Мәдениет

«Сенен ұят болды»: Гагариннің ғарышқа ұшар алдында жарына жазған хаты

Адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа көтерілгенін бәріміз білеміз. «Восток» кемесімен Жер орбитасын 108 минут айналып, аман-есен жер-айлаққа оралады.

Гагарин табиғатынан өте батыл, байсалды, ұшуға құмар, өзіне сенімді адам болған деседі. Бірақ адамзат тарихында төңкеріспен тең, алды-арты беймәлім қадамға барғалы тұрғанда, батыл жанның қай-қайсысы болмасын, жүрегіне үрей ұялары айтпаса да түсінікті. Содан беймағлұм әлемге аяқ баспас бұрын 10 сәуір күні Гагарин аяулы жары мен қос қызына хат жазып кеткен екен.

Гагарин ғарышқа ұшарда небары 27 жастағы жап-жас жігіт болатын. Әйелінің есімі – Валентина. Бір-біріне өмір бойы адал боп өткен жандар. Юрий ғарышқа ұшарда қызы Галина екіде, кішісі Елена бір айлық болатын.

Аяқ астынан мемлекеттік тапсырма алып, бүгін-ертең ұшуға дайындалып, апақ-сапақта жүрген Гагарин бір сәт тоқтап жарына хат жазса керек. Ал Гагариннің ата-анасы да, жары да бұдан бейхабар болатын.  

«Сәлеметсіңдер ме, қымбаттым, аяулы жарым Валентина, Леночка және Галочка!

Бүгін міне, менің бағыма қонған бақытым мен қуанышымды өздеріңмен бөлісейін, жеткізейін деп, шағын ғана хат жазайын деп шештім. Бүгін үкіметтік комиссия мені ғарышқа жібереміз деп шешім шығарды. Алғаш рет.

Білесің бе, қымбатты Валюша, мен бұған қатты қуандым әрі сендердің де менімен бірге қуанғандарыңды қалаймын. Осындай үлкен мемлекеттік тапсырманы – ғарышқа алғаш болып жол салу міндетін  мына маған – қарапайым ғана жанның мойнынан жүктеді.

Бұдан артық бақыт бар ма? Бұл деген – тарих қой. Жаңа дәуір ғой! Бір күннен кейін ғарышқа ұшам. Сендер әлі ештеңе білмейсіңдер. Беймарал тіршілік кешіп, өз жұмыстарыңмен өздерің әуре боп жүрерсіңдер бәлкім ол сәтте. Маған өте үлкен міндет жүктелді. Міндетіме кіріспес бұрын сендердің жандарыңда болғаным, шүйіркелесіп, ақ-жарқын көңіл-күй кешкенім дұрыс еді. Бірақ қолдан келер шара бар ма, сендер алыстасыңдар. Десе де жанұям менің жүрегімде, жанымда.

Техникаға толықтай сенемін. Жолда қалдырмайды. Бірақ апат айтып келмейді. Адам да аяқ астынан сүрініп, бір жерін сындырып алуы мүмкін. Бұл да сол сияқты. Бірақ өз басым бұған сенбеймін. Жаман ойға жанымды бергім келмейді.

Сонда да алда-жалда жамандық боп кетсе, Валюша, ең алдымен, салың суға кетіп, қайғыға берілмеуіңді қалаймын. Өмірдің аты өмір ғой, ешкім де ертеңіне кепілдік бермейді.

Саған ешқандай міндет артпаймын. Артуға да қақым жоқ.

Мынау өзі біртүрлі қайғылы хат боп кетті ғой. Тоқтатайын. Мұның бәріне өз басым сенбеймін. Әрі бұл хатты сен де ешқашан көрмессің деген сенімдемін. Бұлай әлсіздігімді көрсеткенім не тәйірі. Ұят қой. Бірақ сонда да әлдеқалай боп кетсем, бәрін біле жүріңдер.

Мен осы күнге дейін адал өмір сүрдім. Елге пайдам тисін деумен жүрмін. Бірақ жұртқа тиген пайдам аз. Бала кезімде оқыған В.Чкалованың сөзі есімде қалыпты. «Егер болғың келсе, бірінші бол» деп жазыпты. Мен де бірінші болғым келеді. Өмірімнің соңына дейін.

Валечка, алғаш ғарышқа ұшуымды Ұлы Отаныма, біздің ғылымға, коммунизм қоғамына арнадым.

Айналдырған екі-үш күнде қайтып оралып, жанұямда боламын деген сенімдемін.

Валечка, саған шағын өтінішім бар. Менің ата-анамды ұмытпашы. Қолдан келгенше көмектесіп тұр. Менен дұғай-дұғай сәлем. Сендерге күні бұрын бәрін айтпағаныма өкпелемеңдер. Ата-анам да мені кешірсін. Жарайды жақсы, осымен болған сияқтымын.

Қош бол, туғандарым!

Құшағыма қысып құшақтадым, беттеріңнен сүйдім.

Сендердің әкелерің және Юра

10.04.1961»

Бір қызығы бұл хатты Юрий Гагариннің әйелі – Валентина сол жылы емес, 7 жылдан кейін, 1968 жылы 27 наурызда алған. Яғни, Гагарин  аяқ астынан қайтыс болған күні.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button