Достоевский ең қымбат жазбаларын Шоқан сыйлаған сандықта сақтаған
Шоқан мен Достоевскийдің достығы – екі халықтың интеллектуалдық санасының шағылысуы секілді әсер қалдырады. ХІХ ғасырда қазақ даласына батыстық білім енді-енді ене бастаған. Орысшаға сауатты қазақ азаматтары Еуропаның әдебиетімен, ғылымымен танысуға қолы жеткен кез еді.
Бұл кезде орыс оқымыстылары «бүлікшіл ойлары» үшін Патшалық Ресейдің алыс аймақтарына айдалып жатқан болатын. Олардың қатарында Ф.М.Достоевский де бар еді.
Ол 1854 жылдың наурыз айынан бастап, 1859 жылдың 2 шілдесіне дейін Семей қаласында тұрады. Семейде Достоевский Мария Исаева есімді әйелге үйленген. «Степанчиково селосы және оның тұрғындары», «Ағайдың түсі» атты шығармаларын осы Семей қаласында жазған.
Бізге Шоқанның Федор Достоевскиймен он тоғыз жасында танысқаны белгілі. Екеуінің таныстығы 1854 жылы Омбы қаласынан басталады. Кейіннен Достоевский Семейде тұрып жатқан кезде Шоқан Уәлиханов Құлжа, Қашқар сапарынан оралып, осы қалада ұзақ уақыт аялдайды. Бұл екі алыптың кеңінен сырласуға мүмкіндік алған кезі. Он төрт жас үлкендігі болса да, ол Шоқанға үлкен құрмет көрсеткен. Бұған дәлелдер жеткілікті.
Достоевский Шоқан сыйлаған сандықта қолжазбаларын сақтаған
Ф.М.Достоевский Шоқан Уәлихановтан алған заттарының бәрін ең қымбат естелік ретінде сақтағанын білеміз. Шоқан қайтыс болғаннан кейін, яғни 1866 жылы Достоевский өзінің әйелі Анна Достоевскаяға: «Мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл менің сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сол үшін ол маған қымбат. Сондықтан мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын» – деп айтқанынан-ақ екі алыптың арасындағы сыйластықтың қаншалықты дәрежеде болғанын байқауға болады.
Достоевскийдің тегі Алтын Орда ақсүйектерінен тарайды. 1389 жылы арғы атасы Аслан Челеби мырза Алтын Ордадан бөлініп, орыс князының қызына үйленеді. Иә, осыдан кейін оның ұрпақтары орыстарға сіңісіп кетеді. Бірақ, Ресей тарихында елеулі орын алған шенеуніктерге айналады.
Әрине, Достоевский түп аталары түркілер екенін біледі. Және бірнеше ғасыр артқа шегінсе Шоқанмен туысатынын да түйсінеді. Сондықтан, әлі күнге дейін далалық ақсүйектік жоралғыны ұстанатын Шоқанның алдында өзін үстем санамайды. Қайта жасы кіші болғанына қарамай «сіз» деп сөйлейді. Мұны жазысқан хаттарынан да байқауға болады. Бұл туралы сәл кейінірек әңгімелейтін боламыз.
Шоқан мен Достоевскийдің атақты фотосуреті
Екі алыптың бірге түскен суретінде 1858 жыл деп көрсетілген. Демек, Достоевский 37 жаста, ал Шоқан 23 жаста болуы керек. Ол кезде Достоевский Семейден кеткелі жатқан, ал Шоқан Қашқариядағы саяхаттан енді ғана оралған кезі.
Бұл фотоны түсірген сол заманның атақты фотографы Лейвин еді. Ол Семейдің тұңғыш фотографы ретінде тарихта қалды. Верный қаласының да (қазіргі Алматы) тұңғыш фотографтарының бірі осы Лейвин болған. Қызығы, ол кезде суреттің бір ғана данасы берілген, көшірмесі болмаған.
Олардың бірге түскен фотосуреттері бұл ғана емес. Уәлиханов пен Достоевский суретке бірнеше рет түсті деген болжам бар. Мысалы, Федор Михайловичтің Капустино деген танысы оған былай деп жазған: «Сізден көп нәрсе туралы сұрағым келеді. Қазір менде Уәлихановпен бірге түскен сурет бар. Осы сурет басқа достарымның портреттерінің арасында тұрады».
Алдағы күндері «белгісіз біреулердің архивінде жатқан екі алыптың суреті табылды» деген хабар шығып жатса таңғалмаймыз. Алты жыл бойы талай жолығып, сырлас болған екеуінің бірнеше рет суретке түсуі әбден мүмкін…
Шоқан мен Достоевскийдің хаттары
Шоқан Шыңғысұлы мен Федор Михайловичтің достығы Омбыда, Семейде, Петербургте бірге болған кездерінде еш үзілмейді, кейінгі алты жыл ішінде (1856-1862) бұл достық хат арқылы нығая түскенін көреміз.
