Мәдениет

Елді пір тұтып едім, адаспаппын: Дінмұхамед Қонаевтың даналық сөздері

Қазақ халқының сүйікті перзенті, қазақ елінің өркендеуіне жиырма бес жыл бойы үлес қосқан, халық алдында абыройлы басшы атанған Дінмұхамед Қонаевтың даналығынан үйренеріміз көп-ақ. Ширек ғасыр бойы халықтың бәрін аузына қаратқан адамның өмірі де, одан түйгені ой да біз үшін қымбат.

Ендеше Дінмұхамед Қонаевтың өмірде түйген ойларын, нақыл сөздерін ұсынғанды жөн көрдік.

***

Хан келеді-кетеді, халық қалады. Халық қалса, таң қалады.

Жалада шындық болмасын біліп тұрсаң да, арқаңа аяздай батады.

Қаны таза кісінің дені де, ділі де, тілі де таза.

Заман сенімен санаспайды, санассаң сен санас.

Адам жанына ізгілік нәрін сепкен ұстаздың үлкен кім бар. Олардың жомарт жүрегін, кіршіксіз таза көңілін, жан баурар ақыл-кеңесін, сарқылмас білім қайнарын қалай ұмытарсың.

Жақсының жақсылығын көре білу бар да, оны айта жүру, үлгі ете білу бар.

Мекре балықтың басы тасқа тимей қайтпайды.

Кісінің тауы шағылып, беті қайтқаннан артық қасірет жоқ.

Адамдық қалыпты биік ұстау, кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Бұл – өмір өзегі, азаматтық жолы.

Жақсылыққа мастанба, жамандыққа жасыма.

Ойға тоқып, бойға сіңіруден артық байлық бар деп ойламаймын.

Өз басым мынадай бес сипатқа тоқталамын:

Бірінші – біреуге тіл тигізуден сақтан. Ақыл – дос, ашу – дұшпан.

Екінші – әдептілік. Әдептен аспа, кішілік кісілікке жеткізеді.

Үшінші – өзің өзгеге күдіктенбе, өзге өзіңе күдіктенбесін. Иман жиям десең – пиғылыңды таза ұста.

Төртінші – не істесең де зеректікпен істе, аяғына дейін жеткіз. Ол – ырысың.

Бесінші – өз басыңа тілемейтін істі біреуге істеме.

Қай нәрсенің болмасын екі ұшы бар. Жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш, ақ пен қара, адалдық пен арамдық.

Халық басы қосылса, ақыл арнасы ағылады.

Басшы үшін таптырмас бір қасиет бар: ол – еңбекшілердің (қызметкерлердің – ред.) көңіл-күйін, тұрмыс-жағдайын, тіршілік қамын тамырдай тап басып, біліп отыру. Онсыз ісің алға баспайды.

Тілден бал да, зәр де тамады.

Басыңнан бақ тайса, алпыс күн тасыған дария алты күнге жетпей таусылады.

Қазақ ауыр істен емес, ауыз сөзден қорыққан.

Тән жарасы жазылады, ал жазықсыз естіген сөз жанды жаралайды.

Үміт ілгері жетелеп, үлкен жолға, алыс сапарға алып шығады.

Жақсымызды қадір тұтпай, жаманнан арыла алмаймыз.

Қонақты әулиедей күтетін қазақтың маңдайындағы несібесі ғой.

Кісі еңбегін бағалай, көре білмегеннен әділдік күтуге болмайды.

Қаламгерден қиянат, жазушыдан жалғандық шығады деп ойламаймын.

Күнделікті өмірде, жұмыста да үш қасиетке арқа сүйедім: олар – қарапайымдылық, адалдық, табандылық.

Менің алға қойған ең басты мақсатым – адамдарға жанашырлықпен қарап, қол ұшын беру болды.

Алып қашпа сөзде ауыздық болмайды.

Білсем деген талап қай жаста болмасын, қандай дәрежедегі адамға да таптырмас қасиет.

Халық арасында болсаң, өмір мектебінің нәр алғандай боласың, ой қоржынын толтырып қайтасың. Өзіңдегі барды өзгемен бөлісудің, өзгеден өзіңнің үйрене жүргенің қандай – ғанибет.

Елді пір тұтып, арқа сүйеп едім, адаспаппын.

Қазақта «алып алты, жеп жеті бола алмайсың» дегені – елден жеп оңбайсың дегені.

Өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button