Мәдениет

Көркем өнердегі ең танымал 10 бағыт

Бүгінгі таңда бейнелеу өнерінде түрлі стильдер мен ағымдар бар. Олардың бірі екіншісінің ықпалынан пайда болса, ал енді кейбір түрлері қоғамға наразылық ретінде туған. Біз бұл материалда ең танымал 10 көркемдік бағытпен таныстыруды жөн көрдік.

Импрессионизм

Импрессионизм XIX ғасырдың соңында Францияда пайда болды. Бұл бағыттың өкілдері әлемнің қозғалғыштығы мен өзгергіштігін шынайы қабылдап, өткінші әсерлерін жеткізуге мүмкіндік беретін әдістерді ойлап табуға тырысты. Сондықтан да импрессионистер ашық аспан астында жұмыс істеп, кенепке ашық түсті бояулармен штрихтер жүргізді. Олар көлеңке түсіру үшін сол заттың түсіне күңгірт қоспа қосу керек деген дәстүрлі қағидадан бас тартты. Бұл бағыттың ең танымал суретшілері: Клод Моне, Пьер Огюст Ренуар, Эдгар Дега, Камиль Писсарро.

Постимпрессионизм

Постимпрессионизмді кескіндемедегі толыққанды бағыт деп атауға келмейді, өйткені ол импрессионизмнен тараған бірнеше стильдерді біріктіреді. Бұл бағыттың суретшілері бір сәттік қана әсерді бейнелеуден бас тартқан. Керісінше сәндік стилизацияға жүгініп, қоршаған ортаның ұзақ уақыттық жай-күйін суреттеуге тырысты. Поль Сезанн, Поль Гоген, Винсент Ван Гог, Жорж Сёра постимпрессионизм бағытындағы ең танымал есімдер боп саналады. Сезанн Пикассо мен Брак шығармашылықтарына әсер етсе, Ван Гогтың техникасы экспрессионизм бағытына жол салды. Ал Гогеннің түс эксперименттері мен Сёраның пуантилизмі фовистер үшін шабыттың қайнар көзі болды.

Фовизм

Дәстүрлі кескіндеменің жойылуына себеп болған фовизм стилі еді. Фовизмнің басты сипаты – түсті бояудың қанықтығы,дәстүрлі жарық пен көлеңке моделініңболмауы, түстің әсемдігі мен үйлесуіне көп көңіл бөлу.Бұл бағыт өкілдерін көркем бейнелерді тек жарық, ашық түстердің көмегімен бейнелеуге ұмтылу талабы біріктірген. Постимпрессионистердің ізін баса отырып, кескіндеменің колористік мүмкіншіліктерін пайдалануды қолдаған. Олар әр түс суретшінің бар ойын, сезімін максималды түрде жеткізу керек деп санаған. Фовизмнің негізін Анри Матисс пен Андре Дерен қалады.

Сюрреализм

Түпсаналарындағы арман-қиялдарын жаңаша тәсілдер арқылы эксперимент жасағысы келген бір топ жазушылар мен суретшілер 1920 жылдары Парижде сюрреалистік дүмпу жасады. Сюрреализм әлемдік өнерде интеллектуалды қозғалысқа айналды. Суретшілер фотосуреттік дәлдікпен ақылға сыймайтын сахналарды бейнелеп, тұрмыстық нысандардан біртүрлі тіршілік иелерін жаратты және өз жұмыстарына философиялық мән берді. Сюрреализмнің ең әйгілі өкілдері ретінде Сальвадор Дали, Макс Эрнст и Рене Магритт есімдерін атауымызға болады.

Абстракционизм

Абстрактілі өнер – XX ғасырдың басында қалыптасып, көзге көрінетін шынайы әлемді сол қалпынша бейнелеуден толықтай бас тартқан көркемдік бағыт. Абстракционизмнің мақсаттарының бірі – белгілі бір түсті комбинациялар мен геометриялық пішіндерді бейнелеу арқылы үйлесімділікке қол жеткізе отырып, сырттан бақылаушы адамға композицияның толыққанды аяқталғандығын сезіндіру. Бұл бағыттың дамуына үлес қосқан суретшілер: Василий Кандинский, Казимир Малевич, Наталья Гончарова, Франтишек Купка, Михаил Ларионов, Пит Мондриан, т.б.

Кубизм

1907 жылы кубизмнің керемет өнертапқыштары Пабло Пикассо мен Жорж Брак болды. Үш өлшемді нысанды қарапайым элементтерге бөліп, оны екі өлшемді кескінде кенепте жинауға деген суретшінің ұмтылысы – кубизмнің негізі боп саналған. Осылайша, суретші объектіні бір уақытта әр түрлі қырынан бейнелеп, классикалық картинада көріне бермейтін қасиеттеріне басымдық берген. Есімдері кубизммен байланысты суретшілер қатарына Хуан Грис, Фернан Леже, Робер Делоне, Жан Метценже, Луи Маркуси және Мари Лоренсин жатады.

Супрематизм

Супрематизм қағидаларын 1915 жылы кеңестік одақ дәуірінде өмір сүрген суретші Казимир Малевич құрған. Супрематизм кубизм мен футуризмнің элементтерінен тұратын абстрактілі кесіндеменің геометриялық стилі. Малевич таза абстракцияның репрезентативті емес формалары үлкен рухани күшке ие екеніне сеніп, заттық кескіндерді қолданудан бас тартты. Супрематизм орыс авангардының негізгі құбылыстарының бірі болды.

Футуризм

Футуризм –Италияда дүниеге келген авангардтық ағымдардың бірі. Оның ең басты принциптері – жылдамдық, қозғалыс, энергия. Сұлбалар мен пішіндердің фрагменттерге бөлшектеліп, өткір бұрыштар арқылы қиылысуы, зигзагтар, спиральдар, қиғаш конустар сияқты ұсақ формалардың көп болуы, бір кескіндемеде қозғалыс жүйелі фаза ретінде берілуі футурист суретшілердің шығармашылығындағы басты қағида боп саналған.

Конструктивизм

Конструктивизм – орыс авангардының бір ағымы. Бұл стильдің басты ерекшеліктері –кескіндемедегі қатаң геометриялық пішіндер, дәл сызу, түзу сызықтар, ықшамдық пен тұтастық боп саналады. Кескіндемедегі конструктивизмді сәулет өнеріндегі конструктивизм дәуірінің сыйы деп атасақ та болады. Татлин, Родченко, Эль Лисицкий мен Наум Габо конструктивизм бағытында еңбек еткен суретшілер еді. 

Минимализм

Минимализм – бұл картинада қолданған материалдардың аздығы мен, қарапайымдылығы, формалардың біркелкі, монохромды болуы және суретшінің өз-өзіне шығармашылық шектеу жасауы. Минималист суретшілер жалпыға мәлім көркем кескіндемелерден бас тартып, классикалық тәсілді қабылдамады. Олар картиналарын қарапайым геометриялық пішінде жазып, бейтарап түстермен бояды. Карл Андре, Сол Ле Витт, Робберт Моррис, Ив Кляйн есімдері «минимализм» атауымен бірге аталады. 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button