Мәдениет

Кенесарының өлімі жайлы ұлы – Ахметтің жазып қалдырған дерегі

Жақында Кенесарының ұлы – Ахмет сұлтанның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабы шағатай тілінен қазақ тіліне аударылған еді. Бұл кітап біздің де қолға түсті.

Кітапта Кенесарының орыс әскерімен қалай ұрысқаны, қырғыздың қолына қалай түскені баяндалады. Хан Кененің өлімі жайлы өз ұлының хат пен қолжазба қылып жазып қалдырғаны бәрімізге қызық, әрине. Сондықтан Ахмет Кенесариннің өз қолымен не хаттап қалдырғанын ұсынуды жөн көрдік.

Қолжазбада «Кенесары ханның қырғыздан опат тапқаны» атты бөлім 45 беттен тұрады. Сондықтан оқиғаны басын қысқаша өзіміз баяндап, соңғы бөлімін қал-қалпында бердік.

Жалпы тарихта қырғыз бен Кенесарының арасында араздық ханның Қазақстанның орталық өңірінен оңтүстік өңіріне қарай жылжуынан басталды. Ахмет сұлтан ханның ниетін былай деп баяндайды: «Бұл қара қырғыздардың түбіне көшіп келгендегі ханның мақсаты қара қырғыз бен Ұлы жүзді өзіне бағындырып, Шу өзенін қыстап, үш Алматыны жайлап, Ресей мемлекеті және Қытай мемлекетімен арада достық мәміле қылып, бұл тараптан алаңсыз болып, Қоқаннан әкесі (Қасым – ред.) мен ағасының құнын талап қылмақшы еді. Құдай тағаланың басқа жазмышы бар екен, ақыры мағлұм болды» деп бастап, ары қарай оқиғаны баяндайды.

Ұлы жүздің рулары Хан Кенеге бағынып, сый-таралғы жасағанымен, қырғыздар бағынудан бас тартап, келіспей қояды. Ахмет сұлтан мұның себебін «Абылай ханның уағындағы көрген істерін жадыларынан (қырғыздардың – ред.) кетпеген екен» деп түсіндіреді.

Осы жерде бір нәрсені айта кеткен жөн, қырғыздар сонау қазақ хандығы құрылғаннан бері қазақ қоластына қараған. Хақназар хан қазақтың әкімшілік-территорриялық басқару жүйесін құрғанда, қырғыздар соның бір бөлігіне қосылған. Бұл бағыныштылық Ер Есім, Салқам Жәңгір, Әз Тәуке заманында да жалғасты. Бірақ «Ақтабан шұбырынды» уақытында қырғыздар қазақтан бөлініп, өз бетімен кетеді. Кейін Абылай келіп қырғыздарды қайта хандыққа қайтарып алады. Осы соңғы оқиға – Абылайдың қырғыздарды шапқаны жадында қалып қалса керек. Соның кегін атасының жолын қуған Кенесарыдан алмақ болғанға ұқсайды.

Содан қырғыздар Кенеге қарсы екенін білдіру үшін оның қоластына қараған ауылдарды шауып, жылқыларын барымталап әкетеді. Қырғыздың бұл пиғылын аңғарған Кенесары қырғызға қарсы бір қосын жібереді. Кейін өз де аттанып, қырғыздың құсшы тайпасын шауып, 700 тұтқынды қолға түсіреді. Алайда тұтқындарға тиіспейді. Келесі жылы ат-тонын беріп еліне қайтарады.

Кенесарының мұндағы мақсаты қырғыздарға дұшпан емес, дос екенін, бұл аймаққа бейбіт ниетпен келгенін жеткізу еді. Соған орай қырғыздарға арнайы хат та жазады. Алайда қырғыздар бұл жолы да келісуден бар тартады.

Бұған Кенесары қапа болады. Содан Ұлы жүздің би-батырларын жинап, қырғызды бұл аумақтан қуып шығуға бекінеді.

Осы тұста бір нәрсені айта кеткен жөн. Ахмет сұлтан қолжазбасында дулат руының басшысы Рүстем сұлтанның қырғыздармен ауызжаласқан еді деп тағы бір сырдың шетін шығарады.

Кенесары мәслихат құрған жиылыста «Рүстем сұлтан еш нәрсе демеді. Алайда ұрыс уақытында Рүстем сұлтан қырғыздармен жасырын сөз біріктірді деген сөз бар. Анығын Алла біледі» дейді Ахмет сұлтан.

Қырғыздар мен дулаттардың астыртын сөз байланысқаны жайлы М.Көпейұлының шежіресінде де айтылады. «Қырғыздар Дулатпен астыртын сөйлескен: «Бұрынғы талас-тартыс болып жүретұғын жер – бәрі сендердікі болсын! Мына Кенесарыны бізге оңаша бер!» деген екен» деп жазады Көпейұлы.

