Алғашқы программист әйел кім?
Ада Ловелас – өз заманының көрнекті математигі. Сонымен бірге тарихқа “программамалау анасы” және “алғашқы машина алгоритмінің” авторы ретінде енген әйел.
Бұл әлемге программист Август Ада Байрон деген атпен келді. Ол – әлемге әйгілі ағылшын ақыны Лорд Джордж Байрон және математикаға бейім Изабелла Ноэль-Байронның жалғыз заңды қызы. Екеуі де дарынды және білімді ақсүйек өкілдері. Бірақ бұл неке сәтсіз болды. Ада Ловелас туылғаннан кейін ата-анасы бірден ажырасып, сәби анасымен қалады.
Әкесіне ұқсап ақып болып кете ме деген қорқыныштан анасы Изабелла қызына ғылым жолында білім беруге тырысты. Ол кезде математика және жаратылыстану ғылымдары қыздарға оқытылмаған. Ешкім жас қызды мойындамады.. Бұл Ада Ловеласқа кедергі болмады. Керісінше математика саласын одан әрі зерттеуге деген талпынысын күшейтті.
Бойжеткен шамамен 17 жасында өнертапқыш Чарльз Баббиджмен кездеседі. Содан олар жылдар бойы математика мен есептерді талдайды. Ол кейіннен Аданың тәлімгері атанады. Баббидждің арқасында қыз Лондон университеті профессорларының бірінен математиканы терең оқи бастайды. Сөйтіп әлемдегі ең ақылды әйелдердің бірі атанады. Осы кезеңде Чарльз математикалық есептеуді жүргізуге арналған машинаны жасау жолында жұмыс жасайды. Ада жұмыс аяқталғанға дейін құрылғыны толық қарауға мүмкіндік алады. Осы жолда ол тәлімгерін таң қалдырды. Осыдан ол есептеу тұжырымдамаларын зерттеу әлеміне енеді. Тіпті ол отбасы үшін ғылыммен айналысуды тоқтатуға мәжбүр болған кезде де Баббиджбен байланысын жоғалтпады.
Ада ұстаздан озған шәкірт атанды. Ловелес біреудің жары әрі үш баланың анасы болса да өзінің сүйікті ісін тастағысы келмеді. 1842 жылы ол ғылымға үлес қосу мүмкіндігіне ие болды. Чарльз «Турин» университетінде аналитикалық машинаны ойлап табу туралы дәріс оқыды. Ал оның әріптесі, математик Луиджи Менабреа сабақты француз тілінде дәріс береді. Ада француз тілін де, математиканы да жақсы білетін. Солай тәлімгері қызға осы дәріс мәтінін ағылшын тіліне аударуды тапсырады.
Ол мәтінді жай аударып қана қоймай, ғалымдарды таң қалдырған идеялары мен түсініктемелерімен толықтырады. Нәтижесінде оның мақаласы бастапқыда аударылуы керек мәтіннен үш есе ұзақ болады. Ловеластың толықтыруларынан оның аналитикалық машинаны Баббидждің өзі сияқты жақсы түсінгені белгілі болады. Ловелестің ұстазы оның есеп машинасының дамуына үлес қосуына әсер етті. Сондықтан ол «сандардың сиқыршысы» атанды. Егер Ловелас компьютерлік бағдарламаны жазбаған болса, оны басқа біреу жасар еді. Бірақ кез келген жаңалықтың өз оқиғасы бар.
Бүгінгі таңда «Lovelace» бағдарламасы практикалық қолданыста болмаса да XIX ғасыр үшін бұл керемет жетістік болды. Еңбегін замандастары жоғары бағалады. Тіпті атақты ғалымдардың шеңберіне кірді.
Ловелас болашақта компьютерлер тек сандармен жұмыс істеу үшін ғана емес, бұдан да маңызды дүние жасау үшін қажет болады деп болжады. Мысалы, музыка жазу немесе ғылыми деректерді өңдеу үшін қолданылады. Ол шынымен компьютер дәуірінің патшайымы және машиналардың мүмкіндігін теория түрінде көрсеткен алғашқы адам болды. Содан бері ол IT саласындағы көрнекті әйелдердің бірі.
Гүлнар Тайжан