Аргентиналық БАҚ-тың хабарлауынша, Диего Марадонаның таңғы ас кезінде жағдайы нашарлай бастаған. Ауруханадан шыққаннан кейін өзіне қарайласып жүрген медбикеге ауырып тұрғанын айтқан екен. Көп ұзамай дәрігерлер келіп, футболшының өмірін сақтап қалуға тырысады.
Бірақ қазір бүкіл әлем Марадонаны жоқтап, аза тұтуда. Qadam.Asia сайты атақты адамдардың әйгілі футболшының өлімі жайлы ойларын жинақтап ұсынуды жөн көрді.
Пеле, футбол королі:
«Досыңды жоғалтқан өте қиын екен. Күндердің күнінде біз аспанда бірге футбол ойнаймыз…»
Лионель Месси, «Барселоны» шабуылшысы:
«Футбол үшін және барлық аргентиналықтар үшін бүгін азалы күн. Ол бізді тастап бара жатқанымен, біздің жүрегімізден ешқашан кетпейді. Өйткені, Диего – мәңгілік».
Криштиану Роналду, «Ювентус» шабуылшысы:
«Бүгін мен үшін дос, ал бүкіл әлем үшін гений болған жанмен қоштасудамыз. Тарихтағы ең үздік футболшы. Теңдессіз сиқыршы. Ол тым ерте кетті, бірақ артына сөнбес мұра қалдырды. Жатқан жерің жайлы болсын! Сен ешқашан ұмытылмайсың».
Майк Тайсон, боксшы:
««Құдайдың қолы» атанған Марадона бізді тастап кетті. 1986 жылы екеуміз де чемпион атанған едік, сол кезде халық бізді өзара салыстыра бастаған. Диего – мен үшін нағыз қаһарман, нағыз дос еді. Мен оны сыйластықпен қадір тұтатынмын. Қатты сағынатын боламын».
Альберто Фернандес, Аргентина президенті:
«Сіз бізді әлемнің ең биік шыңына көтеріп, мерейімізді үстем еттіңіз. Сіз ұлы футболшысыз. Барлығы үшін рахмет, Диего. Сағынатын боламыз».
Мэджик Джонсон, аңызға айналған баскетболшы:
«Әлем тарихтағы ең ұлы футболшыларының бірінен айырылып қалды. Онымен алғаш танысқан сәтімде қатты толқығанмын. Жатқан жерің жайлы болсын, досым. Жанұясына дұға-тілектерімді арнадым».
Хосеп Гвардиола, «Манчестер Сити» бапкері:
«Бір жыл бұрын Аргентинада «Өз өміріңде не істегенің маңызды емес, Диего. Біздің өміріміз үшін не істегенің маңызды» деп жазылған баннерді көрдім. Бұл жігіттің бізге не бергенін осы сөздер жақсы айшықтайды деп ойлаймын: қуаныш, ләззат, футболға деген адалдық. Ол футболдың деңгейін көтерді».
Юрген Клопп, «Ливерпуль» бапкері:
«Мен қазір 53-темін, ал Диего өмірімнің бір бөлшегі болған секілді. 8-10 жас шамасында болған кезімде оны бірінші рет көргенмін. Сол кездегі 16-17 жастағы Марадона менің сүйікті футболшыма айналды. Жақында ғана Диего туралы деректі фильм көрдім. Диего сенсациялық жігіт еді, ал Марадонаның проблемалары көп болды десек қателеспеспіз. Сағынатын боламын».
Хабиб Нурмагомедов, жекпе–жек спортшысы:
«Барлық уақыттағы ең ұлы спортшылардың бірі… Миллиондаған адамдар футболды Марадона үшін жақсы көреді».
Александер Чеферин, УЕФА президенті:
«Мен Диего Марадонаның өмірден өткеніне қатты қайғырдым. Ол футболдағы көрнекті тұлға болған ұлы ойыншылардың бірі. Ол харизмасымен де, дарындылығымен де үздік болған ойыншы ретінде ұлылыққа жетті».