ЖаңалықтарМәдениетСеріктес материалы

АЙЖАРЫҚ СҰЛТАНҚОЖА: «ПОЭЗИЯҒА ДЕЙІН ДЕ ПЬЕСА ЖАЗДЫМ»

4-8 желтоқсан аралығында Алматы қаласында ArtKöshe тәуелсіз театры aLqa лабораториясының қорытындысы ретінде 5 спектакльдің премьера-фестивалін өткізді. 

Жоба аясында драматургия, режиссура бойынша курстар өткізіліп, курсқа іріктелген 5 драматург пьеса жазып, 5 режиссер сол пьесалардан спектакль қойды.

Жас ақын әрі драматург Айжарық Сұлтанқожа осы жоба аясында «Ünsiz» атты пьеса жазып, оны режиссер Елдар Ташкенбай сахналады. 

Айжарық, күні кеше Alqa тәуелсіз театр фестивалі аясында «Ünsiz» атты пьесаңыз сахналанды. Құттықтаймын! 

Алдымен сұрағым келетіні, спектакль өз көңіліңізден шықты ма? 

Көп рақмет! Спектакль көңілімнен шықты. Осыған дейін жазылған пьесалардың ішінде дәл осы жұмысыма алғаш сахналану бұйырыпты, қуаныштымын. Қойылымға келсек, жоба барысында режиссерлерге толық интерпретация еркіндігі берілетінін білдік, сол үшін де мәтінде ремаркаларды барынша аз етіп, қоюшы режиссерге кеңістік қалдыруға тырыстым. Жалпы пьесаның түпкі идеясы меніңше қойылымда толық көрініс таппады, олай болуына мен еш қарсы емеспін де. Жалпы айтқанда, Елдардың жұмысына ризамын. Сонымен қатар суретші Нұрбол Нұрахметтің еңбегін ерекше атап айтқым келеді.

«Өнердің функциясы – ішкі әлемді айту» депсіз. Спектакльден соң жалаңаштанып қалғандай күй кешпедіңіз бе?

Жоқ. Неге десеңіз, қойылым менің ғана емес, жалпы шығармашылық топтың қиял жемісі болды. Оған қоса, жазу процесі өз жанымның өзім білмейтін қатпарларына үңілуге мәжбүрлейтіні мен үшін маңызды және қиыны да сол.

Сізді оқырман ақын ретінде жақсы таниды. Alqa тәуелсіз театрына қалай тап болдыңыз? Драматургиямен айналыссам деген мақсат қайдан пайда болды?

Драматургия мені бұрыннан қызықтыратын, тіпті поэзияға дейін де пьеса жазып жүрдім. Alqa жобасына Әннас Бағдатұлы ағайдың жазбасын көріп тап болдым.

Драматургиямен айналыссам деген мақсат, Гарольд Пинтер, Кэрил Черчилль және басқа да драматургтердің шығармаларымен танысқаннан кейін келді.

Фестиваль жеңімпазы Берлин театрына жолдама алатынын естідік. Жеңіс кімге бұйырады деп ойлайсыз?

Жеңіс кімге бұйырса да, әділ болады деп сенемін. Одан бөлек, жобаның сәтті өтуінің өзі қуантады.

Фестивальге қатыса алмағандар алдағы уақытта спектакліңізді көре ала ма?

Әрине, барлық спектакльдер Artkoshe театрының репертуарында бар. «Ünsiz» спектаклі бұйырса осы айдың 13-інші және 20-сыншы жұлдызында болады.

Ұқсас мақалалар

Back to top button