Мәдениет

Гитлер неліктен Микки Маусты көрсетуге тыйым салды?

Микки Маус – әкелеріміздің де, біздің де, тіпті, балаларымыздың да ең жақын досы болды. Микки әр кезеңде туған ұрпақтарды, жер шарының шартарабындағы халықтарды бір-бірімен байланыстырды.

Микки Маус – нәсілшілдіктен ада еді. Оның бойында ақ түс те, қара түс те бейнеленген болатын. Ол ақ нәсілділер мен қара нәсілділерге ортақ поп-мәдениеттің символына айналды.

Бүгін осы әйгілі тышқанның туған күні. Биыл ол 92 жасқа келді.

Микки Маус екі рет туылған ба?

Миккидің ресми туған күні – 1928 жылдың 18 қарашасы. Осы күні Микки «Вилли пороходы» («Steamboat Willie») атты мультфильмде көрінеді.

Алайда, бұдан 183 күн алдын сол жылдың 15 мамыр күні ол «Есі ауысқан ұшақ» («Plane Crazy») атты қысқаметражды мультфильмде де бейнеленген болатын. Бұл мульфильм үнсіз анимация еді және Микки тек эпизодтық кейіпкер ретінде көрініс табады.

The Walt Disney Company осыдан кейін бұл образға ерекше ден қояды. Тіпті 1947 жылға дейін Миккиді Уолт Диснейдің өзі дыбыстайды. Кейіннен шылым шегуден туындаған созылмалы жөтелі асқынғандықтан дыбыстауды тоқтатады. The Walt Disney Company бұл жұмысты Джимми Макдональдқа тапсырады. Микки Маусты үшінші болып дыбыстаған Уэйн Оллвайн 1977 жылдан 2009 жылға дейін осы міндетті атқарған.

Сүйкімді тышқан жіңішке дауыспен сөйлейтіні жадыңызда болар.

Микки Маустың қолғабы

Микки Маус 1929 жылдың 20 наурызында «Ауыл операсы» («Opry House») мультфильмі шыққанға дейін ақ қолғап киген жоқ. «Ауыл операсы» 1929 жылы Миккидің қатысумен шыққан екінші мультфильм еді. Міне, осыдан бастап әйгілі тышқан әрдайым қолғаппен жүретін болды.

Бұл мультфильмде Микки пианист ретінде көрінеді. Қолғаптың үстіңгі жағындағы үш қара сызық – сол кездегі балалар қолғаптарына тән штрихтар. Бұл қолғап Микки Маусты адам бейнесіне тағы да жақындата түскен болатын.

Мұндай тапқыр шешімді кейінірек басқа киностудиялар да қолдана бастады. Мысалы, сүйкімді қоян Багз Банни (Bugs Bunny), ағаш кесуші Вуди (Woody Woodpecker) секілді кейіпкерлер қолғап киюді Миккиден үйренген.  

The New York Times: «Уолт Дисней Микки Маустың әкесі ретінде тарихта қалады»

«Тышқан мен магия: Америкалық анимациялық фильмнің тарихы» («Of Mice and Magic: A History of American Animated Cartoons) кітабының авторлары Леонард Малтин және Джерри Бек Микки Маустың Диснейдің басқа танымал кейіпкерлерінен бір кемшілігімен ерекшеленетінін айтады.  Ол Миккидің ешқандай кемшілігі жоқ екендігі.

1966 жылы Уолт Дисней қайтыс болады. The New York Times газеті У.Дисней өліміне некролог ретінде жариялаған мақаласында: «Дисней бізге және әлемге мейірімді әрі ең сүйкімді тышқан Миккиді сыйлады. Ол Микки Маустың әкесі ретінде тарихта қалады», – деп жазды.

Микки Маусқа тыйым салған елдер?

1936 жылы Микки Маус қатысқан мультфильмдерді нацистік Германияда көрсетуге тыйым салынды.

Себептеріне тоқталайық:

  • Фашистер Уолт Диснейді еврей деп есептейтін;
  • Гитлер Микки Маустың Пруссия офицерінің формасын киген эпизодына ресми түрде наразылық білдірген болатын;
  • Үшінші Рейх еврейлерді «егеуқұйрықтар» («крыса») деп атап, оларды жойып жіберуді насихаттағандықтан, Миккидің пайда болуы «асыл текті арийлердің» көзқарасына кері әсер етуі мүмкін еді. 

Ал, шындығында Гитлердің өзі бұл мультфильмдерді көруді ұнататын. Қанша тыйым салынса да, әйгілі Микки нацистік Германияда танымал болып қала берді.

Осындай себептермен Микки Маусқа 1938 жылы фашистік Италияда тыйым салынды.  

«Алып тышқан көрерменді қорқытуы мүмкін» деген сылтаумен 1935 жылы Румынияда тыйым салынды. Кейіннен «америкалық империализмнің символы» ретінде ГДР-де көрсетілуге де тыйым салынды.  

1932 жылы Уолт Диснейге кинематографияға Микки Маус образын әкелген ерен еңбегі үшін «Оскар» сыйлығы табыс етілді. Сондай-ақ, Микки Маус Голливудтың Даңқ аллеясынан жұлдыз алған.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button