмайды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button