Дулаттар Кенесарының қалай қозғалып, қайда әскер бағыттағанын қырғызға хабарлап отырғандықтан, Хан Кене оқыстан қоршауға түсіп қалады.

Бұдан ары қарай Ахмет Кенесарин баяндасын:

«Қырғыз манаптары Жантай мен Орман әр жақтағы қырғыздарға жәрдем сұрап адам жіберіп еді. Осы кеште Қоқан қырғыздарынан әскер келіп бұларға қосылды. Кенесары ханның қосынының көбі қайтып кетіп, бұл төбеде бас адамдарының көбі бар еді. Бес жүз мылтық, бір топ (зеңбірек – ред.) бар еді. Ертемен ханның адамдары тұрып қараса, қырғыздар әр тараптан неге қабат қамап алып тұр.

Төбенің қасынан ағып жатқан суды байлап, төмен жаққа бұрыпты. Аңдаса бұларға не су жоқ, не тамақ жоқ көп қиындық болғалы тұр. Сол күні ертеден кешке дейін ұрыс болды. Ханның ілгергі қосынға жіберген адамдарынан хабар болмады. Қырғыздар күннен-күнге көбейіп, ғаламды тұтты. Ассыз, сусыз қамалып үш күн ұрысты.

Төртінші күні кешке тамам саркардаларды шақырып, Кенесары хан мәслихат қылды. Әркім әр түрлі сөз айтты, ешбірі мақұл болмады. Сұлтан Hayрызбай орнынан тұрып: «Маған екі жүз жарамды жігіт беріңіз. Ағыбай батыр, тама Құрман батырды беріңіз. Екі жүз кісімен алдыларыңызға түсемін. Көп қосын артымыздан жүріңіздер. Қанша көп болса да күнде ұрысып жүрген қырғыз ғой, мен ортасын жарып жол ашамын. Сіздер арқамнан өтіңіздер. Ар жағына шыққан соң ұрыса-ұрыса кетерміз», – дейді. Бұл сөзді баршасы мақұл көрді. Бірақ Кенесары ханға мақұл болмады. Хан айтты: «Ат үсті бір қозғалған соң, тоқтамай қашармыз. Жүйрік атты құтылар. Адамның көбі набыт болар (қырылар). Һәм менің өзім қосынның ішінде тұрып қашсам, екінші жұртқа хандық қыла алмаспын. Егер менің сөзіме крісеңдер, аттың бәрін сойыңдар. 20 шамалы атқа сойған аттың етінен азық артыңдар. Сосын жаяулап бір жағымызды Шудың өзеніне тіреп, бес жүз мылтықты үш жағымызға салып, жарамды жігіттердің артынан жүріп отырсақ, бес жүз мылтықпен қашпай ұрысқан жаяу адамды ешкім бүзып ала алмас» деді.

Бұл сөзді ханың алдында мақұл десе де, көпке мақұл болмады. Қазақтың әдеті аттан түссе, өлгенмен бірдей. «Атты сойып жаяу жүріңдер» деген сөз ешбіріне мақұл болмай: «Бүгін кеш болды, ертеңге дейін кейінгі қосыннан көмек келер, болмаса ертең жарықта болсын» деп әқайсысы өздерінің жайларына қайтты. Сол кеште түн болған соң, қосынның бір шеті бұзылып жөнеп берді. Мұны көріп, барша қосын бұзылды. Қараңғы түн, біреуді біреу көріп болмайды. Тоқтату мүмкін болмады. Таңдыр солай боғлан соң не айла бар. Орыспен неше жыл ұрыс-талас қылып тұрыс берген Кенесары хан ақыры уақыты жеткен соң, қара қырғыздардың қолынан шейіт болды. Бәрімізд Алладан келдік, Аллаға қайтамыз.

Кенесары ханның ағайындарынан бұл ұрыста сұлтан Наурызбай Қасымұлы, сұлтан Ержан, сқлтан Құдайменді Саржанұлы шәйіт болды. Сұлтан Көшек Қасымұлы, сұлтан Жаһангер Есенгелдіұлы, сұлтан Әбілфейіс Ағатайұлы, сұлтан Арысыланбек Көшекұлы, сұлтан Қоршақрбай Саржанұлы аман құтылды».

Ахмет сұлтанның жазған бұл бөлім осымен аяқталады.

Түсініктеме ретінде айта кетейік, қоршауда қалғанда Кенесарының қасында бір мыңдай қазақ, 500 мылтық қалған. Ержан алдымен қолға түскен, Ақауыз ат оққа ұшқан. Зеңбірек ортасынан үзілген. Кекіліктің Сеңгір деген жерінде қырғыздар Кенесарыны қамап алған. Таудан аққан бұлақтың басын бұрып, қамауда қалған қазақтарды сусыз қалдырған. Ас-сусыз үш күн соғысып, аты да, адамы да болдырып, титығы құрып, қолға түскен.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button