Siri мен Алиса қазақша сөйлеуі мүмкін
Өткен жылдың қыркүйек айында Назарбаев Университеті өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Осыған орайластырып, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) қазақ тілін тану жобасын іске қосқан. Бұл жоба ірі компанияларды, ғылыми орталықтар мен университеттерді қызықтырды. Солардың ішінде Google Inc., Yandex, Kaspi.kz, Beeline, BTS Digital, Satpayev University, Suleyman Demirel University, ҚБТУ, Мәскеу физика–техникалық институты, Swarthmore College, University of Taiwan, Politecnico di Torino, Beijing Language and Culture University, Xinjiang University, University of Edinburgh, т.б. бар.
Жобаны әзірлеушілер командасының айтуынша, бұл жобаның көмегімен қазақ тілі жаһандық цифрлық кеңістікке енеді. Ғалымдар қазақ тіліндегі ең үлкен дауыстық деректер базасын – «Қазақ сөйленімінің корпусын» жинақтаған. Ол екі мыңнан астам адамның 330 сағаттық дауыс жазбасынан тұрады.
Жобаға қатысушыларды дұрыс бөлуге көп уақыт пен күш жұмсалған. Әр түрлі диалектілері бар елдің барлық аймақтарынан мүмкіндігінше көп адам тартуға тырысқан. Сондықтан жүйе әртүрлі екпіндер мен сөйлеу нұсқаларына жақсы бейімделеді. Қатысушыларды гендерлік және жас ерекшеліктеріне қарай бөліп қарастыру да маңызды саналған.
ISSAI ғалымдарының осы жобасының арқасында Siri, Алиса секілді виртуалды көмекшілер болашақта қазақ тілін тани алады.
ISSAI сайтында бағдарламаның демо-нұсқасы бар. Онда кез-келген адам қазақша кез келген сөз айта алады және экранда айтылған сөздердің қалай көрінетінін көре алады.
Жобаны құрастырушылар Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) ғалымдары: Ерболат Хасанов, Саида Мусаходжаева, Алмас Мырзахметов, Ален Адиев, Мухамет Нурпеисов, Атакан Варол.