Мәдениет

Жер астынан қалалар салған халық

Жарты ғасыр бұрын Тунистің төбешіктерінің астында үлкен қалалар мен ауылдар барын ешкім білмейтін еді. 1967 жылы ғана тұрғындар өз құпияларын ашқан. Алайда, қазір Джебель-Дахардағы «Жұлдыздар соғысы» блокбастерінің түсірілімінен соң жерасты үйлері біртіндеп жоғалып барады.

Берберлер Джебель-Дахар төбелерінің астынан үй салуды мың жыл бұрын бастаған. Алдымен, тереңдігі, шамамен, 7 метрдей болатын шұңқыр қазылды. Содан соң жұмсақ құмтаспен қаланған үңгірлер жүйесі пайда болды. Жер асты тұрғындары үңгірлерін жер үстіндегі үйлердей жатын бөлме, қонақ бөлме, ас бөлмеге бөліп жасаған. Бөлмелерді ұзын дәліздер байланыстырады. Кейбір үйлердің бөлмелері әртүрлі деңгейде орналасуы мүмкін. Мұндай жағдайда бір бөлмеден келесі бөлмеге өту үшін олар арқандаулы жіпті пайдаланады.

Аңыздарға сенсек, алғашқы жерасты үйлері жаулардан қорғану үшін салынған деседі. Бірақ нақты себебі тек бас сауғалау үшін болмаса керек. Жерасты үңгірлерінде өмір сүру жергілікті климатқа байланысты өте қолайлы екені анық. Жазда Джебель-Дахардағы ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріледі, ал қыста нөлден төмен болады. Сондықтан, берберлердің қолдан жасаған үңгірлерінде ыстықтан қорғанып, суыққа шыдап, алаңсыз өмір сүруге болады.

Шексіз шөл далада салынған Матмата қаласы мыңдаған үңгірлерден тұрады. Мұнда жергілікті емес біреу келсе қазылған лабиринттердің ішінен адасып та кетер еді. Матмата бірнеше жүз жыл бойы Джебель-Дахардағы ең үлкен жерасты қаласы боп саналған еді. 1967 жылы сұрапыл нөсер құйып, қолдан жасалған үңгірлерді шайып кетеді. Баспаналарынан айырылған берберлер Тунис басшылығынан көмек сұрауға мәжбүр болады.

Қазіргі таңда жерасты қалаларының танымалдылығы жойылып барады. Өйткені, мемлекет тұрғындарға арнап жер үстінен заманауи ғимараттары бар ауылдар тұрғызуда. Жастардың көпшілігі жаңа үйлеріне қоныстанып, кондиционері, кір машинасы, интернеті бар ХХІ ғасырдың ыңғайлылығын да сезініп үлгерген.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button