Достоевский – заманауи батыс әдебиеті мен философиясына елеулі ықпал еткен тұлға. Тіптен, Ницшенің әйгілі «Заратуштра осылай дейді» еңбегі Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының әсерімен жазылған. Пикассоның кубизм жанрын тудыруына Достоевский шығармаларының ықпалы болған.
Ал, Шоқан – кішкентай халықтың перзенті еді. Және ол кезде қазақтар бұратана халықтар қатарына жататын. Шоқан көркем шығармамен дендеп айналыса алмады. Достоевский болса Шоқанды прозамен айналысады деп сенді. Шындығында, оның роман жазуға ғұмыры жетпеді. Егер әңгімелер, повестер, романдар жазғанында үлкен суреткер ретінде мойындалар ма еді, кім білсін. Біздіңше, империя жендеттері бұратана халықтың перзентін бәрібір итжеккенге айдатар еді…
Ал, әлемдік мәдениетке құбылыс боп енген Достоевский Шоқанды төбесіне көтеріп сыйлаған. Хаттарында «сіз» деп жазғанын жоғарыда айттық. Ал, он төрт жас кіші Шоқан Достоевскийге «сен» деп жазады.
Төменде Достоевскийдің Шоқанға жазған бір хатын келтірдік. Ол кезде Шоқан жиырма бір жаста екен. Бұл Шоқанның Жетісу мен Ыстықкөлге, одан Құлжаға аттанғалы жүрген кезіне сәйкес келеді.
Сонымен, хатта не жазылған:
Сіздің хатыңызды, мейірімді досым, Александр Николаевич табыстады.
Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Мен де сізге риясыз шындықты айтайын, мен де сізге ғашық болып қалдым. Құдай біледі, қалай ғана осылай болғанын білмеймін. Мен ешқашан да, тіпті өзімнің туған бауырыма да сізге дегендей жақындықты сезінген емеспін. Бұл жерде талай жәйтті тәптіштеп түсіндіруге де болар еді, бірақ сізді көзіңізше мақтап керегі не?! Ал сіз, қымбатты менің Уәлиханым, ешбір дәлелсіз-ақ менің сөзімнің шындығына сенесіз ғой. Бұл тақырыпқа он кітап арнасаңыз да ештеңе жаза алмас едім: сезім мен ынтызарлық дегеніңізді түсіндіруге тіл жетер ме! Біз сізбен қош айтысқан кезде біздің бәрімізді де күні бойы көңілсіздік биледі. Біз бүкіл жол бойы сізді еске алып, кілең мақтаумен болдық. Бізбен бірге жол жүргеніңізде қандай ғажап болар еді. Сіз Барнаулда жұртқа аса бір жағымды әсер қалдырған болар едіңіз-ау!
Кузнецкіде өзіме бір дос ханымға, жан-жүрегі таза, ақылды да аяулы бір әйелге сіз туралы ұзақ әңгімелеп айтып бердім. Сіз туралы көп сөйлегенім сонша, ол әйел өзіңізді көрмей жатып-ақ менің сөзім арқылы өзіңізге ғашық болып қалды. Өз айтуынша, сізді керемет суреттеп беріппін оған. Сіз осынау бір тамаша жанды күндердің күнінде көріп те қаларсыз, сөйтіп достасып та кетерсіздер деп үміттенем. Мұны жазып отырған себебім де сол….
Өзі, Барнаулды көрген жоқпын десем де болады. Дегенмен, балда болып, бәрімен дерлік танысып та алдым. Көбінесе Кузнецкіде (бес күндей), одан соң Змиев пен Локтада болдым. Демчинский, әдеттегісінше, әзілқойлығынан танбады. Семенов – тамаша адам. Оны бұрынғыдан да жақынырақ біле түстім. Сізге талай нәрсені әңгімелегім келер еді. Бірақ оны хатқа жазып сыйғыза алмайсың ғой. Алайда күндердің күнінде әлденені біліп жатсаңыз, кенеттен жаным күйзелгенде, дәл қазіргідей жападан жалғыз қалған сәтімде сізге өз мақсаттарымды ашып айтпағаныма күйінемін. Екі жылдан бері әбден жүрегімді ауыртқан нәрселер бар… Сонда бақытты болар едім-ау!
