Мәдениет

Мектептегі қазақ әдебиетінің шығармалары балалар әдебиетіне мүлде келмейді – кітап оқушы блогер

Назым Сапарова – ​«Ұлан» газетінің тілшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті. Әлеуметтік желіде түрлі жанрдағы кітаптарды бөлісумен танылған жас блогер. 1 жыл ішінде 100 кітап оқу жобасын дамытқан болашақ педагог балалар әдебиетіне өзгеріс енгізгісі келеді. Көптен бері сырттай бақылап жүрген #BOOKblogger-мен сұхбаттасудың сәті түсті.

BOOKblogger-лік неден басталды?

– ​Әлеуметтік желіге оқыған кітаптарымды бөліспес бұрын ресейлік блогерлердің жазбаларын оқып жүрдім. Мысалы, #КнижныйЧервь, #Аннаблог, #Bookblog және т.б. Солардың жазбасынан кейін, бізде неге ондай платформа жоқ деп ойладым. Кейіннен оқыған кітабым жайлы ойларымды жазып, ақырындап пост шығара бастадым. Әр жазбам сайын оқырмандарымның кітап оқуға деген қызығушылығы артты. Кітап оқып, бөлісу арқылы басқаларға да пайдам тиіп жатыр.

Инстаграм желісінде #1жылда100 кітап хештегін бастап, кітап оқуды челленджге айнайлдырдыңыз. Бұл жоба қалай және неден басталды?

– ​Челлендж Марфуға Шапиянның жазбасынан бастау алды. Осыдан бір жыл бұрын инстаграм желісінен постты қарап, мен де қолға алуды шештім. Басында оқитын кітаптарыма жоспар құрып, әрқайсысын бөліп алдым. Мысалы, қазақ әдебиеті, орыс классикасы немесе психологиялық жанрдағы кітаптар деп бөлдім. Жоспарланған жүз кітап оқылмағанымен, жетпіске жуығын оқыдым. Челлендж кезінде кітаптың саны маңызды болғанымен, қазіргі кезде тек сапаға қарап оқимын. Себебі дүниетанымыңды кеңейтіп, пайдасын тигізуі керек. Яғни тек таным көкжиегімізді дамытып қоймай, өмірдегі қолданысқа да пайдасы тиюі қажет.

Жобаның ауқымы көңіліңізден шықты ма? Алдағы уақытта осындай челленджді іске асыру жоспарда бар ма?

– ​Жоба басынан бастап дұрыс жоспарланбады, сол себепті көңілімнен шыққан жоқ. Алдағы уақытта басқа да челлендждерді ұйымдастыру ойда бар. Өйткені кітапқа қызығатындардың саны артып жатыр. Сол себепті пайдалы, қызықты кітаптарды әлеуметтік желіде таныстырсам деймін.

Қазіргі кезде сіз сияқты кітап оқып, ол жайлы бөлісетіндер саны көп емес. Кітап жайлы бөлісетін аудиторияңыз қандай?

– ​Блогерлік жобаны бастау кезінде көптеген жағымсыз пікірлер түсті. Жазбаларым арқылы «кітап оқуды міндетсінесің бе?», «мақтаныш көресің бе?» деген сияқты көреалмаушылық сындар айтылды. Соның кесірінен бөлісуге деген құлшынысың жоғалып кетеді. Қазіргі уақытта өзім де күнделікті бөлісіп жүрген жоқпын. Тек жеке телеграм арнама кітаптарды шығарып тұрамын.

Меніңше, кітап оқитындардың саны біз ойлағаннан да көп. Олар әлеуметтік желідегі сыни пікірден, жасандылықтан қорыққандықтан ойын көп айтпайды. Сол себепті қазақ тілді кітаппен бөлісетін аудитория аз.

Ал басқалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға не әсер етеді?

– ​Кітапқа деген қызығушылық кішкентай кезден басталады. Бірақ оны ары қарай дамыту өз қолымызда. Мысалы, баланы кішкентай кезінен бастап кітапханаға, кітап дүкеніне апаруға үйренуіміз қажет. Себебі отбасы – барлық нәрсенің бастамасы. Ата-анасымен бірге кітап оқып, оны бірге талқылау қажет. Уақыт өте келе өзімізге ыңғайлы жағдай жасап, білім алудағы инвестициямызды артуымыз керек.

Сонымен қатар кітаптың дизайнын жақсартуымыз қажет. Қап-қара, бір түсті кітаптарға қарағанда ашық түсті, ерекше дизайнмен жасалынған кітаптар өзіне көп көңіл аудартады. Себебі адамдардың барлығы әдемілікті жақсы көреді. Балалардың да қызығушылықтары жарқын нәрселерге бейімделуі дұрыс.

Өзіңіз филология мамандығында оқисыз. Практика кезінде мектепке барасыздар. Орта білім ордасындағы балалардың кітапқа деген қызығушылығы туралы не айтасыз?

– ​Практика кезінде балалардың фантастика жанрындағы кітаптарға қатты қызығып, оқитынын байқадым. Оқитындарының көбісі – орыс пен ағылшын тіліндегі әдебиеттер. Ал қазақ әдебиетіндегі шығармалар бала әдебиетіне мүлде сәйкес келмейді. Мысалы «Ұлпан», «Махаббат қызық, мол жылдар» кітаптары сегізінші сыныптың оқушысына ауыр, түсініксіз. Осыдан балалардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы азайып кетуі мүмкін.  Себебі ол кітаптарды түсіну үшін жеңіл шығармаларды оқып бастау қажет. Меніңше, еркін форматтағы креативті, фантастикалық жанрдағы кітаптарды оқыту – жақсы шешім.

Осы кітапқа байланысты білім саласына қосар ұсынысыңыз бар ма?

– ​Болашақ педагог ретінде, әр мұғалімнің өз саласына қатысты кітапқа қызығушылық оятуды қолдар едім. Тек бір пәнге ғана емес, жан-жақты дамыту мақсатында іске асыру қажет. Меніңше, оның үлкен пайдасы бар. Қанша дегенмен басқа маман иесі болсаң да, әдеби сөздік қорың, дұрыс жаза алуың міндетті түрде қажет. Сол себепті кітапқа деген қызығушылықты пән арқылы дамытса, ол «бомба» болады. Бұйырса, осы арманды іске асырғым келеді.

Әлеуметтік желіден жеке кітапханаңыз бар екенін байқадым. Оны толтырып, адамдарға ұсыну ойда бар ма?

– ​Иә, шағын кітапханам бар. Туған ауылымда үйде тұр. Шамамен 300 кітаптай бар. Болашақта оқуымды бітіріп, жұмысқа орналасқан соң кітапхана ашу ойда бар. Ол жәй ғана кітапхана емес, жылы атмосфераға толы кофейня болады. Бастысы кітапсүйер қауымға өз пайдамды тигізгім келеді.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Ақдидар Әбдімаулен

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button