ҒылымМәдениет

Айнұр Бабаева: «Голливудта танымал болуға мүмкіндік көп»

Taspa Films киностудиясының продюсері, New York Film Академиясының магистранты, актриса Айнұр Бабаевамен оқуы, Голливуд киноиндустриясы және АҚШ-тағы балабақшалар жайлы сұқбаттасқан едік.

««Бір кездері Голливудта» фильмінің түсірілімі болған жерде студенттік жұмыстарымызды түсірдік»

Жақында ғана New York Film Академиясының магистратурасын тәмамдадыңыз. Құттықтаймыз! Жалпы Америкаға оқуға түсем деп мақсат қойғаннан бастап дайындыққа қанша уақытыңыз кетті?

NYFA-да білім алуды армандағаныма он жылдай болды. Ол кезде 19-20 жастамын. Жүргеновте оқып жүрген кезім. Интернеттен NYFA-ның сайтына кіріп, түрлі ақпараттар оқып, армандап жүретінмін. Ал, нақты белсенді түрде 2019 жылдың қаңтарынан бастап кірістім. Алғаш рет екі ай уақыт дайындалып, IELTS тапсырғанда балл жетпей қалды. Оқуға түсу үшін 6,5 алу керек мен 6 алдым. Сосын тағы бір ай жеке әзірленіп тапсырғанда, артығымен 7 алдым. Жалпы алғанда, үш ай уақытым IELTS-ке кетті. Мұнымен қатар, академияға тапсыратын құжаттарымды да әзірлеп қойдым. «Болашақ» бағдарламасының екі түрі бар: біріншісі – жалпы конкурс, екіншісі – университетке түсіп алған соң, сол жақтың қағазын алып, IELTS-ке тапсырып, сосын «Болашақтың» конкурсына қатысу. Көбінесе өнер саласында оқитындар екінші нұсқаны таңдайды. Қаңтар айында дайындықты бастадым, наурыз айында академиядан хат келді, тамыз айында «Болашақтың» жауабы шықты – сонда жалпы алғанда, жарты жыл уақыт кетті. Мен мектепте оқып жүргеннен ағылшын тілін жақсы меңгергенмін, ал ағылшын тілі нашарлау болса, онда жарты жылдан сәл көбірек уақыт керек болатын шығар.

Сіз секілді NYFA-ға түскісі келетін студент қалай дайындалу керек?

NYFA-ның Қазақстандағы ресми өкілі Әсел Зои ханымға хабарласса, сол кісі ақпарат беріп, академияға құжат тапсыруға көмектеседі. Өзің тапсырып жүргенше, ең оңай жолы – осы. Ол бұл қызметі үшін төлемақы алмайды. Одан бөлек, эссе жазасыз және портфолио дайындайсыз. Егер продюсерлікке тапсыратын болсаңыз, қатысқан жобаларыңыздың титрлерін көрсетесіз. Актерлік немесе режиссерлікке түскіңіз келсе, жасаған жұмыстарыңыздан бейнеролик әзірлесеңіз болады.

NYFA қалай оқытады? Оқу методикасымен, сізге ұнаған ерекшеліктерімен бөлісесіз бе?

Бізде негізінен театр актерін дайындайды, ал NYFA-да кино актері мамандығын алып шығасыз.  Театр актері мен кино актерін дайындауда өзіндік ерекшеліктері бар. NYFA-ның ең басты ерекшелігі – тәжірибеге көп көңіл бөлетіндігі. Біздегі оқу орындары көбінесе теориямен, кітаптағы біліммен шектелсе, мұнда практикаға баса мән беріледі. Біздің практикамыз Universal Studios аумағында өтті. Бұл өте үлкен мотивация берді. Сосын актерлікті оқысаң да, сценарий жазуды да, режиссер болуды да, продюсер болуды да үйренесің. Группаластармен бір сахнаны түсіргенде, олар актерлікті ойнап жатқанда, сен камерада оператор боп тұрасың. Жарық, бум ұстап тұру – жалпы кино алаңында орындалатын жұмыстың бәрін аз-аздан үйренесің, түсінесің.

Бізге таныс авторлардан Станиславский, Михаил Чеховты оқыдық, қалғандарының бәрі америкалық авторлар. Жүргеновте қазір қандай екенін білмеймін, бірақ мен оқыған кезде тек орыс авторларын ғана оқитынбыз. Мұнда Станиславскийді меңгеріп шыққан ұстаздар сол білімін пайдалана отыра, көбінесе өз методикаларын жасап шығарады.

