Технология

Instagram камерасы бізді қалай бақылайды?

Жылдың басында WhatsApp мессенджері Facebook-ке пайдаланушылар туралы мәліметтерді беретінін жариялап басы дауға қалған еді. Бұл адамдар арасында хабарламалардың құпиялылығы сақталмайды деген қауіп тудырды.

Осыдан кейін арада үш апта өтпей WhatsApp 30 миллионнан астам пайдаланушысынан айырылған. Барлығымыз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатын болғандық, «бізді әлдекім бақылай ма» деген сұрақ туындайды.

Расында, біздің жеке басымызға қатысты мағлұматтар құпиялылығын сақтай ма? Әлеуметтік желілер арқылы бізді бақылай ма?

Сарапшылардың сөзіне сенсек бақылайтынға ұқсайды.

«Telecom daily» ақпараттық-талдау агенттігінің директоры Денис Кусков Instagram камерасы арқылы қолданушыларды қалай бақылап отырғанын және одан қалай сақтануға болатынын айтып дабыл қақты.

Әдетте, смартфондағы камера мен микрофонды қосу үшін құрылғының иесі әрекет етуі керек. Яғни, смартфондағы камера мен микрофон өздігінен қосылмайды деп ойлаймыз. Бірақ, олай болмай шықты.

«Өкінішке қарай, Instagram-да немесе басқа да әлеуметтік желілерде отырып чатты пайдалану кезінде яки жаңалықтар лентасын қарағанда камера немесе микрофон пайдаланушының қалауына қарамастан қосулы болған жағдайлар көптеп ұшырасады» – дейді Денис Кусков.

Мұндай заң бұзушылық байқалған барлық компаниялар, бұл кездейсоқ жағдай екенін, негізі бұлау болмауы керек екенін айтады. Әрине, олар мойындағысы келмейді. Себебі, пайдаланушыларынан айырылып, банкрот болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Кусков: «Сіз ұялы телефон пайдалану арқылы өзіңіз туралы барлық мағлұмат белгілі болатын адамға айналатыныңызды түсінуіңіз керек. Мәселен, гео-деректерді пайдаланып сізге қатысты транзакциялар, саяхаттар, орналасқан жеріңіз ешқандай қиындықсыз қолға түсіріледі», – дейді.

Камера мен микрофонды да қосуға болады екен. Сондықтан, келіссөздер жүргізген кезде немесе құпияны сақтау қажет болған жағдайда смартфонды толығымен өшіріп тастаған жөн. Тіпті болмаса, камера мен микрофон арқылы бір нәрсені көруге, бақылауға және естуге мүмкіндік болмайтындай етіп орналастырыңыз.

«Telecom daily» ақпараттық-талдау агенттігінің директоры Денис Кусков Instagram камерасы арқылы бақылауда екенімізді айтып, сақтыққа ерекше назар аударуымыз керек екенін ескертеді.

«Смартфон экранының бетіне шыққан нұсқауларды орындаңыз, қандай да бір құрылғы қосулы екендігі туралы хабарламаларды қадағалаңыз. Егер мұндай жағдайлар анықталса, оған міндетті түрде назар аударыңыз», – деп сақтыққа шақырады ол.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button