Дидар Амантай: «Шетелдегі қазақтар туралы бір роман, екі-үш повесть, үш-төрт әңгіме жаздым»
QadamAsia сайтының ұжымы «Қазақта эмигранттық әдебиет бар ма?» тақырыбында белгілі қаламгерлермен сұқбаттар сериясын ұйымдастыруды қолға алған болатын.
Осы тақырыпта жазушы, «Гүлдер мен кітаптар», «Қарқаралы басында», «Махамбет философиясы» сынды бірнеше кітаптың авторы Дидар Амантаймен әңгімелескен едік.
– Біздеэмигранттық әдебиет бар ма? Бар болса оның тарихын қай кезеңнен бастаған дұрыс?
– Қазақта эмигранттық әдебиет жоқ, бірақ, бірді-екілі үлгілері бар. Мысалы, Мұстафа Шоқайдың публицистикасы, Хасен Оралтайдың «Елімайлап өткен өмірі». Эмигранттық әдебиет дегеніміз – ұлт әдебиетінің белгілі бір бөлігінің жат жерде, бөтен топырақта өркендеуі. Сондықтан, Қытай, Монғолия, Ресей, Өзбекстандағы үлгілер эмигранттық емес, қазақ бұл аймақтарда өз жерінде отыр.
– Болашақта эмигранттық әдебиет қалыптасып, өркен жаюы мүмкін бе? Жалпы, эмигранттық әдебиеттің мәдени құбылыс ретінде өркен жаюы тиімді ме?
– Бұл енді тиімді ме, жоқ па деп айтатындай, тапсырыспен жасалатын нәрсе емес.
Сағыныш дерті, туған елге деген махаббат, қалың құсадан туған шығармалардың жиынтығы эмигранттық әдебиетті құрайды.
– Көршілес Қытай, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдердегі қазақтар арасынан қаламгерлер көптеп шығады. Ал, алыс шетелдердегі, Еуропадағы қазақ диаспорасынан неге ақын-жазушылар шықпайды?
– Сіз атап отырған елдердегі әдебиет – толыққанды ұлт әдебиетінің құрамдас, салалас бір бөлігі. Эмигранттық әдебиет – рухани арал, ой теңізіндегі атырау, арна, бірақ, өз алдына жеке, дербес әдебиет емес, қосымша әдебиет, шетелде, эмиграцияда жүрген Мұхтар Мағауиннен басқа қаламгер жоқ.
– Шетелдегі қазақ диаспорасының тәлкекті тағдырын, Тәуелсіздік жылдарында өзге елдерге қоныс аударып жатқан жастардың өмірін арқау еткен шығармаларды кім жазады немесе кім жаза алады?
– Мен жаздым. Бір роман, екі-үш повесть, үш-төрт әңгіме. Менен бұрын Зәуре Батаева жазды, оныкі – толығырақ, жан-жақтырақ, кеңірек, себебі, ол 2005 жылдан бері шетелде тұрып келеді. Мен бір жыл тұрдым.
– Өзіңізді болашақта эмигрант қаламгер ретінде елестетесіз бе?
Бір Құдайдың қолында. Бірақ, эмиграцияда туған шығармаларда ащы шындықпен қатар күйік бар, кермек дәм сезіледі, ал мен болсам, хош иісті жақсы көремін, таза стильге бағынамын, мен жазған мәтіннен география көрінбейді, ландшафт пен пейзаж байқалады, қала көшелері, қыры асқан бұралаң жолдар көзге түсіп тұрады.