«Голливудта миллиондаған кастингтер өтеді»

Сіз секілді NYFA магистратурасын аяқтаған, идея мен жаңашылдыққа толы маман Голливуд киноиндустриясына еніп кете ала ма? Голливуд киносына кіру үшін не керек деп ойлайсыз?

Голливудта миллиондаған кастингтер өтеді, қаншама жобалар болып жатады. Тіпті бақылап та үлгермейсің. Бізде Мамасарипова сериал түсіріпті, Баян Мақсатқызының фильмі шығыпты деп инстаграмнан бәрін көріп-біліп отырамыз, мына жақта кім не түсіріп жатқанын бақылап отыру мүмкін емес. Бұл мүмкіндік көп дегенді білдіреді. Жанып тұрған, пысық адам болса, өз орнын табады деп ойлаймын. Бастысы, бүкіл уақытыңды соған арнау керек: іздену керек, адамдармен танысу керек. Кез келген жерде қарым-қатынас шешеді. Өйткені, киногерлер үнемі бір-біріне жарнамалап жүреді. Сол үшін өзіңді көрсету керек. Алынбайтын қамал жоқ.

Қазақ киноиндустриясына қандай жаңалық әкелер едіңіз?

Бізде киноиндустрия дамудың бастауында тұр. Сондықтан мүмкіндік көп деп ойлаймын. Сценарист, актер, продюсер еңбек етсе, көп нәрсеге жетуге болады. Осы жақтан оқып барған көптеген режиссерлер, продюсерлер бар. Бұл жағдай қуантады. Америкада қайнап жатқан түсірілімнің ортасында жүріп, үлкен тәжірибе алдық. Елдегі оқу процесіне мен осы дүниені енгізер едім. Қазақфильм, жеке киностудиялармен бірігіп студенттерді практикадан өткізуге, павильондарда жұмыс істетуге талпынар едім. Түсірілім алаңдарына апарып, көпшілік сахнасына қатыстырып, жалпы процеспен танысуға мүмкіндік туғызар едім.

Сіз Қазақстанда танымал актриса әрі продюсерсіз. Елге оралып, біліміңізбен қазақ киносына үлес қосқыңыз келе ме әлде өзіңізді одан ары дамыту үшін Америкада қаласыз ба?

Мен «Болашақ» бағдарламасымен оқығандықтан, елге қайтуға міндеттімін. Бес жыл елде қызмет жасауым керек. Мұнда бір жылдық практикалық программа бойынша қалуға мүмкіндік болған. АҚШ-тың департаменті де рұқсатын берген. Бірақ «Болашақтың» шарттары өзгергендіктен, қалуға рұқсат жоқ. Әлемдік пандемия да – екінші себеп. Сондықтан бұйырса елге қайтамын. Жұмыс жасаймын. Алла қаласа, Америкаға қайтып келіп, өзімді одан ары дамытуға мүмкіндік туады деп ойлаймын.

«Қызым – АҚШ азаматшасы»

Жақында ғана Қорлан есімді бөбегіңіз Америкада дүниеге келді. Қай елдің азаматтығын алды?

Қорлан қызымызда – АҚШ азаматтығы. Америкада дүниеге келгендіктен, өзінің туған жері осы жер болғандықтан, АҚШ азаматы болсын деп өзіміз солай шештік. Екі елдің де азаматтығын алу туралы білмейді екенмін. Бұрын болған, қазір ондай жоқ секілді. Алла қаласа, есейген кезінде шешімін өзіне қалдырамыз. Біз қызымыздың осы жақта білім алғанын, ел-жер көргенін қалаймыз. Виза мәселесі де жылдан жылға қиындап бара жатыр. Сол үшін бұл қызымыздың бір пайдасына жарайды деп ойлаймын.

Балаңыз Америкада қандай балабақшаға барады? (Жекеменшік болса қаншалықты қымбат? Мемлекеттік болса, қандай қамқорлық жасалады, немен қамтамасыз етіледі?)

