Мәдениет

Қанат Бейсекеев: Деректі фильм – еркін жанр

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2015 жылдан 2019 жылға дейін 5 жыл ішінде елде 135 фильм түсірілген екен. Оның ішінде 75 фильм – деректі кино. Қазақстандық блогерлер арасында деректі фильм жанрында біршама жетістікке жеткен жандардың бірі – Қанат Бейсекеев.

Режиссердің айтуынша, елімізде деректі фильм жанрының болашағы зор, жақсы дамып келеді. Бұл салаға бас бұрған жанға тақырып та, табыс та молшылық.

«Деректі фильм түсіруге ертеден қызыққанмын. Мамандығым – журналист. Инженерлікті де оқығанмын. Бірақ бүйрегім журналистикаға бұрды. Репортаж саласында біраз тәжірибе жинадым. Деректі фильм түсіруге де сол әсер етті деп ойлаймын. Түптеп келгенде, деректі фильм дегеніміз – репортаж, баяндау. Мәселені қазбалап, ел көрмеген тұсын бейнелеп көрсету. Документалистика түсіру үшін маманның зерттеушілік қабілеті басым болуы тиіс. Көрген оқиғасынан баяндау мен ракурс, хикая көре алуы керек», – дейді Қанат Бейсекеев Huawei ұйымдастырған Media Hub-та.

Оның айтуынша, деректі фильм жанрының шектеуі, ережесі мен тәртібі жоқ. Бәрі режиссердің өз қолында.

«Деректі фильмді болжау қиын. Тақырыпты өзің тапқаныңмен, идеясы мен түйінін кадрдың бәрін түсіріп болғаннан кейін ғана қалай тарту етеріңді түсінесің. Деректі фильм сценарийін жазу мүмкін емес. Бәрі жолортада, жолайрықта қосылады», – дейді тәжірибелі маман.

Сөз барысында Қанат Бейсекеев документалды фильм түсіргенде неге мән беретінін айтты. Сөзіне қарағанда, ең алдымен кейіпкердің шынайылығы мен риясына мән береді екен.

«Деректі фильм жасандылықты жек көреді. Барынша қарапайым, кей тұста қарабайыр болғаны жөн. Кейіпкер шынайы шығуы керек. Телевизия кейіпкері сынды көркемдікке, кіршіксіз образға салынбағаны абзал. Күнделікті өмірде қалай – экрандағы бет-бейнесі де сондай болса, режиссердің жетістігі – сол. Сондықтан кейіпкермен сөйлесе жүріп, оның шынайы болмысын таспаға түсіруге тырысамын», – дейді документалист.

Тағы бір мән берерлік дүние – бұл дыбыс пен музыка екен. Режиссердің айтуынша, дыбыс – деректі фильмнің басты құралы, бойына қан таратушы тамыры.

«Тіпті, дыбыстың түсірілген кадрдан да құнды боп кететін кездері бар. Кадр жоғалса да, дыбыс жоғалмауы тиіс. Фильмді музыкамен әрлеп, көрерменді оңай жаулап алуға болады. Кейде манипулацияға да жол ашады. Сондықтан фильмге әуен берерде абай болған, барынша жауапкершілікпен қараған жөн деп ойлаймын», – дейді ол.

Қанат Бейсекеевтің айтуынша, деректі фильммен табыс табуға болады. Сөзіне қарағанда, документалист мамандар жақсы табыс табатын көрінеді.

«Фильмді монетизациялаудың жолы көп. Ең бастысы кәсіби маман бола білуің керек. Сапалы фильм нарыққа қашанда қажет. Фестивальге қатысып, грант ұтып алып жұмыс істеуге болады. Мемлекеттік тапсырыстар мен коммерциялық ұйымдардың ұсыныстары тағы бар. Телеарналар мен стриминг орталықтардың да деректі фильмге сұранысы жоғары. Ал Video Production саласына мықты мамандар ауадай қажет», – деп түсіндіреді.

 

Ұқсас мақалалар

Back to top button