Мәдениет

Әлкей Марғұлан туралы: халқын жанындай жақсы көретін

Бүгін қазақтың ғұлама ғалымы, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы әрі ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның туған күні. Ғалымға биыл 117 жыл толды.

Qadam.asia редакциясы ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы Марғұланның 2004 жылы жазған әкесі туралы естелігін ұсынып отыр.  

Әкем күніне 16-18 сағат жұмыс істейтін. Кейде сағат таңғы 4-терде ұйқыдан оянып қарасаң, жазу үстелінде отыратын. «Папа, сен қашан демаласың», – десем: «Айналайын, қазір жатамын», – дейтін. Тағы бір-екі сағаттан кейін қарасам, әлі жұмысын істеп отыратын.

Ол кісі бала сияқты ақкөңіл, аңқау болатын. Папама 80-жылына арналып «Халықтар достығы ордені» берілетін болды. Ол туралы жарлық та шықты. Бір күні маған:

– Данел, айналайын, маған бір орден ұсыныған сияқты, ол қайда? Сен алдың ба?

– Маған бермейді ғой. Сені шақырып, салтанатты түрде өздері береді. «Солай ма, айналайын» – деп кабинетіне кіріп кетті.

Әкем ашық адам болатын. Үйге қонақ келгенде де негізгі әңгімесі қазақ туралы. Бірде: «Сұлулықты ең жақсы түсінетін екі халық бар. Олар қазақтар мен француздар», – дегені есімде. Халқын жанындай жақсы көретін. Бір қызық мінезі – қонақтармен де көп отырмайтын. «Ал, сендер отыра беріңдер, мен шамалы демалайын», – деп өз бөлмесіне кіріп кететін. Әр уақытын үнемдеп пайдаланғанды жақсы көруші еді.

Өмірінің соңғы күндерінде қатты аурып, тамақты аузына алмай қиналып жүрді. Сонда бір қайын туысым Асарбаев Асылбек деген кісі «мен ағамызға шұбат әкелемін» – деп

ауылына кетті, оның ауылы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы. Сол ауданнан желтоқсан айында бір үлкен фляга шұбат әкелді. Қорадан-қораға барып сонда Асылбекке жұрттың айтқан сөзі: «Әлкей ағамызға өзіміз тамақсыз қалсақта жинап береміз». Сол қазақ жерінің тағамының дәмін татып әкем о дүниеге кетті.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button