Досым, аяулы Шоқан, сізге жұмбақтап кеттім бе? Оны шешем деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Бірақ маған табыс тілеңіз! Бәлкім, таяу күндерде бәрін менің өзімнен-ақ біле жатарсыз. Мүмкіндігінше бізге тезірек келіңіз. Ал сәуірде міндетті түрде жететін болыңыз! Баяғы беттен қайтпаңыз! Сізді керемет көргім келеді. Сіз Омбыда көңілсіз деп жазыпсыз. Енді ше! Сіз қызметімді не істесем екен деп кеңес сұрапсыз. Меніңше, істі доғармаңыз. Сізде материал көп: дала туралы мақала жазыңыз. Оны бастырады. Есіңізде ме, біз ол туралы айтып едік қой! Ең дұрысы, өзіңіздің бұрынғы далалық тұрмыс туралы жазбаларыңыздай дүниелер жазсаңыз тамаша болар еді. Бұл әркімді елең еткізетін жаңалық болар еді.
Сізге Омбыда да, Петерборда да жұрттың назары ауды. Сіздің қолыңыздағы материалдар Географиялық қоғамды да қызықтырар еді. Бір сөзбен айтқанда, Омбыда да сізге басқаша қарай бастар еді. Онда сізге өзіңізге жол ашып беретін туыстарыңызды да селт еткізер едіңіз. Егер алдағы жазда далада болуды ұйғарсаңыз көп күтіп қалуға тура келетін шығар. Алайда алдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ресейге бір жылдық демалысқа сұрансаңыз жөн болар еді. Бір жылдай сонда болсаңыз, не істеу керек екенін біле түсер едіңіз. Бір жылға қаражат табылатын шығар. Шынын айтқанда, ақшаның көп қажеті де жоқ. Ең бастысы, белгілі есеппен және қолға алатын іске байсалды көзқараспен қарай білу керек. Сөйтіп бұл жылы енді не қажет екенін болжап алар едіңіз. Сібірге оралған соң өз туыстарыңызды,өзіңізді екі жылдай Еуропаға саяхатқа аттануға көнетіндей көздерін жеткізер едіңіз. Ал сегіз жылдан кейін өз тағдырыңызды Отаныңызға ең керек адам ретінде құрып алар едіңіз. Сіз өзіңіздің еуропаша толыққанды білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді естен шығармаңыз. Оған қосымша – тағдырыңыз сізге ерекше жан мен жүрек сыйлап таңғажайып адам еткен. Кейін шегінуге болмайды, табандылықпен алға ұмтылыңыз, тіпті керек болса, қулыққа да барыңыз.
Қымбатты Уәлиханым, өзіңіздің тағдырыңыз туралы менің утопиялық долбарларыма күле көрмеңіз. Сізді жақсы көретінім соншалықты, күні бойы өзіңіз бен сіздің тағдырыңыз туралы толғанумен боламын.
Жаратқан иеміз сізге бақыт берсін. Сау болыңыз, қымбаттым! Өзіңізді құшып, он рет сүюге рұқсат етіңіз.
Мені ұмытпаңыз және жиі-жиі хат жазып тұрыңыз.
Цуриков маған ұнайды. Мінезі тік екен. Бірақ оны әзірге терең біле қоймаймын.
Семеновпен Семейде кездесіп тұрмайсыздар ма? Онда біздің ортамыз тола түсер еді. Тіпті, менің тағдырым да өзгеріп сала берер ме еді!
Тек Тәңір жарылқасын деңіз!
Сізге Демчинский сәлем айтып жатыр. Бұл хатты соның үйіндегі әдеттегі өзіміздің шәй ішетін үстелде жазып отырмын. Қарсы алдымда Цуриков те сізге хат жазып отыр.
Демчинский әлдеқашан ұйықтап қалған. Тіпті, қазір қорылдап жатыр. Қазір түнгі сағат он. Өзім неге екенін білмеймін, қатты шаршаппын. Сізге Семей туралы әлденелер жазғым келіп еді, өте бір күлкілі жәйттер бар. Бірақ дұрыстап жазар болсаң, оның оннан бір бөлігін де жаза алмайсың ғой!
Сау болыңыз, достым! Хатты жиі жазыңыз. Ал мен әрдайым жауап жолдайтын боламын. Мүмкін, келесі бір жолдары өзімнің мақсаттарым туралы да жазып жіберермін.
Сізге С. ханым да сәлем айтады. Екеулеріңіздің Омбыда қалай жүргендеріңізді әңгімелеп берген маған. Ол сізді ұмытқысы келмейді және сіздің жағдайыңызды біліп тұрғысы келетін сияқты.
14 желтоқсан, 1856 жыл. Семей.
Достоевский Шоқанға өз хатында Еуропаға екі жылға барып қайту туралы айтады. Тіптен, отбасыңмен бірге барып қайт дейді.
Бұл сөздің жаны бар. Еуропаның өмірін, тұрмыс-тіршілігін, философиясы мен дүниетанымын көріп келген Шоқан одан сайын кемелдене түсер еді. Болашақ шенеунік ретінде саяси көзқарасы, білімі, шығармашылығы жаңа сатыға көтерілген болар еді.
