TOП 5: Демалыста көруге болатын қазақстандық фильмдер
Сарапшылар «елімізде киноиндустрия әлі қанатын кеңге жая алмай отыр» деген пікірді көп айтады. Бұған себеп – халық саны мен кинотеатрлардың аздығы. Жекелеген кинокомпаниялардың өз қаржысына түсірген кинолары да саусақпен санарлық.
Дегенмен, қазақ режиссерлері жыл сайын көрерменге үздік картиналарын ұсынып келеді.
«Qadam.asia» қазақстандық фильмдерді іріктеп, демалыста көруге болатын TOП-5 картинаны ұсынып отыр.
- «Көзімнің қарасы» (1994) – реж.: Сатыбалды Нарымбетов
Бұл фильм сізді ойландыратынына сенімдіміз.
Картина бала кезінде отбасы қиындықтарын бастан кешкен жас аккордеоншының өмірін арқау етеді. Фильмнің бас кейіпкері баланың өзі емес, жанын жаралаған сезімдері деп айтуға да болады. Өмірдің қатал шындығымен бетпе-бет келген ол тұңғыш рет қасірет пен қайғыны, адамдардың болмысын, алғашқы махаббатты сезінеді.
Оқиға Түркістан облысындағы соғыстан кейінгі кен орындары орналасқан ауылда өтеді. Енді есін жиып келе жатқан халық әлі де еңсесін көтермеген. Оның әкесі аш-жалаңаш жапон әскери тұтқындарын үйіне шақырып, тамақтандырғаны үшін екі жылға сотталып кетеді.
Ержетіп келе жатқан балаға бұл ауыр соққы болады. Енді ол бұрынғы ақкөңіл баладан гөрі, төбелесқұмар сотқарға айналады. Бірақ, оның бүкіл ауылдастарынан бір артықшылығы бар. Ол аккордеонда керемет ойнай алатын еді…
- «Сталинге сыйлық» (2008) – реж.: Рүстем Әбдіраш
1949 жылы Сталиннің жетпіс жасы атап өтіледі. «Ұлы көсемнің» мерейтойына бүкіл одақтас елдердің балалары сыйлық арнап жатады. Ең үздік сыйлық Сталиннің туған күнінде анықталады.
Соғыстан кейінгі жылдары еврей тұтқындары қазақ даласына жер аударылады. Жетім қалған Саша да атасымен бірге Қазақстанға жер аударылғандардың қатарында. Бірақ, жолда атасы қайтыс болып, оны теміржолда істейтін Қасым есімді қария асырап алады.
Қасым ақсақалдың әйелі мен балалары отызыншы жылдардағы аштықта қайтыс болған. Өзі соғыс ардагері. Қария Сашаға Сабыр деген есім қояды. Сабыр ата-анасының қайтыс болғанын білмейді, тірі деп ойлайды. Қазақ даласының меңіреу жазығында орналасқан бұлардың ауылында жер аударылғандар көп еді.
Бірде Сабыр газеттен Сталиннің мерейтойы туралы мақаланы көреді. Одақтас елдердің барлық балалары секілді ол да «Ұлы көсемнің» туған күніне сыйлық бергісі келеді. Егер өзінің сүйікті қозысын сыйласа, ата-анасын қайтаруға көмектеседі деп санайды.
Бірақ, ол кезде Сталинге «ең үздік сыйлық» әзірленіп қойған болатын. Бұл сыйлық – 1949 жылы 29 тамызда Сабыр, Қасым ақсақал және өзге де фильм кейіпкерлері өмір сүретін ауылдың жанында өткен алғашқы кеңестік атом бомбасының сынағы еді…
- «Тюльпан» (2008) – реж.: Сергей Дворцевой
Қазақстан атынан Оскар сыйлығына қатысқан «Тюльпан» картинасы Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алған.
Фильм Бетпақдалада 4 жыл бойы түсіріліпті.
Теңізде әскери борышын өтеген Асхат Бетпақдалада тұратын әпкесінің үйіне келеді. Ол ендігі әпкесі Самал мен жездесі Оңдастың үйінде, солардың үш баласына қосылып тұрып жатады.
Шопан атанып жеке үй алу үшін оған үйлену керек. Бірақ та, бұл төңіректе Тюльпан есімді қыздан басқа бірде-бір бойжеткен жоқ.
Ал, Тюльпан Асхатқа күйеуге шығудан бас тартады. Жездесімен бірге қыздың әке-шешесінің асты-үстіне қанша түссе де, олар қыздарын бергісі келмейді. Ақыр соңында бәрінен көңілі қалған Асхат досының айтқанына көніп, қалаға кетпек болады…
Бұл фильм Асхаттың әпкесін сомдаған Самал Есләмованың режиссер С. Дворцевоймен бірлескен алғашқы жобасы болатын. Сергей Дворцевойдың кезекті фильмі «Айкадағы» рөлі үшін Самал Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» сыйлығына қол жеткізеді.
- «Анаға апарар жол» (2016) – Ақан Сатаев
Фильмде қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдері қамтылған. Картинада ұжымдастыру, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі Қазақстанның қиын кезеңдері сипатталады.
«Анаға апарар жол» картинасының негізгі сюжеті – ана мен бала махаббатының қуаты. Тағдырдың тәлкегіне түскен Ілияс Отанынан жырақтайды. Ол шетелде жүріп балалар үйінде тәрбиеленеді, сұрапыл соғысқа қатысады. Соғыстан оралғанда тұтқынға түсіп, лагерьге айдалады. Осынау ауыртпалықтарды еңсеруге оған еліне оралып, анасымен қауышу мақсаты күш береді.
Кинофильм Қазақстанда, Әзірбайжанда, Ресейде, Белорусияда түсірілген. Түсірілім жұмыстарына бас аяғы 2000 адам қатысып, 300 әскери техника тартылған.
- «Тұлғалық өсу тренингі» (2018) – реж.: Фархат Шарипов
Фильм сюжеті қарапайым банк қызметкері Қанаттың жан дүниесіндегі дағдарысқа құрылған.
Қырыққа кеп қалған ол армандауды ұмытқан адам. Тіпті, өмірінде ешқандай мағына қалмаған. Бірақ, бәрі жолы болғыш Даниктің пайда болуымен өзгереді…
Даник мемлекеттік қызметте де, бизнесте де өзін сынап көрген адам. Қанат екеуі студент кездегі ескі таныстар. Ендігі жерде ескі достардың бас қосулары жиілей бастайды. Әртүрлі тренингтерге қатысып жүретін Қанаттың бойында өзіне деген сенімділік пайда болған. Әйтсе де, күн өткен сайын ол досының бойындағы азғындықты байқайды.
Қазақстанның қазіргі келбетін бейнелейтін бұл әлеуметтік драма қоғамдық өмірдің қалтарыс-бұлтарысын тереңнен зерттеген. Фильм сюжеті сіз бен біздің өмірімізге ұқсайды. Сондықтан, көрген сәттен экзистенциалды сезім кештіреді, кейіпкерлердің тағдырына еріксіз алаңдаушылық тудырады.
Фархат Шариповтың бұл картинасы халықаралық Мәскеу кинофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алған.