Ел қайда көшеді?
Тана моншақтай дөңгеленген қызыл қоңызды әркім-ақ білуге тиіс. Қып-қызыл жылтыр сауытында қара нүкте дақтары бар, бауыры шымқай қара. Осы қоңызды қазақтар «қызыл қоңыз» немесе «ел қайда көшеді» деп атайды.
Әрине, «қызыл қоңыз» атауы түсінікті. Қызыл болған соң ғой. Ал «ел қайда көшеді» аталуында бір себеп бар. Көшпелі елдің жаз жайлауда әлденеше рет жұрт ауыстырып, көшіп-қонып жататын әдеті. Осындай көші-қонның абыр-сабырында ауыл балаларының бір ермек ойыны бар. Онысы – желден-күннен, жауын-шашыннан паналап, керегенің көгін, уықтың қарын сағалаған әдемі қызыл қоңызға байланысты.
Үй жығылып, түйеге теңделгенше балалар жұрттағы қызыл қоңызды тауып алады да, алақанынан бастап қоя береді. Қоя берісімен, бәрі де у-шу болып: «Ел қайда көшеді?!» – деп дабырласа дауыстайды. Қоңыз саусақ басына қарай жорғалай жөнеледі де, саусақтың ұшына келгенде кәдуелгедей артқы аяғын сүйеу ете көтеріліп, төңірегіне қарайды. Сол кезде балалар қоңыздың бет бұрған жағын меңзеп: «О, ел мына жаққа көшеді екен!» – деп, тағы да дабырласады. Іле келесі бала да қолындағы қызыл қоңызбен «бал ашып» жатады. Әрине, оның қоңызы басқа жақты меңзеуі мүмкін.
Енді балалар арасында дау болады. Көшетін жақты білгендері қоңызды сол тұсқа қаратуға бейімдеп, кейде өзі де ошарыла бұрылып, қараулық жасайды.
…Ақыры ел көше жөнеледі. Сол кезде үдере тартқан түйе үстіндегі айтқаны келген бала өзінше мерейі үстем болып, нығызданып отырады. Қызыл қоңызды да біртүрлі жақсы көретін сияқты.
Бұл ойынның бір мәні бар. Ол – көшпелі ел балаларын жер жайын шолуға, ауыл ақсақалдарының ой-жоспарына ден қоюға, дала заңын түсінуге тәрбиелейді.
Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабынан алынды.