Заманауи телевизия индустриясына төңкеріс әкелген компания
Netflix – медиа-индустрия саласында аз ғана уақыттың ішінде мол жетістікке қол жеткізген жетекші компания. Медианарықты небары 10 жылда жаулап алды. Әрі кабельді телевидение саласына төңкеріс әкеліп, медиа саланың бизнесін түбегейлі өзгертті.
Әлемде кабельді телевидение көрушілер азайды. Есесіне Netflix-ке тіркеліп, көз қалаған бағдарлама мен фильмін, телесериалын көреді.
Netflix-ті кабельді ТВ-ны нарықтан ысырап шығаратын әрі бұған әл-қуаты толық жететін бағыт деп санасақ артық емес. Тіпті, Netflix – телевизиядағы рейтингісі ең жоғары Nielsen жүйесін басып озған жалғыз компания.
Netflix-тің бас директоры Рид Хастингс компанияның бұлай жетістікке жетуін бір-ақ сөзбен түйіндеген. Ол – икемділік. «Сөзсіз, икемділік ұзақ жылдық жоспардан әлдеқайда тиімді» дейді ол.
Аламан бәсеке
Netflix – бұл шындап келгенде телебағдарлама, фильм мен сериал, деректі фильмдер жиналған ауқымды мұрағат. Көрермен ай сайынғы төлемақысын төлеп, контентті кез келген уақытта, кез келген жерде көреді.
Компанияның іргетасы 1997 жылы қаланған. Алғашында DVD-дискіні онлайн прокатқа беретін веб-сайт ретінде құрылған. Видеоны жалға беруші дүкендермен бәсекелесе жүріп, 2007 жылы стриминг-сервис құрады. Бұл сервис – телеарналарға бәсеке боларлық нағыз күшке айналды. Мұнда уақытқа тәуелділік жоқ. Прокат-дүкенге затты алып-апарып қажет емес. Бар болғаны «on-demand» сервиске тіркеліп, үйде отырып кез келген уақытта фильм мен сериал көруге болады. Телефон, компьютер, теледидар, тіпті, ойын құрылғылары арқылы да Netflix көретін уақыт.
Бұл сервис видео жалға беру қызметіне балта шапты. Жалға беруші Blockbuster құрдымға кетті.
Ал 2013 жылдан бастап Netflix өзі фильм мен телесериал түсіруді бастады. Яғни, өзі оригинал контент өндіруге кірісті. Бұл енді телевизияға ыңғайсыздық туғызды. Өйткені продюсер мен шығармашылық топтар идеясын арқалап, телеарнаға емес, Netflix-ке жүгінетін болды. Телеарналар бағдарламаны түсіріп, енді қанатқақты жобасын ұсынып жатқанда, Netflix бір бағдарламаның бүкіл маусымын түсіріп үлгерді.
Кейде телеарнаға өтпей қалған бағдарлама мен сериалдарды Netflix мақұлдап, оның кейбірі атақты өнімге айналды. Солардың бірі – «Қағаз үй» (Карточный домик), «Тоқсары – маусым хиті» (Оранжевый – хит сезона), «Тақ» (Корона) веб-сериалдары.
Netflix болса, телеарналар аптасына бір не екі рет көрсететін сериалды қат-қабат қылып, бүкіл маусымын жүктеп тастады. Содан көрерменнің бір сериалды бір деммен көріп шығуына мүмкіндік туды. Тіпті, кейінгі уақытта телеарналар Netflix ұсынған осы жүйеге ақырыңдап келе бастағаны байқалады. Олар да бүкіл сезонды бір аптаға сыйдырып беріп жатыр.
Инновация мен ауқымды дерек
Netflix-тің қолында тағы бір көзір бар. Ол не десеңіз, ауқымды дерек. Қолданушылар қалдырып кеткен Data Mining. Яғни, Netflix-тің мұрағатында қолданушылардың қалау-ниеті бәрі, нені көріп, не көрмейтінін, не көргісі келетіні – бәрі бар.
Басында мұндай қызметті ол клиентке көмектесу үшін, қажетті контентті тауып, соған жазылу үшін құрған. Кейін бұл қызметтің деректері ауқымды мағлұматқа айналды. Енді Netflix көрерменнің қалауын біледі. Қандай сериал түсіріп, қай шығармашылық командаға, дарын иесіне жүгіну керегін түсінді. Бұл – жетістікке жетер, мол табыс әкелер жобаларды қолға алуға көмектеседі.
Телевизияның ақыры...
Бәріміз бала күнімізден теледидарға телміріп өскеніміз рас. Мультфильм мен қалаған сериалыңды көру үшін, апталап күтуге тура келетін.
Қазір олай емес. Netflix-тің арқасында уақытқа тәуелділік жойылды. Телевизия индустриясына ауыр соққы әкелді. Тұтынушылардың көбі телеарна көруден қалды. Оның үстіне, Netflix-тің жазылым пакеті телеарнанікінен 5 есе арзан. Әрі телеарнадағы сияқты жарнама жоқ.
Қазір Netflix-ке Amazon мен Google сынды сандық операторлар бәсеке болғысы келеді. Мұның өзі Netflix-тің гигант компанияға айналғанын көрсетеді.
Ең бастысы Netflix телевизия шаблонын бұзып, контентті бұдан да қолжетімді етіп жасауға болатынын дәлелдеді.