Мәдениет

«Оскар» сыйлығының талаптары неге өзгерді?

Биылғы жылдың ең басты жаңалықтарының бірі «Оскар» сыйлығына қатысты болды. Яғни, Киноакадемия «Оскар» сыйлығының талаптары өзгеретіні туралы жариялады.

Бірден айта кетейік, бұл талаптар «Үздік фильм» номинациясына ғана қатысты. Ал басқа номинациялардың талаптары бұрынғыша қала бермек.

Сонымен, бұл қандай талаптар еді?

«Оскар» сыйлығының жаңа талаптары

А стандарты. ЭКРАНДЫҚ КӨРІНІС, ТАҚЫРЫПТАР ЖӘНЕ СИПАТТАМА

А1. Негізгі немесе маңызды кейіпкерлердің бірі төменде көрсетілген ұлттардан болуы шарт: азиялық, латынамерикалық/испантілді, қара нәсілді/афроамерикандық, американың байырғы халқы;

А2. Фильмдегі актерлардың 30%-ы әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар болуы шарт;

А3. Фильмнің сюжеті мен тақырыбы әйелдер теңдігіне, ЛГБТК+ өкілдерінің немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен проблемаларын көрсетуге бағытталуы тиіс.

Б стандарты. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІЛЕР ЖӘНЕ ЖОБА КОМАНДАСЫ

Б1. Кемінде екі шығармашылық жетекші (режиссер, оператор, кастинг-директор, т.б) әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар болуы шарт. Немесе жоғарыда атап өткен ұлт өкілдері болуы керек;

Б2. Техникалық қызметкерлердің алтауы жоғарыда аталған ұлт өкілдері болуы шарт;

Б3. Түсірілім тобының кемі 30%-ы әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар болуы шарт.

С стандарты. МҮМКІНДІКТЕР МЕН ӨНЕРКӘСІПКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

С1. Кинокомпания әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың ақылы оқуы мен қажетті білім алуын қамтамасыз етуі тиіс;

С2. Кинокомпания әйелдер, ЛГБТК+ өкілдері немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың тиісінше оқуы мен біліктілігін жетілдіру ақысын төлеуі шарт.

Д стандарты. АУДИТОРИЯНЫ КЕҢЕЙТУ

Д1. Кинокомпания немесе киноны таратушы студияның жарнама және маркетинг бөлімдерінің жетекші қызметкерлері әйелдерден немесе жоғарыда аталған ұлт өкілдерінен немесе ЛГБТК+ өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі жандардан сайлануы тиіс.

#oscarssowhite хэштегі нені білдіреді?

 «Оскар» сыйлығының жаңа талаптарының негізгі себебі осыдан бес жыл бұрын басталған. Яғни 2015 жылдың қаңтар айында әлеуметтік желілерде «Оскар» сыйлығының лауреаттарын анықтауда нәсілдік және гендерлік мәселелер бар екенін алға тартып, әділдік талап ететін қоғамдық компания пайда болады.

Компания #oscarssowhite (Оскар сондай аппақ) хештегімен бекітіледі. Америка осы хештегтің арқасында бүгінгі нәтижеге келіп отыр. Мысалы, соңғы деректерге сенер болсақ, жақын жылдары шыққан ең үздік фильмдердің 92%-ын ер азаматтар түсірген және ол фильмдердегі басты рөлдердің 86%-ын ақ нәсілді актерлер ойнаған.

Бұдан бөлек, Америкада Мinority дейтін топ бар. Біз мұны «аз ұлт» деп аударып жүрміз. Бірақ негізгі мағынасы олай емес. Minority-ге қара нәсілділер, ЛГБТ қауымдастықтары тіпті әйелдер қауымы да кіреді. Бұлар аз репрезентацияланған топтар болып саналады.

Сонымен қара нәсілділердің, әйелдердің, ЛГБТ өкілдерінің – жалпы Мinority топтарының мәселелерінің алға тартылмауы, көрілімді фильмдердің режиссерлері мен актерлерінің басым бөлігінің ақ нәсілділер және олардың көбінің ер азаматтар болуы #oscarssowhite хештегінің және осы аттас қоғамдық компанияның дүниеге келуіне себеп болған. Ол өз кезегінде бүгінгі киноакадемияның жаңа стандарттарына алып келіп отыр.

