Мәдениет

Әлемді билеген әулеттер қазір қайда?

Қазақ тарихы тікелей Шыңғысхан және оның ұрпақтарымен байланысты. Сондықтан, бертінге дейін төрелер әулеті билеген феодалдық ел болдық. Хандық басқару жүйесі дала феодализмінің тірегі еді. 

Тек бізде ғана емес әлемнің көптеген елдерінде монархиялық билік ғасырлар бойы үстемдік құрды. Қазіргі Еуропада монархтар басқаратын 12 ел ғана қалыпты. Бірқатар әулеттер төңкерістен кейін құлатылды, бүгінде олардың көпшілігінде нақты билік жоқ. 

Бірақ мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі өзгергеніне қарамастан, әлі күнге ақсүйектердің сарайлары бар және ортағасырлық шендер үлестіріліп жатады. Тіпті, билігі жоқ болса да, әулеттің өз ішінде таққа үміткерлерді бекіту дәстүрі сақталған. Ежелгі әулеттердің кейбір ұрпақтары елді басқару үшін өз кезегін күтіп жатқанда, кейбірі автожарыспен айналысады, кейбірі ән жазады және өзге де қоғамдық жұмыстармен айналысады. Негізінен олардың дені саясатпен айналысқанды қаламайды.

Ғасырлар бойы билік жүргізген даңқты әулеттердің ұрпақтары қазір қайда? Олар немен айналысады? Qadam.asia сайтының ұжымы осы сынды сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Гримальдилер әулеті

Монако князі Ренье ІІІ мен жұбайы Грейс Келли балаларымен

Ең ежелгі еуропалық әулеттердің бірі. Оның тарихы 1297 жылы 8 қаңтарда Франсуа Грималдидің Генуя бекінісін басып алған күні басталды. Кейіннен осы бекініс Монако княздігіне айналады. Міне, содан бері 700 жылдан астам уақыт бойына Гримальдилер әлемдегі ең кішкентай мемлекетті басқарып келеді.

Монаконың қазіргі князі Альбер ІІ мен Шарлен Уиттсток балаларымен

Альбер II 2005 жылы әкесі Ренье ІІІ қайтыс болғаннан кейін Монаконың тағына отырады. Ол Еуропадағы ең бай монархтардың бірі. Байлығы шамамен 1 миллиард долларға бағаланады. Шындығында, Монакода мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстар жоқ. Ал, осыншама байлық қайдан келді дейтін болсақ, Гримальдилер отбасы князьдіктегі барлық казинолардың акцияларына ие. Өздеріңіз білетіндей, ойын бизнесі Князьдіктің негізгі табыс көздерінің бірі болып табылады. 

Монако князінің спорттық жетістіктеріне таңғаласыз. Альбер II Олимпиада ойындарында бобслей бойынша бес рет өнер көрсеткен, Париж-Дакар раллиіне де қатысқан. Ол аздай каратэден қара белбеудің иесі. 

Гогенцоллерндер әулеті

Пруссия королі Фридрих Вильгельм ІІІ отбасымен

Немістің бұл патшалар әулеті XI ғасырда Хехинген қаласында пайда болады. Гогенцоллерндердің бір тармағы Румынияны ұзақ уақыт басқарса, екінші тармағы неміс кайзерлеріне айналады. Кайзер деп монархиялық билеушіні айтамыз. 1918 жылғы Германиядағы төңкерістің нәтижесінде әулет билігі құлатылады. Осылайша неміс монархиясының күні біткен еді. 

Пруссияның қазіргі ханзадасы Георг Фридрих Фердинанд пен жұбайы Софии фон Изенбург 

Георг Фридрих Фердинанд Пруссияның соңғы патшасы Уильям II-нің шөбересі. Ол әлі күнге дейін Пруссия ханзадасы деп есептеледі және 1994 жылдан бері Гогенцоллерн үйін басқарып келеді. Георг Германияның саяси өміріне белсене араласпайды. Бірақ, соңғы кезде әйгілі бабаларының мұраларын сақтап қалу үшін белсенділік танытып жүр.

Қазір ол төңкеріс кезінде тәркіленген жылжымайтын мүлікті, антиквариаттар мен картиналар  коллекциясын, тартып алынған басқа да құнды заттарды Гогенцоллерн үйіне қайтаруды талап етуде.

Лихтенштейндер әулеті

Лихтенштейннің алғашқы князі Карл І

Кішкентай мемлекеттің атауы Лихтенштейн әулетінің құрметіне қойылған. Олардың есімі алғаш рет XII ғасырда Вена жағасындағы атақты қамалдың иелері ретінде танылады. 1866 жылы князьдік өз тәуелсіздігіне қол жеткізеді. Сол кезден бастап әлі күнге дейін бұл мемлекетті Лихтенштейн әулеті басқарып келеді. Әлем картасынан Лихтенштейнді табу қиын, кішкентай мемлекет Австрия мен Швейцарияның аралығында орналасқан.

Лихтенштейн ханзадасы Ханс-Адам ІІ және жұбайы Мария

Ханс-Адам II 1989 жылы 13 қарашада Лихтенштейн тағына отырады. Оның толық есімі Йоханнес Адам Фердинанд Алоиз Йозеф Мария Марко д’Авиано Пий фон унд цу Лихтенштейн. Байлығы 4 миллиард долларға бағаланатын ханзада Еуропадағы ең дәулетті монарх болып саналады. Ол крест жорықтары кезінде құрылған әлемдегі ең ірі банктердің біріне иелік етеді. 

