Мәдениет

Қаржы пен бизнес бестселлерін қазақша оқыңыз

Бизнес пен қаржы саласындағы әлемдік бестселлерді қазақша оқуға болады. Шетелдік нон-фикшн жанрындағы кітаптардың электронды форматын ұсынып отырған Credo.plus платформасы енді қазақ тіліне кітап тәржімалауда.

Аталмыш платформаның тағы бір ерекшелігі – одан бизнес пен қаржы, психология мен іскерлік әдебиеттердің қысқаша нұсқасын – конспектісін оқуға болады. Әдеби кітапты рақаттанып, ләззат алып оқысақ, іскерлік кітапты өмірге қолдану үшін оқимыз.

«Қаржы мен бизнес саласына қатысты кітаптар оқуға жеңіл, қысқа да нұсқа, ең бастысы практикалық пайдасы мол болуы тиіс. Ондай әдебиеттер білім мен тәжірибе жинау үшін оқылады. Сондықтан жылдам оқылғаны жөн. Демек, ондай әдебиеттің өзекті ойын, пайдалы тұсын мазмұндап, қысқаша баяндаған тиімді. Конспект-нұсқаны жасауға көшкеніміз де содан. Қысқа нұсқаны 20-25 минутта оқып, бүкіл кітаптың мазмұнын ұғуға болады», – дейді жоба жетекшісі Ербол Салимов.

Қазір электронды кітапхана қорында 700-ден астам конспект пен 210-нан астам аудиокітап бар. Орыс және қазақ тілінде.

«Ел нарығында қазақ тілді аудиторияға нон-фикшн форматындағы кітаптарды ұсынып отырған – жалғыз біз. Өзін-өзі дамыту мен бизнес саласындағы әлемдік идеяны қазақша ұсыну арқылы контент жетпеу сынды әлеуметтік мәселені шешкіміз келеді. Жыл соңына дейін қазақша 80 конспект дайындауды көздеп отырмыз«, – дейді жоба жетекшісі.

Айтуынша, кітаптың бір қысқа нұсқасын дайындауға 25 мың теңге кетеді. Егер 2 млн теңгедей жиналса, жыл соңына дейін қазақша конспект- кітаптың саны 100-ге жетпек.

«Осы мақсатты жүзеге асыру үшін краудфандинг іске қосқан едік. Бізге қол ұшын созған кез келген қайырымды жанға алғысымыз шексіз», – дейді Ербол мырза.

Қазақша кітаптың, қазақша контенттің көбейгенін қалаған қайырымды жандар мына сілтемеге өтіп, қайырымдылық жасасаңыздар болады.

Ұқсас мақалалар

Back to top button