«Оскардың» жаңа талаптарына дайындық басталып та кетті

#oscarssowhite хештегінің нәтижесі соңғы үш жылда анық байқалды. Мысалы, Голливудтық қара нәсілді Махершала Али деген актерді білеміз. Ол 2017 жылы «Ай жарығы» Moonlight») атты фильмде ЛГБТ мүшесінің рөлін сомдаған. Осы рөлі үшін ол «Оскар» сыйлығын алды.

Аталған актер 2019 жылы да «Жасыл кітап» («Green Book») киносындағы рөлі үшін екінші рет «Оскар» сыйлығын алды. Яғни соңғы үш жылда «Оскар» сыйлығын қара нәсілді актер екі рет жеңіп отыр. Бірінші аз ұлт өкілі болғаны үшін, екінші ЛГБТ тақырыбын қозғағаны үшін.

АҚШ-тың өз халқы бұл жаңалықты қалай қабылдады?

«Оскар» киноакадемиясының биылғы жылы жариялаған жаңа 4 стандарты жоғарыдағыдай. Консервативті өмір сүретін елдерге бұл жаңалықтың қалай әсер еткенін түсінікті болар. Ал АҚШ-тың өз халқы бұл жаңалықты қалай қабылдады?

Бұл АҚШ халқының идеологиялық көзқарасына байланысты болып отыр. Мәселен, америкалықтардың шамамен жартысы, тіпті жартысынан көбі консерваторлық көзқараста. Олар дәстүрлі өмір сүру принциптерін мақұлдайтын, дінге жақын, отбасы құндылықтарын ұнатады.

Міне, осы халық бұл өзгерісті ұнатқан жоқ. Олардың ойынша Minority өкілдері барынша әрекет етіп, еңбектенуі керек және тең бәсекеде жеңуі керек деп санайды.

Либерал көзқараспен қарайтын болсақ, Minority өкілдерін көтермелеу оң нәтижесін береді. Яғни, Minority өкілдерінің «Оскар» сыйлығын алуына көбірек жағдай жасалып, осы уақытқа дейін ақ нәсілділер көп алған сыйлықты аз ұлттарға, қара нәсілділерге көбірек беру арқылы ортадағы теңсіздікті теңестіруге тырысады.

«Оскардың» жаңа талаптары Қазақстанда қалай қабылданды?

Америкалықтардың орынына өзімізді қоя отырып, ондағы жағдайды түсінуге болады. Бірақ шетелдік көрермен ретінде бізді нәсілдік мәселелер емес, ЛГБТ өкілдерінің мәселелері ойландырады. Егер «Оскар» сыйлығының «Үздік фильміне» ЛГБТ өкілдерінің оқиғалары, проблемалары арқау болып жатса, ол біздің көрерменге жетпей қоймайды.

Оны біздің көрермендер де көрмей қоймайды. Яғни, біздің дәстүрлі қоғамымызда да бұл топтарға көзқарастың өзгеруі ықтимал. Ол тіпті өзгере келіп, ғасыр ортасы елімізде де осындай кино туындылар түсіріліп, осы топ өкілдері көшеге шықса ше? «Біз аңсаған болашақ, біз аңсаған демократия осы ма еді?» деген сұрақты өзімізге қоя аламыз ба? Еліміздегі дәстүршілдердің пікірі осыған саяды. Бұған келіспейтіндер де жетерлік.

Бұл сұрақты қоя алсақ та, жауабы қорқынышты болмақ. Қалай болғанда да, «Оскар» киноакадемиясы АҚШ халқының проблемасын шешу арқылы, өзге, дәстүрлі қоғамды мемлекеттерге проблема тауып беріп отырғандай.

Жоғарыда айтып өттік. Бұл талаптар тек «Үздік фильм» номинациясына қатысты. Бірақ басты номинация осы болғандықтан өзге номинациялардың да бұл өлшемдерге ыңғайланбасына кім кепіл?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button