Арлан бір жылдай мемлекеттік тегін балабақшаға барып жүрді. Ол жерде жергілікті тұрғындардан гөрі мигранттардың балалары көп. Ешкімді бөліп-жармайды. Өте керемет балабақша болды. Бәріне жағдай жасалған, үш мезгіл тамағын береді. Бірақ карантин басталғалы барлық оқу орындары жабылды. Арлан екі айдай үйде болды. Сосын біртіндеп жекеменшік балабақшалар ашыла бастады. Қазір Арлан солардың біріне барып жүр.

Орта есеппен алғанда, жекеменшік балабақшаның бағасы айына 1000-1500 доллар. Кейбірінің ішіне тамағы мүлдем кірмейді. Арлан барып жүрген бақшада тамағы сол ақшаға кіреді. Бірақ қосымша ланч боксына жемістер, снэктер салып береміз. Тегін бақша мен жекеменшік бақшаның оқытуы бірдей. Жекеменшік бақшада бала саны аздау болады. Балам бұрын бақшаға барғанда жылап қалатын, қазір есейгені ме әлде бала саны аз болып, мұғалімнің назары көп бөліне ме, әйтеуір ерекше құлшыныспен баратын боп жүр.

Карантин кезінде мемлекеттік тегін балабақшалар жабылса да, тамақпен және басқа керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырды. Әр жерде орналасқан арнайы нысандары бар, сонда барып қалаған адам тамақ алып кетсе болады. Тек балаға ғана емес, ата-анасы, ата-әжесіне де жететіндей мөлшерде тамақ бөледі. Оның ішінде бәрі бар: сүт, шоколадты сүт, ыстық тағамдар, балмұздақ, жемістер, тәттілер, йогурттар. Күнде барып алуға болады. Тіпті бір пакет емес, он пакет салып бер десең де, салып береді. Тіпті қай мектепте, қай бақшада оқисың, директордың аты кім, мұғалімнің аты кім деп те сұрамайды. Ешқандай сұрақ қойылмайды. Барсаң, демек, олар саған бұл көмектің қажет екенін түсінеді. Күнделікті тамақтан бөлек, айына бір рет бір қорап тауықтың еті, бір қорап сиырдың еті, бір қорап жеміс-жидек, бір қорап көкөніс, т.б. алып кетуіңе болады. Бұған қоса, гигиеналық заттарға дейін тегін береді. «Сізге қажет пе?» деп міндетті түрде сұрайды. Қазіргідей жағдайда бұл халыққа үлкен көмек болды. Риза болдық. Біз де басында бір-екі рет алып жүрдік, сосын жекеменшік бақшаға ауысқалы, бармадық. Жалпы, мемлекеттің қорындағы ақша білімге, басқа да салаларға бөлінді ме, сол жерге жұмсалатынына, балаларға жағдай жасалатынына көзің жетеді. Бізде, өкінішке орай, бұл жағынан көңіліңді көншітпейді.

Қыркүйектен бастап мемлекеттік балабақшалар онлайн оқып жатыр. Арлан оқыған бақшада 120 бала бар екен. Барлығына уақытша су жаңа iPad берді. Жалпы, осы Лос-Анджелестің білім басқармасы кішкентай баладан бастап, жоғары сынып оқушысына дейін ноутбук, iPad, құлаққап, wi-fi модеміне дейін қамтамасыз етті.

Америкада өмір сүру қаншалықты қымбат тұрады? Оқуыңыз мұны қамтамасыз ете алды ма? Қосымша жұмыс істедіңіз бе?

Америкада өмір сүру қымбат. Жалпы, әр штаттың бағасы әртүрлі. Лос-Анджелестің бағалары қымбат боп есептеледі. Егер өзің ғана келсең немесе тұрмыс құрмаған (үйленбеген) болсаң, оқудың стипендиясы молынан жетеді. Ал отбасыңмен бірге келсең, бағасына сай үлкенірек пәтер жалдау керек болады, балабақшаң бар, тамағың бар, сондықтан қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Бұл жақта да студенттер біздегідей бір-екі бөлмелі пәтерді бірнеше адам бірігіп жалдап тұрады. Пәтер ақысын бөлген кезде, бір адамға, шамамен, 500 доллардан шығады. Бір-екі бөлмелі пәтерді жалға алу 2000-3000 долларды құрайды.

Пайдалы ақпараттармен бөліскен ашық әңгімеңіз үшін көп-көп рақмет!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button