Тек Шоқанның ғұмыры ерте, тым ерте үзілді.
Енді Шоқанның Достоевскийге жазған хатына кезек берейік:
Қымбатты достым, Федор Михайлович!
Сенің мені өліп қалды деп ойлағаның қисынсыз да емес. Дегенмен, әзірше тірімін. Оның дәлелін осы хаттан-ақ біле бер. Бұған дейін хат жазбауымның түрлі себептері болды, оның бәрін қазір түсіндіріп көрейін. Біріншіден, қазан айында Петерборға барам ба деп межелеген едім. Алайда сырқаттанып қалғанннан кейін ол ниетті желтоқсанға дейін шегердім. Одан денсаулығым желтоқсанда да оңала қоймағаннан кейін Сібірдің дәрігерлерінің кеңесіне құлақ асып, қысты ауылда өткізуді ұйғарғанмын. Бұған қоса өне бойы Петерборда тұруға денсаулығымның көтермейтініне өзімнің де көзім жетті. Сондықтан, Қашқардан консулдық орын алуды ойластырып жүрмін. Болмаса отставкаға шығамын да, сайлау бойынша өзіміздің елде қызмет етемін. Қашқардың ауа райы денсаулығыма жағар ма еді деп те ойлаймын. Оның сәті түспесе өзіміздің өлкеде жүрсем де жаман болмас еді. Шаруашылықпен, саудамен айналысамын, ал сайлаудан өтсем, адал шенеунік ретінде өз туған-туыстарыма сауатсыз да, дөрекі сұлтандарға қарағанда едәуір пайдам тиер еді.
Сөйтіп жыл аралатып Петерборға барып, айлап жатып, достармен қауышып, жаңа кітаптар алып, жаңаша ойлармен қаруланып, елге, өзіміздің қазақтарға қайтамыз! Сөйтсек жаман болмас еді, ә, көгершінім Федя?! Қалай ойлайсың? Денсаулығым жақсарса, мұның бәрі мүмкін нәрсе. Рас, қазір хал-ахуалым жаман емес. Әйтсе де әлі де болса толықтай айығып кеттім дей алмаймын.
Сонымен, елде қыстап шықпақшымын, қымызбен емделуді аяғына дейін жеткізу үшін жазды да ауылда өткіземін. Ал күзге қарай тірі болсам, Петерборға да жетермін. Сөйтіп сені жан дауысың шыққанша қатты қысып құшармын. Біздің боз даланың аздап көңілсіздеу екені рас, бауырым, дегенмен, түк істемей керіліп жатуыңа қолайлы-ақ! Ешкім бөгет жасамайды. Сібірдің сен танымайтын бір білікті дәрігерінің ақыл-кеңесі бойынша қазір ештеңе жазбаймын, оқуды да доғарғанмын, қысқасы, ой еңбегі дегеннен адамын – менің қазіргі «емімнің» түрі осы. Мұндайда, әрине, іштің пысыңқырайтыны да жасырын емес. Бүркітпен, мылтықпен, итпен аң қағу сияқты ермек түрлерімен шұғылдануға болар еді. Бірақ бұған сайтан алғыр денсаулығым жарамайды. Жатасың да қоясың.
Михайло Михайлович не істеп жүр? Оның «Времясының» бет алысы қалай? Мен газет алмаймын. Сондықтан, ештеңеден хабарсызбын. Михайло Михайлович пен Николайға және басқаларға дұғай-дұғай сәлем! Майков пен оның әйеліне менің сәлемімді жеткіз! Полонский мен Страховқа да солай. Егер Николай Курочкинді көре қалсаң, менің оған хат жазғалы жүргенімді айт.
Енді саған аздаған өтінішімді айтайын. Жаңа айтқанымдай, менде оқитын ештеңе жоқ. Сол себептен «Времяны» салуыңды өтінемін. Соңынан есеп айырыса жатамыз ғой. Егер қаржың көтерсе мен үшін «Современникке» жазыл. Менің мекен-жайым: Батыс Сібірдегі Петропавл арқылы Көкшетау станицасына.
Ұмытпа. Маған фотосуретіңді сал. Сол сияқты Майков, Полонский, Крестовский де суреттерін салуға уәде берген. Соларға да ескерте сал.
Мария Дмитриевнаға үлкен сәлем! Біз секілді пақырларыңызды ұмытпаңыздар!
Уәлиханов. 14.01.1862 жыл.
Шоқан мен Достоевский жазысқан мұндай хаттар жетерлік. Осы екі хаттан-ақ екі халықтың маңдайалды ұлдарының кім екенін аңғаруға болады.
Иә, Шоқан кішкентай халықтың перзенті еді. Ерте, тым ерте үзілді. Иә, кішкентай халықтың көз жасы кермек болады…
«Qadam.asia»