Ханс-Адам II саяси қызметтерінен басқа, көбіне фермерлікпен әуестенеді. Оның шарап дайындауға арналған жеке жүзімдіктері бар.  Ал, бұл шарап әлемдегі ең қымбат брендтердің бірі болып саналады. Лихтенштейннің кішкентайлығы соншалық, ханзада ел тұрғындарының көпшілігін таниды. 

Радзивиллдер әулеті

«Радзивиллдің қабылдауында өнер көрсеткен Шопен» картинасы. Авторы Генрих Семирадский

Кезіндегі Литва Үлкен Герцогтігінің ең бай әулеттерінің бірі. Олардың иеліктеріне қазіргі Литва, Беларусь, Украина және Польша территориясындағы жерлер қараған. Радзивиллдер Рим ақсүйектерінің ұрпақтары деген аңыз бар. 

Әулеттің ең танымал ұрпағы Константин Радзивилл

Қазіргі Радзивиллдердің саяси беделі бірнеше ғасыр алдыңғы ықпалынан кем емес. Солардың бірі Константин Радзивилл бірнеше жылдың алдында Польшаның Денсаулық сақтау министрі болып қызмет атқарған.  Ол әлі күнге дәрігер ретінде жұмыс істейді және «Үш плюс» көп балалы отбасылар қауымдастығының құрылтайшыларының бірі болып табылады. Константиннің өзі де әйелімен бірге 8 бала тәрбиелеп отыр.

Ханзада Станислав Радзивилл мен жұбайы Кэролайн

ХХ ғасырдың бірінші жартысында Радзивилл әулетінің бір бөлігі АҚШ-қа қоныс аударады. Онда олар АҚШ президенті Джон Кеннеди отбасымен достасады, тіпті туысқандық қарым-қатынас орнатуға да қол жеткізеді. Джон Кеннедидің әйелі Жаклин Кеннеди болса, Жаклиннің сіңілісі Кэролайн поляк ханзадасы Станислав Радзивиллге тұрмысқа шығады. Осылайша эмиграциядағы ханзада президенттің бажасына айналып шыға келеді. 

Ганноверлер әулеті

Ганноверлер әулетінен шыққан соңғы патшайым Виктория

Ганноверлер әулеті Ұлыбританияны 1714 жылдан 1901 жылға дейін басқарады. Осы уақыт аралығында Англия Еуропа өнеркәсібінің көшбасшысына айналады. Тіпті, Лондонда Дүниежүзілік өнеркәсіп көрмелерін ұйымдастырады. Патшайым Виктория қайтыс болғаннан кейін, билік Виндзорлар әулетіне ауысады. 

Ханзада Эрнст Август пен жұбайы Екатерина Малышева

Ганноверлердің ең жас өкілдерінің бірі ханзада Эрнст Август Ұлыбритания тағынан үміткерлердің қатарында. Оның иелігінде бірнеше тарихи қамал мен көптеген әлемдік өнер туындылары бар.  Ресейлік дизайнер Екатерина Малышеваға үйленген ханзада қазір Австриядағы мұраға қалған жылжымайтын мүліктеріне иелік етеді. 

Медичилер әулеті

Флоренцияның билеушісі, әйгілі меценат Лоренцо Медичи.

Атақты олигархтар әулеті Флоренцияны XIII ғасырдан XVIII ғасырға дейін билейді. Медичилар Ренессанс дәуіріндегі суретшілер мен сәулетшілердің, ақындар мен ғалымдардың меценаттары ретінде танымал. Бұл әулеттен бірнеше Рим Папасы және Францияның екі патшайымы шыққан. 

Медичилар әулетінің қазіргі көшбасшысы Оттавиано де Медичи ди Тоскана ди Оттаяно

Әулет билігі XVIII ғасырда құлатылады. Медичилардың соңғы билеушісі Косимо III-ден ұрпақ қалмаған. Бүгінде әулеттің ұлдан тараған 8 ұрпағы бар. 

Оттавиано де Медичи ди Тоскана ди Оттаяно қазір Медичи үйінің мирасқоры әрі әулеттің көшбасшысы. Ол Флоренцияны жаппай туризмнен қорғау бағытындағы «Save Florence» қауымдастығының негізін қалаушы. Расында, туристер Италияның тарихи қаласына орасан экологиялық зарбап әкелуде.  

2014 жылы Оттавиано Ким Кардашьян мен Канье Уэсттің үйлену тойын сынады. Себебі, жұлдызды жұп XVII ғасырда салынған Флоренциядағы ескі қамалды 300 000 еуроға жалға алған еді. Бірақ, ғимаратқа келтірілген залал бұл сомадан әлдеқайда көп болып шықты. Оттавиано Флоренцияның игілігі үшін өзін қоғамдық жұмыстарға арнаған адам. 

Басында айтқанымыздай, ақсүйектер әулетінің билігі бізге жат емес. Хандық билік кезеңі тарихтан өз бағасын алды. Абылай ханның, Жәңгір ханның ұрпақтары қазір арамызда жүргенін жақсы білеміз. Олар да қарапайым халық айналысатын жұмыстарды істейді, біздің балаларымыз оқитын мектептерде олардың да балалары оқиды. 

Расында, даңқты әулеттің ұрпағы болу мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік екенін де ұмытпайық. 

Әлемді билеген әулеттер қазір қайда?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button